«Шешінген судан тайынбас» дегендей Қазақстан нарықтық қатынасқа толық көшкен соң мемлекет меншігіндегі мекеме-ұйымдардың бәрін жекеменшікке беру мақсатын алға қойған. Бұл – мемлекеттің бизнеске араласуын барынша азайтуды көздейтін нарық заңының талабы. Халықаралық бейбітшілік сыйлығының лауреаты, Қытайдың белгілі суретшісі Ци Байши: «Жасым қырыққа келгенде барып суретті түсіне бастадым» деген екен. Әлем мойындаған қылқалам шеберінің өзі осылай дегенде, басқа қарапайым халықтың бұл өнер туралы түсінігінің таяздығын, сауатының кемдігін сынап-мінеп жату қисынсыз секілді, әрине. Әйтсе де суретші десе тау-тасты кезіп, әсем табиғатқа алыстан қиялдана көз тіккен жай бояушы, тиын-тебенге бола әркімнің тапсырыспен портретін салып, күнін әзер кешіп жүрген қарапайым пенде деп қарайтын дүбәра көзқарастан түбегейлі арылмай, өркениетті елдердің қатарына қосыла алмаймыз.
Мысалы, көркем әдеби шығармалар мектептен бастап оқытылады. Абай кім, Бейімбет, Сәкен, Ілияс кім деп сұрай қалған жағдайда мектепті ілініп-салынып үшке бітірген түлектің өзі олардың өлеңдерін, шығармаларын тақылдап айтып бере алмағанмен кім екендерін біледі. Ақын ғой, жазушы ғой дейді тым болмағанда. Қазақтың суретшілерінен кімдерді білесің деңізші. Бала түгіл ересек өзіміз күмілжиміз. Масқара емей, немене?! М. Әуезовтің «Абай жолы», Ғабит Мүсіреповтің ана туралы әңгімелері, Сәкен, Бейімбет, Ілияс шығармалары мектепте қалай оқытылса, Əбілхан Қастеевтің «Биік таулы мұз айдын», «Гүл ашқан алма», «Менің Отаным», «Жайлаудағы автодүкен», «Қапшағай ГЭС-і» сияқты эпикалық полотнолары, Əубәкір Ысмайыловтың «Құлпырған Алатау өңірі», «Көртоғай», «Хан Тәңірі етегіндегі жайлау», Орал Таңсықбаевтың «Көшпенділер», «Алматының қысы», «Көш», Молдахмет Кенбаевтың «Шопан әні», «Әңгіме үстінде», «Киіз басу», «Сабан той», «Тұскиіз», Сахи Романовтың «Құрманғазының өмірі мен шығармашылығы», «Жайлау кеші», «Жас шопандар», «Туған өлке», «Жер туралы декрет», Қанапия Телжановтың «Атамекен», «Жамал», «Үйде», «Қарлығаш» картиналары да солай оқулыққа енгізіліп, жасөспірімнің көкірегіне білім нәрімен құйылып жатса, Құдай-ау несі айып?! Дейміз ғой, тәйірі.
Көркемсурет академиясының корреспондент-мүшесі, Нұр-Сұлтан қалалық Суретшілер одағының төрағасы Жанұзақ Мүсәпір Алматы облысы Балқаш ауданындағы өзі оқыған Ақкөл орта мектебінен бейнелеу өнеріне бейімдеу кабинетін ашып, 20 мольберт сатып әперіпті. Суретші жаңартылған оқу бағдарламасы бойынша еңбекке баулу мен бейнелеу өнері сабағы біріктіріліп, 1-2-3 сынып оқушыларына аптасына бір сағат, ал 5 пен 6 сыныпта екі сағат қана оқытылады дейді. «Бейнелеу өнері» пәні сағаттарының қысқартылғаны балалардың мектеп қабырғасында жүріп пән негіздерін толыққанды үйреніп шығуларына айтарлықтай кедергі келтіруде. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ұстаздары оқуға түскісі келетін мектеп оқушыларының сурет өнері туралы қарапайым нәрселерді біле бермейтінін, бояумен жұмыс істей алмайтынын алға тартады. Мұндай жағдайдан кейін мектеп бітірген баладан қазақ суретшілерінің есімі түгілі Леонардо да Винчиді, Сальвадор Далиді білесің бе деп сұраудың өзі қисынсыз-ақ.
Көбіміз сурет салумен тек суретші ғана айналысады деген таяз ойға таңыламыз. Ал шынтуайтына келгенде, бұл өнердің геолог пен географқа да, тіпті сәулетші мен қарапайым құрылысшыға да жаттығы жоқтығын қаперге ілмейтініміз қандай өкінішті. Сурет дегеніміз – тарихымыз, шежіреміз емес пе?! Ондаған ғасырлар бойғы әлем тарихын, тіршілік тынысын шашауын шығармай, жоғалтпай бүгінге жеткізген рухани қазынаны ендеше неге екінші қатарға ысырып қоюға тиіспіз? Мыңдаған жылдар жемісіндегі тіршілік ағысы, адамзаттың мәдениеті мен бастан кешкен қызықты-қияметті шақтары, өсімдіктер мен жан-жануарлар дүниесін танып-білу дағдысы мың құлпырған бояу тілі арқылы осы күнге жеткен жоқ па?! Бүгінгі мектеп оқушылары, әсіресе ауыл балалары бейнелеу өнерінің әліппесін қалай үйреніп жүр дегенде, осы жайттар еріксіз ойға оралады.
Тағы бір айта кететін жайт, әдебиет пен театрда, кино өнерінде сыншылар бар да, ал бейнелеу өнерінің сыншы-сарапшыларының аты неге шықпайды? Жаңа картиналарды насихаттап, қарапайым адамның миы жетпей жатқан тұстарын тәптіштеп ұғындыру солардың міндеті емес пе? Бейнелеу өнері сайып келгенде, ізгілікке бастайтын рухани сүрлеу десек, ал адамға тән ізгі қасиеттерді қастерлей білу көркем өнерді сүюге үйрету арқылы қалыптаспай ма?!