Ұлттық құндылықтарымызды насихаттау мақсатында Алматыдағы Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде ұйымдастырылған танымдық бағдарламалардың бірінде руханият ордасының қорында сақталған аспаптар кеңінен таныстырылды.
Музейдің аға ғылыми қызметкері Нұрлы Ибадуллинаның айтуынша, музей қорында ұлттық музыкалық аспаптармен қатар түркі халықтары, сондай-ақ әлемнің 40-тан астам елінің музыкалық мәдениетімен таныстыратын 1200-дей экспонат бар. Экспозициялық залдарда археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған музыкалық аспаптар, қазақ өнерінің бастауында тұрған Махамбет, Құрманғазы, Ақан сері мен Біржан салдың, Жамбыл, Динаның, Абай мен Шәкәрімнің, Ахмет Жұбанов пен Нұрғиса Тілендиев, т.б. әнші-жыршылардың, күйші-композиторларға тиесілі болған 70-ке жуық аспаптардың түпнұсқалары, сондай-ақ бірнеше ғасырлық тарихы бар әлем халықтарының музыкалық аспаптары қойылған.
Екі ел арасындағы достықтың нышанындай музейге Индонезия елі тарапынан сыйға тартылған сасандо, ангклунг, гамелан, генданг және ребаб музыкалық аспаптарының ғасырдан-ғасырға жеткен тағылымды тарихы бар екен. Сасандо аспабының тарихынан мәлімет беріп өткен музейдің ғылыми қызметкері Айтолқын Шойманованың айтуынша, Индонезияның Нуса-Тенгара елді мекенінің шығысындағы Роте тұрғындарына бұл аспап VІІ ғасырдан бастап белгілі болған. «Тербелетін» немесе «дыбысты аспап» мағынасындағы аспаптың атауы «сасанду» диалект сөзінен қалыптасқан әрі ертегіге бергісіз аңызбен де сипатталады. Ертеде Роте аралында Санггуан есімді бір бала өмір сүрген деседі. Жолдан шаршап, пальмира ағашының түбіне қалжырай кеткен оның түсіне әуені әуезді аспап кіреді. Ояна кетсе әлгі әуен өңіндегідей елжіретеді. Сырлы әуеннің сиқыры баурап, қайтадан маужырап ұйықтап кетсе керек-ті. Әуенге бар ынтасымен берілген ол дыбыстарды қайта жаңғыртып, тез арада пальмира жапырақтарынан ортасында ішектері бекітілген музыкалық аспап жасап шығады. Орындаушы бұл аспаптың ішектерін арфада немесе какапиде ойнағандай шертеді. Сасандо аспабы 28 немесе 56 ішекті (қосарлы ішектер) болып келеді.
Ал ағаштан жасалған қостүтікті тілшелі үрмелі балабанның (кейде баламан) тоғыз ойын саңылауы бар. Әзербайжан, өзбек және кейбір Солтүстік Кавказ халықтарында қолданылады. Әзербайжанда балабанды дюдюк деп те атайды. Құрылысы мен дыбысталуы армянның дудук, грузиндердің дудки аспаптарымен ұқсас келеді. Айтолқын Шойманова атап өткеніндей, аспаптың дыбысы жұмсақ әрі қанық келеді. Балабан, негізінен, өрік, жаңғақ, тұт немесе алмұрт ағаштарынан жасалады. Зығыр немесе зәйтүн майымен майланып, ұзақ уақыт кептіріледі. Дайын аспаптың беткі жағынан 8, қарсы жағынан 1 ойын саңылауын жасайды. Мүштігі нақты өлшем бойынша қамыстан жасалған. Оның бір жағы жаншылғандықтан, кейде балабанды «ясты балабан» – жайпақ балабан деп те атаған.
АЛМАТЫ