«Қазақтың генофонды осыдан 500 жыл бұрын қандай өзгеріске түсті?» деген мәселеге қатысты ғылыми айналымда дерек көп. Бірақ жүйеленбеген. Генетик-мамандар жоңғар шапқыншылығы мен одан арыдағы Шыңғыс ханның шеруінен кейін қазақтың генетикалық портретін өзгертетіндей тарихи жағдайдың болмағанын айтады. Бірақ «Біз неге әртүрліміз?» деген мәселе әлі жұмбақ. Өзбек, түрік, қырғыз, орыс ұлттарының генетикалық портретін өзге ұлттардан бірден ажыратуға болады. Қазақта қысық көз де, бота көз де, аққұба да, сары да, қара торы да бар.
Ғалымдардың бір тобы «біздің әртүрлілігіміз –ерекшелігіміз» дейді
Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев біздің «әртүрлілігіміздің» бірнеше себебі бар екенін айтады. Еуропа мен Азияның арасында географиялық орналасуымыз, арғы-бергі тарихымызда Ұлы дала төсін еркін жайлаған тайпалардың ерсілі-қарсылы қоныс аударып, бір-бірімен сапырылысып жатуы бет-бейнемізге өз таңбасын қалдырыпты. «Жауынгер бабаларымыз солтүстікке, оңтүстікке жасаған толассыз жорықтарынан кейін табаны тиген елдерінің аруларын әйелдікке ала келген. Ол әйелдер ассимиляцияға ұшыраған, бірақ олар халықтың генетикалық портретіне із қалдырған. Бабыр сұлтанның Дели сұлтандығын жаулап алған әйгілі жорығынан кейін Қобыланды батыр үнді әйелімен елге оралған. АҚШ ғалымдары жүргізген зерттеулер аналық тегі бойынша қазақтардың әртүрлі екені, оның 60 пайызы азиялық, ал 30 пайызы еуропалық болғанын айтады. Тағы бір назар аударарлық нәрсе, шетелдік ғалымдар ежелгі ғұндардың өкілдеріне генетикалық зерттеу жүргізгенде, қазіргі қазақтардың бір кездегі ғұндарға ұқсастықтары көп екенін анықтаған», дейді Жаңабек Жақсығалиев.
Қазақ үшінші мыңжылдықты қандай келбетте қарсы алады?
Адамзат тарихында қолдан тәжірибе жасау арқылы генофондын жақсартпаққа талпынған әрекеттердің басым көпшілігі ХХ ғасырда жасалыпты. «Сингапур кереметінің сәулетшісі» Ли Куан Ю әр сала бойынша ең дарынды деген жоғарғы сыныптың ұл-қызын лагерьге жинап, ұлттың генофондын жақсартуға талпынған әрекеті әлемдік қауымдастық тарапынан сынға ұшырады. Америкалық генетик-ғалым Роберт Грекхэмнің зертханасына жиналған 70 пайыз донордың ұрығынан «Нобель» сыйлығының иегерлері шыққан. Мұнан кейін ол жер бетіндегі ең кемеңгер деген ұлы адамдардың шәуетімен данышпан ұрпақ сүйгісі келетін әйелдерді жасанды жолмен ұрықтандыруға кіріскен. Он тоғыз жыл ішінде осындай тәсілмен 200 нәресте дүниеге келіпті. Бірақ олардың бойынан тектіліктің де, данышпандықтың да белгісі байқалмаған. Ісінің нәтиже бермегенінен көңілі қалған ғалым сұлулық пен тектілікті жасанды жолмен қалыптастыруға болмайды деген байламға келген.
«Аралас некеге байланысты алапат тәжірибе кезінде Кеңес одағының аумағында жүзеге асты. Басқа ұлтпен некелескен 60 миллион дүбара, 60 миллион тірі жетім балалар қалғанын, қарым-қабілеті әлсіз ұлттардың өзінен әлдеқайда өктем ұлтқа жұтылып, мидай араласып кеткенін айтсақ та жеткілікті. Бұл – өткен тарихтың талмауыр тұсы», дейді Ж.Жақсығалиев.
Ұлыларға келгенде табиғат демала ма?
Қазақстың классик жазушысы Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділерінде» Абылай ханның серіктерінің бірі Олжабай батыр жантәсілім етіп жатып Абылайға «Жеті ұрпағым жалғыздықпен жалғасады. Жетінші ұрпағымда үзілетін болар» деген сөз бар. Ақынның жетінші ұрпағы, ақиық Олжас Сүлейменовте ат ұстар перзент жоқ. Ақынның азан шақырып қойған есімін бабасының құрметіне Олжабай деп қойғанын, анасы Фатиманың еркелетіп Олжас деп атағанын ақын 2009 жылы бізбен әңгімесінде айтқан болатын. Мұндай мысалдарды оқыған кезде «Ұлыларға келгенде табиғат демалады» деген мистикалық пайымды санаға тоқып қоясың.
Осы ретте, Ж.Жақсығалиев Жаратушыға қанша жалбарынғанымен мырза Құдай тілекті бермесе тектіден де тұқым үзілетіндігін дәлелдейтін деректер жеткілікті екенін айтты. «Пәленшенің ұрпағы жоқ», «Түгеншенің тұқымы осымен бітті» деген сөз қазақтың ең ауыр қасіреті.
«Бұл – жаратылыстың адам санасы жете қоймайтын көп тылсымдарының бірі һәм пенделерге жұмбақ тектілік феноменінің ашылмаған құпиясы. Бір кем дүние. Осы орайда, пайғамбарлық қасиет қонған жанның соңынан ұрпақ ермейді деген аңыз-әпсана бар екені еске түседі. Қазақ мұндайда «тұяғы бүтін тұлпар жоқ, қанаты бүтін сұңқар жоқ» деген. Сайып келгенде, мұның бәрі тектіден ұрпақ қалудың оңай нәрсе емес екенін аңғартады», дейді ғалым ойын әріден сабақтап.
