• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Аймақтар 02 Тамыз, 2019

Таразда шығатын тәтті

485 рет
көрсетілді

Бүгінгі таңда Жамбыл облысындағы кез келген дүкеннің сөресінен, әр үйдің дастарқанынан «Сәуленің» вафлиін көруге болады. 2018 жылдың басында тұтынушыларға жол тартқан фабрика өнімдері бір жарым жыл ішінде тіл үйірер дәмімен көптің көңілін жаулап үлгерді. 

Өндіріс ошағының тарихы 2015 жылы Тараздағы автотұрақ аумағынан тыс қалған жерді сатып алудан бас­талыпты. Фабрика басшысы Сәуле Саты­балдиева кә­­сіп­орын ғимаратының бірін қайта құру жұмыстарын қолға алып, вафли әзірлеу бойын­ша аустралиялық НААS ком­паниясының жабдықтарын сатып алуға келісім жасайды. Ол «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы арқылы 1,2 млрд теңге көлемінде несие алған-ды. 2017 жылдың соңында монтаждау және іске қосу жұмыстары жүргізілді, ал 2018 жылдың басында рұқсат беру құжаттарын алғаннан кейін фабриканың алғашқы өнімдері сауда желілерінің сөрелеріне түсе бастаған. 

Бүгінде мүмкіндігі мол. Фабриканың өндірістік қуаты айына 250 тонна да­йын өнімді құрайды. Компания­ның бірінші бөлігі іске қосыл­ған мезеттен бастап тәттінің 34 түрі шығарылып, тұтынушы­лардың көзайымына айналды. Қазіргі таңда 30 адамды жұмыспен қамтып отыр.

Сапа тұрғысынан шетел­дің брендтерінен кем түс­пейтін «Сәуле» фабрикасына сырт­қы серіктестер қызы­ғу­­шы­лық танытып, былтыр күзде Қытай нарығына шықты.

Фабрика Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасынан тауардың шығу тегі сертификатын алды. СТ-КZ сертификаты тауардың Қазақстан Республикасының аумағында шығу тегін растайды, бұл өз кезе­гінде жеткізушіге жеңіл­дікті шарттарда өткізілетін барлық сатып алуға қатысуға мүмкіндік береді.

Енді аталған серіктестік болашақта Азия елдеріне ғана емес, өнім ассортиментін теңіз асып Еуропа нарығына шығаруды, өндіріс көлемін ұл­ғайтуды, қана­тын кеңірек жайып, басқа да осындай өн­діріс ошақтарын ашып, желі­лерін көбейтуді көздеп отыр. Жас­тығына қарамастан, ауқым­ды іспен шұғылдануға батыл кіріскен кәсіпкер Сәуле Саты­балдиеваның мақсаты – фабриканың жаңа корпусын салу, шоколад пен карамельден жасалған кондитерлік өнім­дер шығаратын жаңа желі­лерді сатып алу. «Сәу­ле­нің» желілері пайда болып,  қуа­ты күшейгеннен кейін штат­­тағы адамдар санын 200 адам­ға дейін кеңейту жоспары бар.

Биылғы жылдың соңына дейін жаңа өндіріс ғимаратын салу және жаңа өндірістік желі сатып алу жоспарланып отыр. Қазіргі заманғы жабдықтарды енгізу кәсіпорынның қуатын 4500 тоннадан 12 000 тоннаға дейін арттыруға және өнімді экспортқа көбірек шығаруға мүмкіндік береді.