Өңірде орналасқан бес түзету мекемесінде өткен ерекше іс шара хакім Абайдың өлеңдерін мәнерлеп оқуға арналды.
Жазасын өтеп жатқан жандар алғаш рет ұлы ақынның жырларын жатқа оқып, өзара сынға түсті. Кеш тау тұлғамыздың 175 жылдығына орай ұйымдастырылды.
Сахнаға бірінші болып көтерілген Данияр Рахымов “Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап” өлеңін нақышына келтіріп оқып берді.
«Бабамыздың қай өлеңін алсақ та мағынасы өте терең. Адамды еріксіз ойландырады. Әсіресе, өмір, қоғам жайлы өлеңдері жаныма ерекше жақын. Азаматтық көзқарасым мүлдем өзгерді. Есірткі сатып, 7 жылға темір торға тоғытылғаныма қатты өкінемін. Жастарға өтінішім, тура жолдан ешқашан адаспаңдар», дейді Данияр.
Басқа да жазасын өтеушілер Абайдың ой-толғауларынан, нақыл сөздерінен үзінділер келтіріп, адамзат баласының ғұмырының қысқалығы, махаббат, достық, жастық шақтың азғантай уақыт ішінде өтіп кететіндігі туралы әдемі мәнермен жеткізе білді. Бірқатары “Жаз”, “Ғылым таппай мақтанба” сынды өлеңдерімен, қара сөздерімен мектеп қабырғасында танысқан екен.
ЕС-164/3 түзету мекемесі бастығының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Рүстем Рахметовтың сөзіне қарағанда, бұрын-соңды өткізілмеген Абай оқуларының тұсаукесері жақсы тағылым қалдырған тәрізді. Мекеме жанында жұмыс істейтін 8 мың кітап қоры бар кітапханада қазақтың танымал ақын-жазушыларының шығармалары аз емес көрінеді.
Солтүстік Қазақстан облысы