Газетіміздің бұған дейінгі нөмірлерінде «Брексит», яғни Ұлыбританияның Еуропалық Одақтан шығу барысы туралы бірнеше рет жазған болатынбыз. Көктемде аяқталуы тиіс мәселенің әлі күнге түйіні тарқаған жоқ. Соңғы шешім бойынша «Брексит» 31 қазанға дейін аяқталуы қажет.
Мәселе қалай басталды?
Ұлыбритания 1972 жылы Еуропалық одақ құрамына енген-тұғын. Содан бері «Тұманды Альбионда» ұйымның пайдасы мен зияны туралы әрдайым айтылып тұратын. Елде 1975 жылы Еуропалық одақта қалу-қалмау туралы референдум өтіп, қатысқандардың 67 пайызы «кәрі құрлықпен» бірге болуды қолдап дауыс берді. Әйтсе де, ұйымның тиімсіздігі жөніндегі әңгіме жиі айтылып келеді. 2013 жылы осы мәселеге бір жола нүкте қою үшін сол кездегі Премьер-министр Дэвид Кэмерон Еуропалық одаққа қатысты референдум өтетінін мәлімдеді.
Әлбетте, Кэмерон мырза халықтың «кәрі құрлықтан» бас тартпайтынына сенімді болған. Алайда сол кезеңдегі Еуропадағы миграция дағдарысы мәселені ушықтырып жіберді. 2016 жылғы 23 маусымда Ұлыбритания халқы дауыс беріп, «Еуропалық одақтан шығуды» қолдайтындар 52 пайызбен жеңіске жетті.
Ұстанған саясатын тұрғындардың көпшілігі қолдамайтынына көзі жеткен Кэмерон мырза қызметінен кетті. Осы орайда Ұлыбританияның басқару жүйесі парламенттік монархияға негізделгенін айта кеткен жөн шығар. Яғни, елдің патшасы яки патшайымы биліктік өкілеттілігі аз, негізінен салтанатты рәсімдерге ғана қатысады. Ал мемлекеттік істерді жүргізу Премьер-министрге тиесілі.
Айтпақшы, «Брексит» үшін Д.Кэмеронның лауазымын тоқтатқанын жоғарыда айттық. Содан кейін ел тізгінін қолына алған Тереза Мэй де «Брекситпен» басы қатып, ақыры қызметінен кететінін мәлімдеді. Оның орнына келген Борис Джонсонның мәселені оңтайлы шешуге 31 қазанға дейін ғана уақыты бар.
«Брексит» неге тоқтап тұр?
Қырық жылдан астам уақыт ішінде Ұлыбритания мен Еуропалық одақ елдері етене араласып кеткені белгілі. Сауда, қауіпсіздік, миграция, экономика салаларында көптеген келісімдер жасалып келген. Біріккен корольдік ұйым құрамынан шығатындықтан, солардың бәрін қайта қарастыру қажет. Бұл құжат – Withdrawal Agreement («Шығу келісімі» – автор) деп аталады.
Заңға сәйкес, «Шығу келісімін» Ұлыбритания парламент мүшелері мақұлдауы тиіс. Алайда Тереза Мэйдің Брюссельмен жүргізген келісімін «халық қалаулылары» үш рет қайтарып тастады. Алғашқы тыңдалым 15 қаңтарда өткен. Депутаттардың 432-сі келісімге қарсы, 202-сі қолдап дауыс берді. Парламент мүшелері 12 наурызда тағы да Тереза Мэйдің ұсынысын қабылдамады. Соңғы рет 29 наурызда, яғни «Брексит» аяқталуы тиіс күні келісімге Парламент мүшелері келіскен жоқ. Ақыры Т.Мэй Еуропалық одақтан шығу мерзімін ұзартуды сұрады. Осылайша, Ұлыбританияға «Брекситті» аяқтау үшін 31 қазанға дейін мұрсат берілді.