Жеті ата ауыспай қыз алыспайтын қазақтың дәстүрі – экзотика
Ғалымдар қазақтың тектілігі өзгеден кем де, артық та емес екенін айтады. Қазақта «жеті атаға дейін қыз алыспайды, тектілігіміздің негізі сол – деген экзогамиялық шектеу бар. Тарихшылар мұндай шектеулер қан тазалығы үшін емес, көрші рулармен араластықты, одақтастықты ұстау үшін керек болғанын да айтады. Қазақ генофонды құпиясының тамыры тереңде жатыр. Бұл – аз зерттелген тақырып. Мысалы, «Жұлдызы жанды» деген қазақы ортада кең қолданатын сөз тіркесінің ғылыми негіздемесі бар екенін енді біліп жатырмыз. «ДНК құрамындағы «C-3 starclaster» генінің қызметі жайлы ғалымдар әртүрлі айтып жүр. Қазақтың «жұлдызы жанды» деуінің астары «С-3 starclaster» генінің оянған сәтіне тура келетіні ғалымдар тарапынан ішінара мойындалды.
Жұлдызды жасуша – адамзатқа ортақ. Қазіргі ғылым оның құрамын 11 пайыз, араға уақыт салып ояну мүмкіндігін 6 пайыз деп отыр.
АҚШ генетигі Роберт Грекхэмнің зерттеулерінде гендегі ерекше құбылыстың осылай аталатынын айтады. Оған сенсек, геннің жылдар бойы ұйықтап жатуы, үш-төрт ұрпақ ауыса оянуы, тіпті оянбауы да мүмкін. Қазақтар бұл құбылысты «жұлдызы жанды» деп бір ауыз сөзбен түйіндеген. «С-3 starclaster» генінің оянуына сыртқы фактордың әсері белгісіз. «Француз ғалымы Анна Шутценберг «Ата-баба синдромы» кітабында «қандағы қасірет» ұғымына назар аударып, ата-бабасы мен әке-шешесінің өмірінде болған келеңсіздіктер мен күйзелістер кейін ұрпақтарының бойында дәл сол жаста қайталанатынын байқағанын жазады. Ата-бабасы киелі құс аққуды атқандықтан ұрпақтары «аққу атқан» ауруына ұшыраған нысаналы, кеміс жандарды күнделікті өмірден кездестіруге болады. Бұл арғы атасының күнәсі үшін ұрпағы жауап береді деген сөз», дейді Ж.Жақсығалиев.
Қазақ қоғамында айрықша құрметке бөленіп, жеті атасынан «қаракөк» үзілмей, жұлдызы жанып, ерекше мәртебеге ие болған сұлтандар, билер, батырлар әулеті өз алдына бөлек әңгіме. «Жеті атасы би болған, жеті жұрттың қамын жер» деген аталы сөздер бақ-жұлдызы жарқырай жанған осындай текті әулеттерге қатысты айтылған. Тегі асылдың ұрпағы да кемел. Бұған қазақ тарихындағы жеті атасынан құт үзілмеген Уәлихановтар, Шормановтар, Бабажановтар, Кенесариндер, Бөкейхановтар, Қаратаевтар, Сейдалиндер тәрізді тарихи әулеттер мысал бола алады. Бұлар бірін-бірі қайталамайтын, әрқайсысы айрықша бөлек даралыққа ие ұлт генофондының арналы салалары.
Әулеттер тарихы өз зерттеушілерін күтуде.
«Отан тарихы ғылымында тектілік тақырыбы терең қаузалып, жүйелі зерттелмегендіктен бұл мәселе туралы қазақ қоғамының түсінік деңгейі әлі төмен», дейді Ж.Жақсығалиев.
«Жігіттің жақсысы – нағашыдан», «алып анадан туады», «көріп алған көріктіден, көрмей алған текті артық», «қатын алма, қайын ал», «анасын көріп, қызын ал» деген ілкіден келе жатқан қанатты сөздер де жайдан-жай айтыла салмаған. Өйткені қазақ іргелі, аталы, құрметті әулетпен құда болып, текті жерге ат байлап, асыл әулеттің алтын шынжырын үзіп алмау жағына терең мән берген.
«Туысқан жандардың некелесуін ғылымда эндогамия дейді. Мұндай некелесу түрі әлемдік тәжірибеде бар үрдіс. Бұл әсіресе билеуші, ақсүйек әулеттер тарихында жиі кездесетін құбылыс. Бөлелердің жұп құрауы соның бір көрінісі. Қазақ қоғамында екі рулы елге ұзатылған апалы-сіңлілердің балалары (бөлелер) отбасын құратын жағдайлар да кездеседі. Өйткені ана жағынан таралатын туыстық байланыс қазақ әдет-ғұрпында экзогамиялық шектеуге кереғар болып саналмайды. Әрине, бөле ана жағынан туысың болғандықтан, бәрібір қандасың саналады. Атамыз қазақ «Екі аяқтыда бөле тату, төрт аяқтыда бота тату», деп бекер айтпаған. Мұндай некелесу қазақ қоғамында жаппай сипат алмағанымен, өмір болғасын ішінара кездесіп отырған. Нәтижесінде осындай отбасыларда ұрпақтың кемтар, кембағал болып туатындығы ғылымда дәлелденген», дейді Ж.Жақсығалиев.
Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙҚЫЗЫ,
«Еgemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