• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 05 Тамыз, 2019

Қиырдағы қазақ баласы атажұрттан рух алады

202 рет
көрсетілді

Жақында Ресей Федерациясының Самара облысында тұратын бір топ қазақ баласы Орал қаласындағы «Дарын» қосымша білім орталығында он күн демалып кетті. Қаракөздер аз уақыт ішінде көп дос тауып, талай қызыққа кенелгенін айтады.

Алмат Дәулетов Самара облы­сының Кинель қаласында тұ­­рады. Биыл 8-сыныпты біті­ріп­ті.

– Оралға биыл төртінші жыл қатарынан келіп тұрмын. Мұнда лагерьде өте қызық, маған қатты ұнайды. Мен інім Саматпен бірге келдім. Биыл Орал қаласындағы түрлі музейлерді араладық. Күн сайын түрлі экскурсия. Демалыс бағдарламасы былтырғыдан өзгеше болды. Келер жылы тағы келгім келеді. Өйткені әр келген сайын көп нәрсе үйренеміз. Қазақ халқының салт-дәстүрлері туралы білеміз. Өзім қазақша үйренгім келеді. Қазір түсінемін, тек сөйлеуге қиналып жүрмін, – дейді Алмат.

Ал оның інісі Саматқа Тақ­сай обасынан табылған алтын хан­шайымның қалпына кел­ті­­рілген экспозициясы қатты ұнап­­ты. Батыс Қазақстан облыс­тық тарихи-өлкетану музейін ара­лаған ресейлік қазақ балалары осы жерде суретке түскен. Ортағасырлық Жайық қалашығы орнында археологиялық қазба жұмысы барысын көріп, Қадыр Мырза Әлі атындағы мә­де­ниет және өнер орталығын аралап, Орал қаласының көрік­ті жерлерін тамашалаған жет­кін­шек­тердің атажұрты – Қазақстан Республикасының өткен тарихымен де, бүгінгі жетістіктерімен де мақтанатыны көздерінен көрініп тұрды.

– Самарадағы біздің қазақ диас­порасы өте ұйымшыл. Ұлт­тық-мәдени шараларды жиі өткі­зе­­міз. Биыл Оралға демалуға кел­ген қазақ балаларының бәрі де – Сама­ра облысындағы «Ақ жол» ай­мақтық қазақ ұлттық-мә­дени автономиясы» қоғамдық ұйымының белсенділері. Біз ұлт­тық концерттерге, мәдени шара­ларға қатысамыз, өз ұлты­мыз­дың өнерін көрсетеміз, – дейді биыл 6-сыныпқа көшкен 11 жасар Дияр Тоқтарбайұлы. Дияр Оралдағы лагерьге 5 жасынан бері үзбей келіп жүр екен.

– «Дарын» – өте қызық лагерь. Мұнда волейбол, баскетбол, бәрін ойнауға болады. Тамағы да дәмді. Ең бастысы, мұнда жа­ңа­дан көптеген дос таптым. Олармен интернет арқы­лы хабарласып тұрамыз. Білесіз бе, Самарадағы №124 мектепте қарындасым екеумізден басқа қазақ жоқ. Ресейдегі жазғы лагерьлерде де­мал­­ғанда да айналаңда кілең орыс­­тар жүреді. Ал мұнда жақсы, жан-жағың толған қан­дас­тарың, олармен сөйлесіп қазақша үй­ре­не­міз. Осында келгелі Қазақ­стан туралы көп мәлімет білдік, – дейді Дияр.

«Дарын» қосымша білім орталығының директоры Гүлсім Дүй­сенғалиеваның айтуынша, ре­сей­лік қазақ балаларының де­­ма­лыс бағдарламасы оларға туған халқы, атажұрты, ана тілі хақында барынша мол мәлімет беруге лайықталып жасалған екен. Орталықтың «Үш тұғырлы тіл» жазғы мәдени-танымдық ауы­сы­мы­на тап болған самаралық балалар он күнді Арыс қаласынан келген 50 оқушымен бірге өткіз­ді. Ана тілінің атмосферасына сүңгіп, түп-төркінін тануға бұл да игі әсерін тигізгені анық.

Самараның үлгісі

...Айта кетейік, самаралық балалар «Дарын» қосымша білім орталығында он күн бойы тегін демалды. Бұл осыдан 15 жыл бұрын Самара облысындағы «Ақ жол» аймақтық қазақ ұлттық-мәдени автономиясы» мен Батыс Қазақстан облыстық білім бас­қар­масы арасында жасалған келі­сім­нің нәтижесі екен.

