Қасым-Жомарт Тоқаев Президент қызметіне ресми кіріскен салтанатты рәсімде экономикада ұдайы өсім болуы керектігін айтқан болатын. Ал бұған қол жеткізудің жолы қайсы? «Тұрақты және қарқынды экономикалық өсім арқылы ғана бұл мәселені шешуге болады. Ең алдымен, өсім бізге не үшін қажет екенін терең түсінуіміз керек. Азаматтарымыз өз елінде алаңсыз өмір сүріп, еңбек етіп, ұрпағын тәрбиелеп, халқымыздың жетістіктеріне бірге қуанып, мақтан тұту үшін экономикалық өсім болуы тиіс. Таяу арада Үкіметтің кеңейтілген отырысында біз еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған нақты міндеттерді айқындаймыз», деген-ді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Президент экономикалық өсімге әсер ететін фактор туралы да айтты. Шын мәнінде елімізге экономикалық саясатты қайта қарайтын кез келді. Бұл үшін оны жоспарлы экономикаға емес, нарықтың қажеттілігіне сай икемдейік. Бүгінге дейін жүргізіліп келген саясат өзін өзі ақтады.
Индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыру жылдарында 4 трлн теңгенің 961 жобасы іске қосылып, 90,6 мың тұрақты жұмыс орны ашылған екен. Әйтсе де 2011 жылдан бері елдегі жұмыссыздықтың ресми көрсеткіші 5 пайыздан кемімей тұр. Ресми статистика «қолға алынған жобалардың үш-ақ пайызы орындалмады, бұл – қалыпты жағдай» деген уәж айтады. «Шетелдік инвесторлардың қаржыландыруымен жүзеге асқан жобаларға аса сақтықпен қарау қажет» деген пікірлер айтылып жатыр. 2008-2018 жылдар арасында қаржыландырылған жобаларда шетелдік инвесторлардың үлесінің қанша болғаны туралы дереккөздер енді жарияланып жатыр. Шетелдік инвесторлар мұндай келісімшартқа қол қойған кезде барлық тәуекелді ескереді. Жоба күйреген жағдайда Қазақстан тарапынан берілетін өтемақы көлемі де алдын ала заңдастырылады. 2008 жылдан бері шетелдік инвесторлар қаржыландырып, тоқтап қалған жоба үшін мемлекеттің төлеген өтемақысы қандай жолмен қайтарылғаны да құпия.
Айтпақшы, мақта кластеріне байланысты «Мақта өзімізде өседі. Біз неге жеңіл индустрияны дамыта алмай отырмыз» деген өкпе-наз жиі айтылады. Үкіметтің сайтында мақта кластерін дамытуға бөлген қаржысы 1 млрд АҚШ долларынан асып кетті деген мәліметті кездестірдік. Біз бұл саланы неге дамыта алмай отырмыз? Себебі жеңіл өнеркәсіпті жалғыз мақтамен дамыта алмаймыз. Жоғары сұрыпты мақта талшығы 100 күнде ғана пісіп жетіледі. Ондай мүмкіндік Канада, Үндістан және Тәжікстанда бар. Өзбекстанда өскен мақта талшығы біздің жерімізде өскен мақтамен салыстырғанда 20 пайызға сапалы. Бұл оның киім тігуге жарайтынын білдіреді. Ал бізде Түркістан облысында өскен мақта 50-60 күннен кейін қолдан кептіріліп, жиналады. Өндіріске тек есеп беру үшін емес, өзіміз үшін шындап мойын бұрсақ. Жаңа жобаларды қаржыландырған кезде өнімдерді қай тарапқа өткізу және тауарлардың өтімділігі ғана емес, өнімдерге қолданатын шикізат көзінің қайдан алынатыны да зерттелуі керек.
2015-2018 жылдары Мемлекет басшысының қатысуымен өткен телекөпір кезінде Қызылорда, Түркістан облыстарында бір-біріне көрші қонған аудандарда бір өнім шығаратын зауыт пен кәсіпорындардың тұсауы кесілгені хабарланды. Бұл жоғары жаққа жұмыссыздардың санын қысқарттық деп есеп беру үшін керек. Қазіргі технология тілін білмей өндірісті басқара алмайсың. Кез келген кәсіпорын мен зауытқа жоғары білікті маман керек. Сол технологияның тілін білетін мамандарды өзімізде дайындауды қолға алмасақ, өндіріс алға жылжымайды.
