Соңғы төрт ай бойы Гонконг көшелерінде наразылық шаралары тоқтамай тұр. Гонконг үкіметі қолға алған айыпталғандарды экстрадициялау туралы заң жобасы миллиондаған халықтың бас көтеріп, наразылыққа шығуына себеп болды. 31 наурызда басталған митинг бүгінге дейін жалғасып келеді. Кеше жергілікті ақпарат көздері темір жол желісінің жұмысы тоқтатылғаны туралы хабарлады, ал оған дейін наразылардың Парламент ғимаратына шабуыл жасағаны мәлім болды.
Бұл Гонконг тарихындағы екінші үлкен митинг. Алғашқысы 1997 жылы Британия қаланы Қытай иелігіне қайтарғанда болған. Соңғы наразылықтарды ұйымдастырушылар жаңа заңға қарсы шығушылар саны миллионға жетті десе, полиция 240 мың адамның жиналғанын айтады. Қытай үкіметінің толқуды сыртқы күштер бастады деген күмәні де жоқ емес. Олар наразылардың бірінің қолынан АҚШ туын көргенін айтып, мемлекет ішіндегі мәселеге араласпауын сұрады.
Гонконг әуелде 1842 жылы Ұлыбритания отары болады, кейін 1898 жылы Ұлыбританияға 99 жылға жалға беріледі. 1997 жылы Қытай Халық Республикасының құрамына қайтарылып, арнайы әкімшілік аудан деп белгіленеді. Қытай-британ декларациясы мен Гонконгтың негізгі заңына сәйкес, Гонконг 2047 жылға дейін Қытай автономиясы ретінде бекітіледі. Дәл осы кезде Қытай реформаторы Дэн Сяопин «Бір ел, екі жүйе» деген идеясын ұсынып, соның негізінде Гонконгтың полиция, заң мен қаржы жүйесі, иммиграция мәселесі қала құзырына беріліп, ал сыртқы саясат пен қорғанысы Қытайға жүктеледі. Бұл концепцияның түп негізінде Гонконгпен қатар Макао, Тайвань сияқты құрамдас территорияларды Қытайға бейбіт түрде қайтару жатыр еді. Сонымен бірге бұл құрамдас территорияларға өздерінің капиталы, экономика мен саяси жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік берілді.
Идеяның Гонконгке пайдасы аз болмады. Капиталы мен заң жүйесін өздері басқару арқылы қазіргі таңда бизнес жүргізу жеңілдігі бойынша әлемдік рейтингте 3-орынға, салық жүйесі бойынша 5-орынға тұрақтады.
Әуелгі шарт бойынша Қытай Гонконгта қалыптасқан капиталистік жүйені өзгертпеуі керек еді. Алайда Қытай Гонконг өміріне араласпаймыз деген сөзінде тұрмай, заң жүйесін өзгертіп, мектептерде патриоттық тәрбие сабақтарын енгізбек болды. Бұл бастамаларға Гонконг тұрғындары наразылық танытып, жаңалықтарды қабылдауға асықпады. Одан кейін 2014 жылы Гонконгтың сайлау процесіне араласпақ болған Қытайға қарсы «қолшатырлар революциясы» деп аталып кеткен 79 күнге созылған митинг өтті. Жергілікті халықтың айтуынша, бұл жолы халықтың сөзі еленбей, Гонконг басшылығына «Қытайдың адамы» келген.
Жаңа заң жобасын қарастыруға Тайвандағы қанды оқиға себеп болған деседі. Халықты жаңа заң қабылданған жағдайда айыпталушыларды Қытайға, тіпті Гонконгпен арнайы келісімі жоқ Макао, Тайванға да жөнелту мүмкіндігі алаңдатады. Өйткені Гонконг тұрғындары Қытай түрмелеріндегі қинаулар мен өлім жазасына қарсы. Белсенділердің бірі «біз билікке наразылығымызды түсіндіргіміз келеді. Бұған қажеттілік азаймайынша, жалғастыра береміз» деді.
Гонконг әкімшілігінің басшысы Кэрри Лэм экстрадицияға қатысты заңға өзгерістер енгізу тоқтатылғанын мәлімдеп, халықтан кешірім сұрады. Бірақ айыпталғандарды экстрадициялау мәселесі шешілу керегін айтты. Яғни, заң жобасы алдағы уақытта қайта қаралуы мүмкін. Бұған Гонконг тұрғындары келіспей, заң кеңесінің ғимаратына шабуыл жасап, биліктің отставкаға кетуін талап етті. Жергілікті полиция наразыларға қарсы күш көрсетіп, арнайы газдармен қуып жатқаны мәлім болды.
Жаңа жүйеге жаппай қарсылықтар халықтың «бір ел» идеясын қабылдамайтынын көрсеткендей. Халық жергілікті билікке наразылығын білдіргенімен, орталық жүйеге, яғни Қытай жүйесіне қарсы шағымдарын айта алмайды. Оның үстіне, Гонконгтың мемлекеттік тілі саналатын ағылшынды қытай тілі бірте-бірте ығыстырып келеді. Гонконг халқы экстрадициялауға қатысты жаңа заңның арты сөз бостандығы, демократия сияқты ұғымдарға нүкте қоярын айтады. Өйткені билікке қарсы келгендерге Қытай соты ауыр жаза кесуі мүмкін. Бұл болжамның рас-өтірігі, әлбетте, уақыт еншісінде. Алайда Гонконгтегі митингілер қашанға дейін жалғасатыны әлем жұртшылығын алаңдатуда.