Бас прокуратураның статистикалық көрсеткіштеріне сүйенсек, кәмелетке жетпегендерді зорлау фактісі жыл басынан бері 92 рет тіркелген, бұл былтырғымен салыстырғанда 26-ға көп. Ал 18-ге толмағандарға жыныстық сипаттағы күш көрсету әрекеттері өткен жылы маусымға дейін 54 рет тіркелсе, осы жылы бұл көрсеткіш 34-ке артық.
Биыл 2 сәуірде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұйымдардың қызметімен байланысты мәселелер бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Бұл заң арқылы Қылмыстық, Қылмыстық-процестік, Азаматтық іс жүргізу, Әкімшілік құқық бұзушылық, Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі, Неке және отбасы туралы кодекстерге өзгерістер енгізілген. Кәмелетке толмағандарға жыныстық зорлық көрсеткендерге бұдан былай 12 жыл емес, 17 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады. Бұған қоса бұл баппен сотталғандар жазасын өтеп шыққаннан кейін де педагогикалық немесе қандай да бір балалар мен жасөспірімдерге қатысты мекемелерге өмір бойы жұмысқа тұра алмайды. Ал қоғамға қозғау салатын бір өзгеріс әкімшілік жазаға енгізілген толықтыруда болып тұр. Балаларға қатысты кез келген заң бұзушылықты құзырлы органдарға жеткізбей, жасырған білім, әлеумет, медицина қызметкерлері әкімшілік жауапкершілікке тартылмақ. Дегенмен, жазаның күшейтілуі немесе жауапкершіліктің арттырылуы баланы қорқынышты қауіптен қаншалықты қорғайды, мәселе сонда.
Құзырлы орган өкілдері де жауапқа тартылуы тиіс
Жақында ғана Бала құқықтары жөніндегі уәкіл қызметіне тағайындалған Аружан Саин жоғарыда аталған үш саланың қызметкерлері ғана емес, балаларға қатысты орын алған қандай да бір қылмысқа қатысты іс қозғамаған, бүркемелеуге тырысқан құзырлы орган өкілдері де жауапқа тартылуы тиіс деп есептейді. Өйткені шалғай аудандар мен ауылдарда полиция әйтеуір біреудің танысы, яки туысы болып шығады немесе қылмыскермен ауыз жаласады. Ал баланың құқығы таптала береді. «Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында 25 сәуірдегі Мемлекет басшысымен кездесуімде кәмелетке толмағандарға қарсы жасалған кез келген, әсіресе сексуалды қылмыстардың аудандық ішкі істер бөлімі емес, Ішкі істер департаменті деңгейінде, облыстық прокуратураның қатысуымен қаралуын ұсындым. Осы сәтті пайдаланып Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевке алғыс айтқым келеді. Ол биылғы сәуір айының басында балалармен жұмыс істейтін барлық сала мамандарымен, бүкіл аудан әкімдері және құқық қорғау қызметкерлерімен қоса жиналыс өткізді. Сол кездегі баяндамамда жауапкершілік туралы мәселе көтердім. Абай ауылында болған жағдайды жасырды, соны мысалға келтірдім», дейді ол. «Оны мойнына алғандар қайда? Іс қозғамаған полицейге кім жауапты?» деген А.Саинның салмақты сауалына Түркістан облысының әкімі шенеуніктер мен құқық қорғау органдарынан бастап балаларға жасалған қылмысты жасырғандардың барлығын жазаға тартуды қатаң қадағалайтынын шегелеп айтқан. Сонан соң болған Сарыағаштағы сұмдық оқиғада балаларды сабаған өгей шеше сотталды. Сондай-ақ аудан әкімінің орынбасары, мектеп директоры тәртіптік жазаға тартылыпты.
