Теннистен халықаралық додаларда бақ сынап жатқан жерлестеріміз турнирдің жартылай финалына шыға алмады. Михаил Кукушкин де, Зарина Диас та ширек финалда сүрінді.
Мексиканың Лос Кабос қаласында өтіп жатқан ATP санатындағы жарыста ерлер арасында Қазақстанның бірінші ракеткасы Михаил Кукушкин ¼ финалда әлемдік рейтингте 27-орында тұрған аргентиналық Диего Шварцманмен күш сынасты. Бір сағатқа созылған бәсекеде Шварцман 6:1, 6:2 есебімен жерлесімізден басым түсті. Бұған дейін екі теннисші өзара үш мәрте кездесіп, екі матч қазақстандық теннисшінің жеңісімен аяқталған еді.
Ал АҚШ-тың Вашингтон қаласындағы турнирде бақ сынаған Зарина Диас ширек финалда италиялық Камила Джорджимен кездесті. Дүниежүзілік рейтингте 84-орында тұрған Зарина әлемнің 62-ракеткасы Камила Джорджимен екі сет ойнап, 6:3, 6:2 есебімен есе жіберді. Бұған дейін теннисшілердің екі мәрте жолдары түйісіп, бір-бірден ұтқан болатын.