Қазақ күресінен әлем чемпионы, «Қазақстан Барысы» турнирінің үш дүркін жеңімпазы Бейбіт Ыстыбаев Тараз қаласынан 200 орындық бөбекжай ашты. Жуырда ғана тараздық тұрғындар жақсы іске куә болып, бөбекжайдың ашылу салтанатын тамашалады. Балуан салып берген бөбекжай екі қабатты еңселі ғимаратта орналасқан. Елбасының «Туған жерге туыңды тік!» акциясы аясында бастау алған игі бастама балалардың болашағы үшін қолға алынып отыр.
Аталған балабақшаның меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі Айша Ниязбекованың айтуынша, мұнда 1 жастағы бөбектер тобынан бастап, 6 жастағы мектепалды даярлық тобына дейінгі балалар қабылданады екен. Ал бүгінгі таңда бөбекжайда 4 топ бойынша 50-ге жуық бала қабылданып, жұмыс басталып кетіпті. Сонымен қатар бөбекжайда келешекте 8 топ жасақталып, 35 адам жұмыспен қамтылады деп жоспарланса, қазіргі кезде мұнда 15 адам еңбек етуде. Балабақшадағы әрбір топқа «Еркетай», «Жұлдыз», «Айгөлек» деген қазақы атаулар берілген.
Бөбекжайдың асхана, мәжіліс залы, үйірме залдары бар. Бәрі де заман талабына сай салынған. Сонымен қатар ыдыс-аяқ, төсек-орын сияқты қажеттіліктің де бәрі қамтылған. Балалар бес мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Енді барлық талапқа сай ашылған бөбекжайда алдағы уақытта ағылшын тілі, хореография, күрес, таэквондо және гимнастика үйірмелерін ашу жоспарда бар екен. Балаларға өмірге бейімдеу сабағы да ұйымдастырылуда.
Жамбыл облысы