«Осыдан мәселенің екінші жағы туындап тұр. Аталған облыста 18-ге жетпегендер арасындағы қылмыс екі есеге өскен. Неге? Себебі бала ересектердің қылмыскерді қолдайтынын көріп отыр. Немересі қысым көргенін әжесіне айтады, ал үйіндегілер баланың алдайтынын алға тартып, қылмыскерді қорғайды. Біз балалардың құқығын таптаумен ғана шектелмей, оларды қылмысқа итермелеп жүрміз», дейді Бала құқықтары жөніндегі уәкіл. Өйткені оның ойынша, әлсіз топ қорғауға мұқтаж, өмірлік тәжірибесі жоқ, содан барып «Мен ренжісем, мені емес, маған зиян келтірген адамға жақтасады. Егер мен жаман болсам, сонда ғана маған болысады» деген өзіндік ой түйеді. Міне, жасөспірімдер арасындағы қылмыс осыдан өршіп барады.
Мемлекеттік жүйедегі қателік
Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросы директорының орынбасары Роза Ақылбекова балалар құқығының жиі бұзылу себебін мемлекеттік жүйеден іздейді. Оның айтуынша, бізде шын мәнінде әрекет ететін, нәтижеге жұмыс істейтін және баланың құқығын жүйелі түрде қорғайтын уәкілетті орган жоқ. «Комитет бар ғой дейсіз бе? Ол 2006 жылы Білім және ғылым министрлігінің жанынан құрылды. Осының өзі мемлекеттік жүйедегі қателік болатын. Балалардың құқығын қорғау комитеті бола тұра оларды неге қорғай алмай келеміз? Себебі оның құзыреті бір ведомствоның қарамағында болып тұр. Ал ол негізінен Үкіметке немесе тіпті Мемлекет басшысына тікелей бағынатын мекеме болуы керек еді», дейді осы салада 16 жылдан аса еңбек етіп келе жатқан маман. Сарапшының пайымдауынша, бұл – тек бірінші қателік. Мемлекеттік жүйеден кеткен екінші ағаттық – комитеттің барлық өңірінде жұмыс істеп тұрған 16 департаментінің таратылуы. 2014 жылы елдегі дағдарысқа сәйкес Білім және ғылым министрлігіне қарасты ұйымдардың департаменттері қысқартылған еді. Енді соның зардабын тартып отырғандаймыз. «Егер зерттеп қарасаңыздар, департаменттер жабылғаннан бастап нашар практика орын алып келеді. Халық көп шоғырланған, туу көрсеткіші жоғары облыстарда балаларға зорлық-зомбылық көрсету фактісі толастамай тұр. Шымкенттегі жағдай – соның айғағы», дейді Р.Ақылбекова.
Қайтпек керек?
Осы мақаланы жазу барысында шағын журналистік зерттеу жүргізуге тырыстық. Көп қабатты үйлердің арасындағы балабақшаны төңіректедік. Бір ана мектепке дейінгі ұйым ауласынан шыға бергенде баласына әлгі жерде күте тұруын ескертіп, өзі дүкенге кіріп кетті. Сол сәтті пайдаланып, балдырғанды сөзге тарттық. «Сен кішкентай күшіктерді жақсы көресің бе?» деген сұраққа елпілдеп басын изеді. Тіпті ақ түсі ерекше ұнайтынын айтып салды. Сонда оған: «Анау көліктегі аппақ күшікті көргің келе ме?», деп ұсыныс білдірдім. Ол қуана кетті. Аз ғана ойланып тұрды да, қолымнан ұстап жетектегенге ерді. Дүкеннен шыққан шешесі бізбен келіскендей, өз баласына жасалған сынақты көзімен көрді. Анығында ананың алаңдаушылығы артты. Ал бізді уайымдататыны – дәл сондай ананың жалғыз еместігі. Қайтпек керек?