– Ресей қазақтары түрлі кә­сіп­пен айналысады, негізінен ауқат­ты тұрады. Оларда тұр­мыс­тық қиындық жоқ. Бірақ жас ұрпағын қазақ етіп сақтау, тәр­бие­леу өте қиын. Балалар тіл біл­мейді, жұтылып барады. Сондықтан да осыдан 14-15 жыл бұрын Самарадағы қа­зақ диаспорасының жетекшісі Тоқтарбай Дүйсенбаев «ол жақ­тағы қазақ балалары жаз ке­зін­де Қазақстандағы оқушылар лагерь­ле­рінде демалса» деген ұсыныс айтты. Мұны Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасының сол кездегі басшысы Светлана Бисембаева қолдады. Сөйтіп жыл сайын 10-15 қазақ баласы атажұртқа келе бастады. Оларға арнайы бағдарлама да­йын­­­­далды. Оралдан демалып барғанда, ол жақтағы қазақтар: «Балаларымызды он күн ішінде танымай қалдық, Қазақ­станның Ән­ұра­нын үйреніп алған, қазақша ән шырқап, патриот бо­лып келді» деп рахметін жау­дырды, – дейді «Aqjayiq» теле­арнасының төрағасы, көп жыл бойы Дү­ние­жүзі қазақтары қауым­дас­тығының облыстағы өкілі болып қызмет еткен Асыланбек Ғұбашев.

«Дарын» қосымша білім орта­лығының директоры Гүлсім Дүйсенғалиева ресейлік бала­лар­дың қазақтың ұлттық киімдерін киіп келетінін, ана тіліне деген сүйіспеншілігі, төл тарихына құштарлығы өте жоғары екенін қуанышпен әңгімелейді. «Бұл шеттегі қазақ отбасылары үшін өте жақсы салынған жол», дейді Гүлсім Ғабдулғазизқызы.

Өкінішке қарай, жыл сайын 10-15 баланың 10 күнге атажұртқа келіп, демалып кетуі мәселені шешпейді. Әрине, Қазақстанда Дүниежүзі қазақтары қауым­дас­тығы, «Отандастар қоры» соңғы кездері белсенді жұмысқа кіріс­кені байқалады. Бірақ бұл әлі аз. Асыланбек Зиннатұлы Қазақстан мен Ресей­дің шекара­лас аймақтары қо­сым­ша жұ­мыс­тарды көбейту керек деп санайды.

– Биыл көктемде Самара мен Саратов облысына барып, қазақ диаспорасы арасында «Бала­пан» телеарнасының таныстырылымын өткіздік. Бір тәуірі, Батыс Қазақстан облысының Жәнібек, Қазталов, Тасқала аудан­дары Ресейдің шекаралас өңірлерімен жақсы қарым-қатынаста. Мәселен, Саратов облысының Александр Гай ауда­нын­дағы шараларымызға біздің Қазталов ауданы көмектесті, балалар концертін ұйымдастырды. Айтайын дегенім, Ресей қазақтары қазақ ақпарат кеңістігінде не болып жатқанынан бейхабар. «Ба­лапан» телеарнасы туралы бізден естіп, смартфондарына жүктеп, қазақша мультфильмді тұңғыш рет көріп, таңғалып, бір-бірімен бөлісіп жатты, – дейді Асыланбек Ғұбашев.

Қандастар көмек күтеді

Батыс Қазақстан облысы Ресей Федерациясының 5 облы­сы­мен шектеседі. Осы бес облыста да қазақтардың үлкен диаспорасы бар. Бірақ самаралық қазақтар сияқты белсенділік та­ны­тып, жас буынды ұлттық та­­мырына жалғайтын жүйелі жұ­мыс жүргізіп жатқан ұйымдар аз.

– Астрахань облысында бейресми деректерге қарағанда 200 мыңдай қазақ тұрады. Ники­та Ысқақов ағамыз өмір­ден өткелі Астрахань облыс­тық «Жолдастық» қазақ қауым­дас­ты­ғының жұмысы саябыр­сып қалғаны рас. Біз биыл Дүниежүзі қазақтары қауымдастығымен хабарласып, астраханьдық 20 қазақ баласын Бурабайға демалуға жібердік. Олардың жол қаржысын көте­ретін жергілікті демеуші таптық. Егер бұл жобаның тиімділігін көрсек, болашақта жүйелі түрде жалғастырамыз, – дейді Астрахань облыстық «Ақарна» қазақ газетінің редакторы Рахмет Башбаев.

Рахмет­тің айтуынша, Астра­хань өңірінде қазақтар көп әрі тұта­сып тұратындықтан, Ресей Федерациясының өзге өңір­ле­рін­дегі ағайындарға қараған­да қамсыздау, қаперсіздеу көрінеді. Бірақ кейінгі толқын­ның ана тілінен мақұрым қалу мәселесі Астраханьға да тән. Сондықтан са­ра­товтық белсенділер басып шығарған көмекші құрал – «Быс­т­­рый казахский» анық­та­ма­лы­­ғының көлемді партиясын сатып алуды жоспарлап отыр екен.

