• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Медицина 02 Тамыз, 2019

Дәрігердің де құқығы қорғалуы тиіс

2293 рет
көрсетілді

Жақында Ақтаудағы облыстық ауруханада болған дәрігер мен науқас арасындағы жанжал салдарынан маңғыстаулық хирург бір күнге тергеу изоляторына қамауға алынды. Осыған қатысты Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов дәрігерге кесілген жаза тым қатал әрі әділ емес деп ойлайтынын жеткізген болатын. Оның айтуынша сот шешімі Мемлекет басшысының медицина қызметкерлерінің мәртебесіне қатысты тапсырмасына қайшы. Расымен, елімізде ақ халаттылардың құқығы қаншалықты қорғалған?

Жыл басында «Қазақстан ком­мунистік халық партия­сының» депутаттары Үкімет бас­шысына дәрігер мәртебесіне қатыс­ты депутаттық сауал жолдаған болатын. Сол кездегі Үкімет басшысының орын­ба­сары Ерболат Досаев дәрігер­лерге қатысты арнайы заң­ның қабылданбайтынын, Ден­сау­лық сақтау министрлігі жа­ңа Кодекстің жобасын дайын­дайтынын мәлімдеді.

2009 жылы 18 қыр­күйек­те қабылданған «Халық ден­сау­лығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексте науқастар, емделушілер мен балалардың құқықтары, дәрі­герлердің міндеттері жазыл­ғанымен, медицина қызмет­керлерінің құқықтары туралы сөз қозғалмаған. Ар-намыс ко­дексінде де медицина қыз­мет­керлері жеке өмірге, сая­си көзқарас құқығына ие деп бел­гіленсе де, өздерін қорғауы туралы жазылмаған. Біздің қоғамда дәрігерлер мен полиция қызметкерлері азаматтардан жиі зәбір көретіндер қатарында. Елімізде құқық қорғау органдары қызметкерлерінің міндеттеріне қоса құқықтары да арнайы белгіленген, яғни олардың қызметтеріне қатысты әрекеттерін заң жүзінде қорғауы мүмкіндігі бар. Ал дә­рі­герлердің құқықтары немесе олар­дың мәртебесі туралы заңның болмауынан, маңғыстаулық хирург Наусқан Отарғазиев сияқты білікті мамандарымыз әкімшілік жауапкершілікке тар­тылып жатыр. «Наусқан Отарға­зиев – бірнеше баланың өмірін құтқар­ған тәжірибелі маман», дейді әріптес­тері. Осы оқиғаға байланысты респуб­лика­мыздың түкпір-түкпіріндегі дәрігерлер Наусқан Отарғазиевті қолдап, әлеуметтік желілерде пікірлерін білдірді.

Әріптестерінің қамауға алын­­ғанына байланысты нара­зы­­лығын жасырмаған дәрі­гер­­лер бүгінгі таңда медицина қызметкерлеріне қатысты ша­­ғымның барлығы, тіпті ақылға қонбайтындары да Қыл­­мыстық кодекс негізінде қара­лып, кей кезде дәрігер мәрте­бесіне нұқсан келтіретін жаза қолданылатынына көңіл­де­рі толмайтынын айтты. Олардың ойынша, қылмыстық жауап­кершілік ең алдымен нәти­же­ге негізделу керек. Яғни қол­да­ны­латын шаралар дәрігерді жа­уапқа тартудан бұрын медици­на сапасын жақсартуға және кә­­сіби қателіктердің алдын алып, азай­туға себеп болуы ке­рек.

Әлбетте, бұл жерде қате­лік­тің қай тараптан екенін анықтау қиын. Алайда жалақысы онсыз да аз ақ халатты абзал жан­дар­дың өздерінен көмек сұрап келген науқастардан жәбір көріп, құқығының тапталуы дұрыс па?

Денсаулық сақтау жүйесі – мем­лекеттің негізгі құ­ры­лы­мының бірі. Мем­ле­кеттің демог­рафиялық көрсеткішінен бас­тап, адам капиталының сапасы, жалпы халықтың өмір сапасы аталған құрылымның жұмысымен байланысты екені анық. Сондықтан денсаулық сақтау жүйесінің дамуы – мем­ле­кеттің әлеуметтік-эко­но­ми­калық саясатындағы маңызды мәселелерінің бірі.

«Денсаулық сақтауды да­мыту» республикалық орта­лы­ғының бас директоры Айнұр Айыпханова елімізде дәрі­гер­лер­дің құқығы қорғал­май­ты­нын, осыған байланысты жаңа шараларды қолға алу қажеттігін айтты. «Сөздің шыны керек, бүгінгі таңда елімізде медицина қызметкерлерінің құқықтары қорғалмаған. Жалпы бұл әлемдік тә­жірибеде де мемлекеттің не­гіз­­гі функциясына жатпайды. Ше­телде дәрігерлердің құқығы мемлекеттік емес ұйымдарға жүктелген. Яғни медицина қызметкерлері дәрігерлер ассоциациясы сияқты ұйымдарға жыл сайынғы жарнасын төлеп, көмекке жүгінеді. Аталған ұйым қажет жағдайда адвокат­пен де қамтамасыз етеді. Оған қоса басқа мемлекеттер­де кә­сіподақ­­тардың да орны ерекше. Ал бізде кейбір ұйым­­дарда кәсіподақ мүлде жоқ. Осыған орай дәрігердің мәрте­бесін көтеру, құқығын қор­ғау мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі басқа да медицина қызметкерлерімен бірлесіп, жаңа кодекс әзірлеп жатыр. Оның Парламенттегі кезекті талқылауы тамыз айы­на жоспарланған. Егер бәрі дұрыс болса, заң келесі жылы күшіне енеді. Жаңа кодексте «Медицина қызметкерінің мәр­те­­бесі» деген бөлек тарау болады. Дәрігерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту – олардың құқығын қорғаудағы маңызды алғышарттың бірі. Осылайша медицина қызметкерлерінің құқықтарын қорғау қолға алын­бақ», деді маман.

