Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты,
Өткізбей қараңғыда бекер жасты.
Жер кeттi, дін нашарлап, хал һарам боп,
Қазағым, енді жату жарамас- ты.
Міржақып ДУЛАТҰЛЫ
Елордамызда соңғы бес жыл ішінде екі мың көше атауы қайта қаралып, советтік атаулар рухани бағытқа бет бұрды. Бұл үлкен жетістік емес, бұл құлдық санадан бостандыққа қарай боздап жасалған ұлы қадам. Десе де, қазақ оқырманы өз қаһармандарын білуі керек. Басынан бастайық...
«Кие» дейтін ұғым бар. «Қазақ» дейтін халық бар. Осы ұғым мен осы халық сонау әлқисадан біте байланысып, бірге жасасып келеді. Қазақ жан-жануардың да, өсімдіктің де, жердің де бағасын біліп, киесін ұққан халық. Осының ішіндегі жер киесі жайында айтылған өсиеттер мен аңыз әңгімелер, көркем шығармалар мен нақылдар жетіп артыларлық.
«Ботташығы бұзаудай,
Боз сазаны тоқтыдай,
Балығы тайдай тулаған,
Бақасы қойдай шулаған,
Шырмауығы шөккен түйе таптырмас,
Балығы көлге жылқы жаптырмас» жер аз ба қазақта?! Қазтуған жырау жырлаған Еділдің бойы, Арқаның алқабы, Баянның бәз бейнесі – қазақтың құты, қазақтың киесі екенін кім даулар?
Кез-келген дүние келесі бір дүниемен, ол келесісімен байланысып кете беретін жүйелілігі бар. Осындай бір заңдылықтың салдарынан еліміздегі біршама елді мекендердің атаулары қазаққа жат есімдермен аталып кеткен еді. Тарихи факторлар, қоныстанушылардың өзге ұлт өкілдері болуының әсері, тағысын тағылар... Айтылған бірнеше себептің салдарынан жақпар-жақпар белдер де, қатпар-қатпар таулар да қазақша атауын өткеннің еншісінде қалдыра берді де, жаңа да жат сөздермен атала бастады. Сол кездегі тарихи жағдайлар қазақ даласына осындай өзгерістер еңгізсе, қазіргі тарихи жағдай қазіргі тәуелсіз қазақ даласының көне атауларын неге қайта қолданысқа енгізбейді?! Қазақ даласындағы әр тасқа дейін сол ескі атаумен, сол қазақы атаумен аталуы тиіс! Сананың жаңғырғаны, ұлттың жаңғырғаны, рухтың жаңғырғаны осы болмақ.
Еліміз егемендік алып, етек-жеңімізді жинап, өткен-кеткенге көз жүгіртіп, қайбір кездерде жасалған олқылықтардың орнын толтыру саналы ұрпақтың ұлт алдындағы, бабалары мен балалары алдындағы міндеті болса керек-ті. Қазақылықтың қаймағы сақталған жерлерде Калинин мен Лениннің есімдері әлі өшпей тұрғаны, тайға таңба басқандай әр жерде жазылып тұруы – тәуелсіздігіміздің көрсеткіші ме?! Елі үшін өзін құрбан еткен ерлердің есімдері, қазақтың хас батырларының, алаштың азаматтарының аты қате жазылған қалпы сол Ленин мен Калининнің бойын тасалағаны – сананың жаңғырғаны ма?! Он шақты әріпке шамасы келмеген ел егемендік жайлы не біледі?!
Жер атауларының қазақшалануы туралы біршама бастама көтеріліп, екі түрлі пікір есітіп те жүрді. Бұл заңдылық та. Әділдік емес, заңдылық қана. (Тәжірибеден байқағанымыздай елді мекеннің атауын өзгерту аса қиын шаруа емес екен.) Десе де, осы күнге дейін «күнде ертең» деген жағымсыз жүйенің арқасында кенжелеп келе жатқан маңызды шаруа өткен жылдың маусым айында өзінің оң шешімін тапты. Ақмола облысына қарасты Целинаград (әзірге) ауданының 2 ауылы мен 23 көшесі қазақшаланды.
Тұрғындар арасында «Новоишимка» деген атауды арқалап жүрген ауыл атауы – «Жаңа Есіл», белгісіз бір себептермен «Семеновка» болып ұйықтаған ауыл – «Қараменді Батыр» болып оянды. Қараменді Батыр – Абылай хан заманындағы белгілі де беделді батырлардың бірі. 1922 жылы қазақ даласына Кеңес үкіметі енді орнап жатқан кезде, Қараөткелдегі бір топ қазақ азаматтары Кенесары хан мен Наурызбайдың қаза тапқанына 75 жыл толуына орай үлкен ас беріп, ат шаптырып, той жасайды. Бұл той Қараменді батырдың бейітінің маңында өтеді. Кенесары ханның, оның сенімді серіктері: Наурызбай, Ағыбай, Бұғыбай, Танаш, Жанайдар, Жеке батырлардың аруағына арналып құран оқылған осынау астың өткен жері сонау кездерде «Қараменді Батыр ауылы» деп аталғанын тарих ғылымдарының докторы, Жамбыл Артықбаев 1897 жылғы ескі картаны көрсете отырып, дәлелдеп берді. Қараменді батырдың қандай адам болғанын тарих беттерінен-ақ оқып, білсеңіздер болады. Ендеше сол жерге еңбекпен тері тамған, жеңіспен қаны тамған бабамыздың атын беріп, байырғы атауына қайта келгеніміз, аруақ сыйлағанымыз қашан да болсын, кімге де болсын үлгі.
