Қостанай облысының аудандарында полицейлер жеткіліксіз. Бұл туралы Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі «Полиция департаменті бастығының орынбасары Ардақ Ынтықбаев мәлімдеді» деп хабарлады.
Полиция департаментінде өңірге қарасты полиция басқармалары мен бөлімшелері бастықтары орынбасарларының қатысуымен өткен жиналыста кадр жасақтау мәселесі көтерілді. Полиция полковнигі А.Ынтықбаевтың айтуынша, тәртіп сақшылары қатарын толықтыру үшін атқарылар бірқатар жұмыс күтіп тұр. Жергілікті жерде жастармен кездесулер ұйымдастырылып, ішкі істер органына қызметке орналасу жеңілдіктері қарастырылмақ.
Мысалы, бүгінде кадр тапшылығы Қостанай және Рудный қаласы мен Жітіқара, Сарыкөл аудандарында айқын байқалады.
«Ішкі істер органдарында тек білімді әрі шыныққан шымыр, кәсіби дайындығы мықты азаматтар ғана жұмыс істей алады. Иә, талап тым жоғары, соған қарамастан ынталылар да көп, тек түсіндіру жұмыстары тиісті деңгейде жүрмей жатыр. Әсіресе, ауылды жерлерде. Бүгіндері полиция қызметінің жауапкершілігімен қатар, әлеуметтік мәртебесі және қаржылық жағдайы да жақсарып келеді. Сондай-ақ, органда жұмыс істейтін азаматтарға басқа да жеңілдіктер қарастырылған. Бұл өз Отаны үшін адал қызмет ету мүмкіндігі» деді департамент бастығының орынбасары, полиция полковнигі Ардақ Ынтықбаев.
Мәжілісте, әсіресе, шалғайдағы елді мекендерге маман тарту мәселесі қаралды. Әл-әзір жастардың ауылға барғысы жоқ, дегенмен аудандық полиция бөлімшелері қол қусырып отырмайды. Жоғары оқу орындарында оқитын, әскери борышын өтеп жүрген жастармен тұрақты кездесулер өтіп тұрады. Тіпті, өзге облыстағы жастарға да ұсыныс айтуда. Мәселен, Рудный қалалық Полиция басқармасына жуырда Түркістан облысынан жас маман келмек.
Ардақ Ынтықбаев жастарды тәртіп сақшысы болуға, полция қатарында қызмет етуге шақырды.