• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 30 Шілде, 2019

Қостанайда Тұңғыш Президент даңғылы болады

204 рет
көрсетілді

Қостанайда көше атауына байланысты қоғамдық тыңдау өтті. Онда әдеттегідей бұра тарту, талас-тартыс болған жоқ

Шығып сөйлеген оншақты кісінің барлығы да Нұрсұлтан Назарбаевтың елге, мемлекетке сіңірген еңбегіне тоқталды. Қостанай қаласының орталығындағы Гагарин даңғылына Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беру туралы бастаманы сол көшеде орналасқан Автомобиль көлігі колледжі көтерген болатын. Оны Гагарин даңғылында тұрған «СарыарқаАвтоПром» ЖШС де қолдады. Қоғамдық тыңдауға келген қалалықтардың барлығы да бұл бастаманы дұрыс шешім деп қабылдады.

Бұрын қала кішігірім кезінде Колхоз көшесі Қостанайдың шетінде екен. Ғарышқа тұңғыш адам ұшқанда қостанайлықтар осы көшеге Юрий Гагариннің есімін береді. Содан қала өсті, қаламен бірге көше де ұзарып, гүлденеді.Оның бойында көп қабатты үйлер көбейіп, шағын аудандар пайда болды. Енді ұзын, көрікті  даңғыл тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін алатын болады. Бұл даңғыл арқылы қостанайлықтар мен қала қонақтарын қаланың солтүстік батыс жағына орнап жатқан ірі тұрғын ауданына, өндірістік аймағына апарады. Қостанайға келген сапарларында Нұрсұлтан Әбішұлы да талай рет бұл даңғылмен «АгромашХолдинг» және «СарыарқаАвтоПром» машина құрастыру зауыттарына барған болатын.

Көпшіліктің қалауымен Гагарин есімін енді Гвардия көшесі алатын болды. Оған көше тұрғындары да қарсы болған жоқ. Олар Гагарин атауымен бірге көшенің көркі де, өмірі де өзгереді деген сенімде.

 

Қостанай