– Қазақ тілін үйренуге көмек­те­сетін кітаптар баршы­лық. Бірақ Қазақстанда шыққан көмек­ші құралдар Ресей қазақ­та­рына ауырлау, түсініксіз тиеді. Бізге Ресей жағдайына бейім­дел­ген, осындағы қандастардың мента­ли­тетіне жақын әдебиеттер ың­ғай­лы. Сондықтан да «Ситуа­тив­­ный казахский» сериясының авторы Қанат Тасыбеков аға­мыз­бен де хабарласып, Астрахань қазақтарымен кездесуге шақы­рып қойдым, – дейді Рахмет Башбаев.

– Балаларымызды ана ті­лін үйре­ну, қазақ халқының салт-дәстүрі­мен танысу үшін Қа­зақстанға жіберу мәселесі бізде де өте өзекті. Бірақ әзірге ол балаларды қандай шартпен жібереміз, іріктеу қалай болады, қай жастағы балалар барады – осының бәрін жүйелеу керек. Жақында Нұр-Сұлтаннан балала­рымызға ша­қы­ру келді. Тілек білдіргендер көп болғанымен, Саратовтан Қазақстан астанасына жол қа­ты­нас­ы өте қиын, алыс. Кәме­летке толмаған балаларды жіберудің жауапкершілігі зор ғой. Тәуекел ете алмадық. Бірақ жергілікті сарытаулық қазақтар ана тілі­міз­ден, ұлттық дәстүрімізден ажы­рап қалмау үшін барынша қызмет етіп жатырмыз, – дейді Саратов қаласындағы «Достар» қоғамдық ұйымының жетекшісі Ерболат Өтешев.

Иә, сарытаулық қандастардың соңғы жылдары ерекше белсенді әрекет етіп жатқанын естіп-біліп жүрміз. Жоғарыда айтыл­ған «Быстрый казахский» анық­тамалығын саратовтық қан­дас­тар құрастырған. Онд­ағы қазақ жастары Артур Нұрмұ­хам­бетов, Айбар Азама­тов­тың видеоблогтарының қара­лы­мы жоға­ры. Тіл мен дәстүр туралы, туған өлкенің тарихы жайлы бейне­жазбаларға қызы­ғушылық көп.

– 2017 жылдан бері Саратовта тіл үйрену орталығы ашылды. Арнайы ғимарат алдық. Ол жерде тіл ғана емес, домбыра тартуды да үйретеміз. Қазақ мәдениетін, тілі мен өнерін үйре­нуді қалайтындар жылына екі мәрте ұйымдастырылатын курс­тар­ға қатысады. Курс басталғалы 100-ден аса оқушы, студент, тіпті ересек адамдар қатысты. Халықтың ықыласы күшті, – дейді Ерболат Өтешев.

Ресейлік қандастардың талап-тілегіне, түп-тамырына ұмтылған ықыласына отандас­тары әрдайым сергек қарайды. Орал­дық меценат Ақсерік Әй­тімов Самарадағы қазақ қауым­дастығына муль­ти­медия­лық ка­бинет жасақтап беріпті. Сара­тов­тағы домбыра үйірмесіне қа­жетті музыкалық аспаптарды Асыланбек Ғұбашев Орал халқына сауын айтып, аз уақытта жинап берді. Қазақ­стан күйшілер одағының батыс­қазақстандық филиалының же­текшісі Асқар Кенжеғалиев те шеттегі қандас­тардың мұң-мұқтажына құлақ түре жүреді. Бірақ мұның бәрі теңізге тамған тамшыдай ғана.

– Оралдағы Ресей консул­ды­ғы­на барсаңыз, тарихи ота­нына оралу үшін кезекке тұрған өрімдей орыс жастарын көресіз. Ресей жастарды елге шақыру үшін арнайы бағдарлама әзірлеп, жағдайын жасап, қызықтырып отыр. Ал шетелдегі қазақ жастарын біз осылай етіп атажұртқа шақыра аламыз ба? – дейді Асыланбек Зиннатұлы.

...Шынында да шетте туып, шетте өсіп жатқан мектеп оқу­шы­ларын жазғы каникулда санаулы күнге атажұртқа шақырып алғаннан олар тіл үйреніп кет­песі анық. Бірақ олардың жү­ре­гінде «Менің тарихи отаным – Қазақстан! Менің ол жерде қадірім бар. Мен Отаныма ке­рекпін!» деген пікір, сенім қа­лып­тасар болса, болашақта жусан иісін аңсап, туған жерге оралушылар көп болмақ.

 

Батыс Қазақстан облысы