Әлеуметтік теңдік дегеніміз – әркімнің қосқан үлесіне сәйкес табыс табуын айтамыз. Экономика жүзеге асуы үшін 4 түрлі ресурс қолданылуы қажет: жер, капитал, еңбек және кәсіпкерлік ресурсы. Осыған сай әр қоғамда 4 түрлі алғашқы табыс түзіледі: жерге рента, капиталға пайыз, еңбекке жалақы, кәсіпкерлікке пайда. Сонымен қатар мемлекет әлеуметтік саясатты жүзеге асыру үшін осы 4 түрлі табысқа салық салады. Оны келесі қайта бөлу барысында трансферттік төлемдерге, жәрдемақыға, жеңілдіктерге, т.б. жұмсайды. Әркім өз қосқан ресурсына сәйкес табыс табады. Мәселе, бастапқы екі ресурс кімнің қолына қандай жолмен келді деген жайт. Бұл жерде ешқашан ешқандай әділеттілік болған емес. «Алдымен экономика, сосын саясат» деген қағида дұрыс-ау, бірақ экономикада біз күткен құрылымдық оң өзгерістер орын алған жоқ. Керісінше, экономика сыңаржақ шикізат экономикасына айналып кетті. Бір ғана мысал, 1999 жылы ішкі жалпы өнім құрылымында ауыл шаруашылығының үлесі 27 пайыз болса, 2010 жылы 6 пайызға қысқарды. Өнеркәсіп 1990 жылы 45 пайыз үлесте болса, 2010 жылы 38 пайызға қысқарды. Алайда, осы 38 пайыздың 80 пайызы мұнай мен газ өндірудің үлесіне келеді. Ал 1990 жылы мұнай мен газ өндіру жалпы ішкі өнімнің 8 пайызын да құраған жоқ еді. Сауда-саттықтағы құны миллиардтарға бағаланған көрсеткіштерді мақтаныш көру кешегі күннің еншісінде қалды. Әлемдік тренд: «Біз жан-жағымыздағы елдерге қандай дайын өнім саттық» деген көзқарасқа басымдық беріп жатыр. Мемлекетаралық тауар айналымында импорттың үлесі көбейген сайын ұлттық валютамыздың позициясы әлсірей беретіні белгілі. ЕАЭО-ға бізбен бір мезгілде мүше болған Ресей мен Беларусь экономикасы біздің елдің экономикасымен мүлде салыстыруға келмейді. Олар одақтың табалдырығын дайын өнімдерді импорттаушы ел мәртебесінде аттады. Ал біздің елде 2010-2014 жылдарға арналған «Импортты тауарларды алмастыру» бағдарламасы бар екенін Үкімет мүшелерінің өзі ұмытып кеткен сияқты. Аталған құжатты бізбен бірдей қабылдаған Ресейде бұл мәселе бүгінге дейін өзектілігін жойған жоқ. Алдағы уақыттағы экономикалық өсімге әсер ететін фактор ретінде импортты алмастыру бағдарламасы қайта қолға алынатын шығар деп үміттенемін. Бұл мәселені Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сенат Төрағасы болып жүрген кезінде жиі айтты.
Қазына қаржысын үнемдеу арқылы мемлекеттің ақшасын тиімді пайдалануға болады. Бізде дамудың салалық және территориялық аспектілерін үйлестірумен айналысатын орталық жоқ. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2013 жылы стратегиялық жоспарлау агенттігін қайта ашып, әлеуметтік-экономикалық саясат бойынша барлық шешімдерді қабылдауға ықпал ететін бас орталыққа айналдыру туралы ұсыныс айтқан болатын. Президент пәрменінің өздеріне тиісті тұстарын алға жылжытуға дағдыланып қалған кейбір топ бұл ұсынысты қағаберіс қалдырды. Ал мемлекеттік бюджеттің атқарылуы жөніндегі Есеп комитетінің өкілеттілігі азайып, министрлер жүре тыңдайтын құрылымға айналды. Экономикадағы көп мәселенің күрделеніп кетуіне бұл да кері әсерін тигізіп жатыр.
Қазіргі экономикалық саясаттың беталысы Президентке үлкен сынақ болып тұр. Батыс елдерінің Ресейге бағытталған саясатының беті қатты. Біздің елде Ресейдің компаниялары, жобалары жеткілікті. Көп көңілінде «Егер оларға санкция салынса, Қазақстан қандай шешім қабылдайды?» деген күмән бар. Қасым-Жомарт Кемелұлына саяси және экономикалық саясаттың мүмкіндігін қолданар сәт енді келді.
Жанкелді ШЫМШЫҚОВ,
экономика ғылымдарының докторы, профессор
АЛМАТЫ