Айнұр Айыпханованың айтуына қарағанда, заң қабыл­дан­ған жағдайда медицина қызметкеріне әлдекім қол көтеріп, оның намысына тиетін сөздер айтса, бұрынғыдай сот шешімі күтілетін ұзақ процесс артта қалып, медицина қызметкеріне қарсы әрекетті бұзақылық деп танып, айыппұл төленеді. Әзірге бұл аурухана басшылығы немесе учаскелік полицияны шақырту арқылы жүзеге асатыны белгісіз. Дегенмен халықтың дәрігермен қарым-қатынасын реттемек.

 «Аман-саулық» қоғамдық қорының президенті, КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі Бақыт Түменова дәрігерлерді қорғайтын арнайы ұйымдардың қажет екенін айтады. «Хирургтер ассоциациясы сияқты медицина қызметкерлерінің құқығын қорғайтын бөлек ұйым қажет. Дәрігерді жауапқа тартпас бұрын оның қоғамға қажеттігін ескерген жөн. Мәселен, Ақтаудағы жағдайға байланысты қарайтын болсақ, қамауға алынған дәрігер бір күнде бірнеше балаға көмек берер еді. Ал көңілі қалған дәрігерлер кей кезде жұмыстан шығып, мансабын тоқтатып жатады. Бұл онсыз да маман тапшылығы бар кезде үлкен мәселе. Өйткені дәрігер болу оңай емес. Басқа мамандықтарға 5-6 жыл оқыса, дәрігер болу үшін адам 10 жылға жуық білім алады. Одан 3 жыл көле­мін­де жас маман саналып, тәжі­ри­бе жинайды. Ең бастысы, дәрігерлерді кінәлаудан бұрын оларды жігерлендіріп тұру керек. «Жамансың» дегенді күнде еститін адамның жұмысы нәтижелі болмасы анық. Халық­қа да ақпарат таратылуы тиіс. Өйткені әр адам өз өміріне жауапты екенін түсінуі қажет. Дәрігерлер қашан да көмекке әзір. Сондықтан қоғамда әр дәрігердің орны бөлек әрі қымбат», деді Б.Түменова.

Бұл мәселе мемлекетімізде ғана өзекті емес, шетелде де шешімін таппаған түйткіл. Өйткені көп елде науқастың дөрекі қылықтарын дәрігердің қызмет көрсетуіне қанағаттанбау деп қабылдау жиі кездеседі. Алайда дәрігерлердің құқығын қорғауға негізделген заңдар мен ұйымдар аз емес. Мәселен, 1986 жылы АҚШ-тың бір топ дәрігерлері Physicians for Human Rights деп аталатын құқық қорғау ұйымын ашады. Бүгінде халықаралық ұйымға айналған орталық әлем елдерінің, әсіресе Шығыс Азиядағы еңбегі еленбей қалатын әріптестерінің құқығын қорғау, моральдық көмек берумен айналысады. Ұйым дәрігерлердің жағдайынан бөлек, сегрегация, дискриминация, әйелдер зорлығы, қарулы қақтығыс жағдайларында аза­мат­­тарды қорғау сияқты мәселе­лердің шешімін табуға да атса­лысады. Ал Еуропа елде­рінде дәрігерге қатысты шағымдар толық зерттелгеннен кейін шешім шығарылады. Мәселен, былтыр Германияда медицина қызметкерлеріне қатысты 11 882 шағым түскен, олардың 2 132-сінде ғана дәрігер қателігі расталған.

Үнемі бір тараптың кінәлі болмайтыны белгілі. Алайда қаншама адамның өмірін құтқарған абзал жандарға дөрекі сөйлеу, қол жұмсау, еңбегін елемеу онсыз да аз айлығын қанағат тұтып, елге пайдасын тигізіп жүргендердің қоғамда бағаланбайтынының көрінісі. Эмоция мен кәсібиліктің нақты шекарасын белгілеу қиындығы дәрігерлер мәртебесінің тап­та­­луы­на алып келіп отыр. Ме­ди­­цина социологиясының беделді өкілі А.В.Решетников «дәрігердің әлеуметтік мәртебесі еңбек ақысы, мамандықтың мәртебесі, өзін-өзі шыңдау сияқты критерийлерге байланысты» дейді. Медицина қызметкерлерінің мәртебесі – денсаулық сақтау жүйесінің тиімді жұмысының маңызды детерминанты. Сондықтан бүгінгі таңда жүйедегі қиындықтарға қарамастан, олардың еңбегін бағалап, өзін-өзі шыңдауға мүмкіндік беру, науқастардың орынсыз әрекеттеріне қатысты шаралар қолдану арқылы абзал жандардың құқығын қорғау маңызды болып отыр.