585 беттік құжатта бірнеше өзекті мәселе айтылған. Мәселен, Ұлыбритания тарапы Еуропалық одақтан шыққаны үшін қанша «айыппұл» сомасын төлеуі қажет? Құжатта оның көлемі 39 миллиард фунт стерлингті құрап отыр. Қазіргі таңда Біріккен корольдік ЕО құрамында болғаны үшін жыл сайын 10,8 миллиард фунт-стерлинг жарна төлейді. Алда-жалда шығу мерзімі тағы ұзарса, төлем қалай өзгеретіні белгісіз.
Сондай-ақ «Тұманды Альбионда» тұратын еуропалықтар мен «кәрі құрлықта» қызмет істейтін ағылшындардың тағдыры қалай өзгереді? БҰҰ-ның халықаралық миграция жөніндегі деректеріне сүйенсек, бүгінде Еуропада өмір сүретін ағылшындардың саны 1,5 миллион. Ал «Тұманды Альбионда» еңбек етуді таңдаған еуропалықтардың саны 500 мыңнан асып жығылады.
Бұдан бөлек, Ирландия мен Солтүстік Ирландия арасындағы шекара мәселесі қалай шешілетіні белгісіз. Еуропалық Одақ та, Ұлыбритания тарапы да кедендік бақылау бекеттерін қайта салуға құлықты емес. Өйткені шекара маңында жайылымы аралас, қойы қоралас жатқан ауылдар жетерлік. Кедендік бақылау олардың жүріп-тұруын қиындатады. «Брекситтің» бітпеуіне әсер етіп отырған басты себептің біреуі – осы Ирландия мен Солтүстік Ирландия арасындағы шекара мәселесі.
Енді не болмақ?
Премьер-министр Борис Джонсон 31 қазанға дейін Брюссельмен келіссөздер жүргізуі тиіс. Оған дейін «Брексит» мәселесі бірнеше бағытта өрбуі мүмкін. Егер Парламентке «Брекситтің» бағыты ұнамаса, сенімсіздік вотумын жариялауы мүмкін. Мұндай жағдайда Үкіметке ұстанған саясатының дұрыстығын дәлелдеуге 14 күн уақыт беріледі. Осы мерзім ішінде үкімет те, оған балама үкімет те өздерін дәлелдей алмаса, жалпы сайлау өткізіледі.
BBC арнасының мәліметіне сай, «Брекситтің» шешімі табылмаса, елде тағы бір референдум өткізілуі ықтимал. Сондай-ақ «Брекситтен» бас тарту мәселесі де талқыланып жатыр.
Алайда ең ықтимал шешім – ешқандай келісімсіз Еуропалық одақпен қоштасу. Егер Б.Джонсонның ұсынысын Парламент қабылдамай, «Брекситті» келісімсіз аяқтауға шешім шығарса, елде бірқатар өзгерістер болмақ.
Мәселен, ағылшындар тұтынатын тауардың 30 пайызы Еуропалық одақ елдерінен әкелінеді. «Брексит» келісімсіз аяқталса, аталған тауарлардың бағасы өспек. Ағылшын банкі басшысы Марк Кэрнейдің болжауынша, азық-түлік бағасы 10 пайызға қымбаттайды.
Сонымен қатар Ұлыбритания мен Еуропалық одақ елдері азаматтарының өзара қатынасы қиындай түседі. Кеден бекеттерінде паспорт тексеру уақыт алып, банк карталарын, мобильді желіні қолдану барысы өзгеріске ұшырайды. Пәтер құнының қымбаттауы, кедендік өткізу бекеттеріндегі кезектердің ұлғаюы секілді мәселелер туындамақ.
Қысқаша айтқанда, бүгінде Ұлыбританиядағы ахуал біржақты шешілген жоқ. Ел саясаткерлері «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» шешім қабылдау үшін әлі көп еңбек етуі керек. Өйткені ағылшын халқының қамын ойлаған үкімет те, парламент те Еуропалық одақтан оңтайлы шығуды көздейтіні айтпаса да белгілі. Ендеше «Брекситтің» мәселесі әлі біраз уақытқа дейін талқыланады.