Балалар мен отбасылық қиындықтар кезінде тәулік бойы демалыссыз жұмыс істейтін 111 жедел қызметінің мамандарымен, отбасылық психологпен байланыстық және шетелдік сарапшылардың кеңесіне жүгіндік. Сонда олардың бәрі бір ортақ ойға келісті: барлық нәрсе отбасынан басталады. Украиндық психолог Наталья Ходоленконың пікірінше, көбіне зорлық-зомбылықтың, әсіресе осы тақырып төңірегіндегі жыныстық қорлықтың құрбаны болатын балалар – үйде «Ересектердің айтқаны заң, тек солар ғана дұрыс ойлайды. Үлкендер кішкентайларды басқарады, олардың дегеніне көнуіміз керек. Солардың ғана сөзі жүреді, келіспесем мен кінәлі болып шығамын» деген көзқараспен тәрбиеленетіндер. Сондықтан мұндай балалар бөтен ересектің бұйрығына немесе арбауына тез түседі, өйткені оның өзіндік ойы қалыптаспаған, проблемадан өз бетінше шыға алмайды.
Бірақ жоғарыда осы ойды жазуға себепкер болған үш жарым жасар кейіпкер нені біледі дерсіз? Иә, нені білуі керек еді? Н.Ходоленко троллейбуста жағымсыз қадамға бара бастаған әлдекімнің әрекетінен кейін бар даусымен ән айтқан бала күнгі құрбысын мысалға келтіріп, бейтаныс адамның тиіскеніне үн шығармайтын балаларды ең болмаса айғайлап, көмек шақыруға үйрету керегін айтады. Бірақ бұл пікірмен 111-лік балалар психологы Ая келіспейді. Оның ойынша, бұл баланы сенімнен айырып, үнемі үрей құшағында жүруге мәжбүрлейді. «Балаға күн сайын өзіне әлдекім жақындағанда айғайлауды үйретсек, онда ол әр нәрседен секем алып жүретін болады. Бұл – балаға зиян», дейді жедел қызметтің өкілі. Ал «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы, психолог Сымбат Әбдірахманова шетелдік әріптесін керісінше қолдайды: «Таразының екі жағына баланың үрейі мен қауіпсіздігін қояйық. Қайсысы біз үшін маңызды? Мен де үш бала тәрбиелеп отырған анамын, баланың өміріне ең алдымен біз – ата-аналар жауапты екенімізді ұмытпағанымыз абзал. Әрі ана, әрі психолог ретінде бүлдіршінді жас ерекшелігіне қарай қауіптің алдын алуға, кез келген қиындықтан шығуға, қажет нөмірлерді жедел теруге үйретуіміз керек», дейді. Расында, 13 жасар жасөспіріммен ашық әңгімелесіп, сырласы екенін сезіндіруге, ал 3-тен асқан балаусаға конфетті үйдегі адамдардан ғана алуға дағдыландырсақ болады.
Ал қандай да бір қиянат көргендер, нақтырақ айтсақ, жыныстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болғанын өзі білмейтіндер немесе айтуға қорқатындарды ата-аналары мен жақындары, мұғалімдері қалай білуге болады? Психологтардың пайымдауынша, олар күрт тұйықталып кетеді, ересектер ұсынған қандай да бір заттарды жек көрініш сезімімен лақтырады, мінез-құлқында ауытқулар болады, тәбеті тым нашарлап немесе қатты ашылып кетеді, қорқынышты түс көреді, ұйықтай алмайды, жақындағаннан жиіркене бастайды. Күдігіңіз сейілмесе, сурет салғызып көріңіз. Егер бала ағаштың қуысын бейнелесе және күлгін түсті көп қолданса, онда шұғыл шешімдерге баруға тура келетін көрінеді.
Болашақты сақтау бүгіннен басталады
Соңғы бес жылда, яғни 2013-2018 жылдар аралығында 4740 бала азғындардың құрбанына айналған. Оған бұрынғы һәм таусылмай тұрған биылғы фактілерді қосқан жоқпыз. Бұл іс оңалмаса, қоғамдық дағдарыс ендігі аз күнде ұлттық проблемаға айнала ма деп қорқасың. Бірақ мұнан да әріге тереңдесең, ертеңге елеңдейсің: бүгін зәбір көріп өскен буын келешекте қандай қоғам қалыптастырады? Көңілді күпті ететіні де, жаныңды жегідей жейтіні де, тым толғандыратыны да – осы ой.