Бұл – жақсы істің басы ғана. Ақмола облысындағы 8 ауыл, 3 ауылдық дуан мен 221 көше атаулары өздерінің мағынасыз атауларынан арылып, қазақтың ертеңі үшін от кешкен батырлардың, ел ертеңін алаң қылған зиялылардың атымен, қазаққа рух беретін байрақты да төл сөздерімен атала бастады. Көпшілік танымайтын, нақты сол аумаққа еш қатысы жоқ адамдардың атымен аталып келген Ақмолдың 18, Қосшының 62, Қояндының 42, Жарлыкөлдің 9, Шұбардың 4, Арайлының 11, Мәншүктің 8, Талапкердің 22, Жаңаесілдің 22, Родинаның 4, Софиевканың 15 көшесі – «Күлтегін», «Тоныкөк», «Тәуке хан», «Қабанбай батыр», «Кейкі батыр», «Кенесары», «Қасым хан», «Қажымұқан», «Балуан Шолақ», «Д.Қонаев», «Қ.Рысқұлбеков», «Ж.Тәшенов», «Ә.Бөкейханов», «М.Дулатов», «М.Жұмабаев», «Ф.Оңғарсынова», «М.Мақатаев», «Ұлы дала», «Тәуелсіздік», «Желтоқсан», «Алаш», «Егемен Қазақстан», «Оқжетпес», «Бурабай», «Көкшетау», «Арқалық», «Ерейментау», «Баянауыл», «Арал», «Балқаш», «Зайсан», «Алакөл», «Шалқар», «Жайық», «Хантау», «Қазығұрт», «Отырар», «Түркістан», «Қызылорда», «Қызылжар», «Кереку», «Бозоқ» секілді атауларға ие болды.
Осыншама іс бір ғана күнде жоспарланып, іске асып кетпесі һақ. Бұл істің басы-қасында жүріп, азаматтардың бас қосқан жиынын жүргізіп, ауыл тұрғындарымен, ономастикалық орталықтармен, тарихшылармен, ел азаматтарымен, зиялы қауыммен ақылдаса отырып, жүйелілік пен жанашырлық, ұлтжандылық пен ұтқырлық танытқан: Целиноград ауданы «Мәдениет және тiлдердi дамыту» бөлiмiнiң басшысы, Сүйiнжанова Айгүл Үкiметқызы мен Целиноград ауданы әкімінің орынбасары, Айтқожинова Алма Көкішқызына айтылған алғыстардың талайын есітіп жүрміз.
Қараменде Батыр мен Жаңа Есіл ауылдарының тұрғындарымен кездескен жиында Алма Көкішқызы: «Мен Ерейментауда қалың немістің арасында туып, өстім. Сондықтан қазақшаға шорқақ болдым. Қазақша сөйлемегеніммен, жүрегім қазақ деп соғады! Бүгін біздің осы атқарған ісімізге әкем мен анамның аруағы ырза болған шығар деп ойлаймын» деп еді. Ойлы адамға бұдан артық не айтпақ керек?! Бұдан артық қандай басшы керек?! Елінің ертеңін ойлайтын азаматтардың тізгін ұстауы – жарқын болашағымыздың кепілі. Жақсылық жасап, игілікті қайталап, тура осындай жат есімдерден арыла алмай тұрған қазақ даласындағы кей-кей ауылдар мен көшелерді, аудандар мен ғимараттарды тірілтетін кез келді. Құр дақпырт пен сылбыр сөзден келетін пайда бар болса, басқа-басқа біз көретіндей-ақ болдық қой. Бұлардан түк шықпасына анық көз жеткізген соң іссіз, қимылсыз жатқанымыз жарамас-ты.
Ауыл мен көше атауларының қазақшалануында қаламгер замандастарымыз бен тарихшы ғалымдарымыз да өз үлестерін қосты. Көзі қарақты оқырман осынау сүйіншілеген жаңалықты Алмас Темірбайдың, Жамбыл Артықбаевтың әлеуметтік желідегі парақшаларынан да оқып, ризашылықтарын білдіріп жатты. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жұмыла көтерілген жүйелі істің жемісі осындай болмақ керек. Елордамыздың маңындағы қазақ ауылдарының жағымды жаңалығын басқа да оянбаған ауылдар мен көшелер қайталайды деген үлкен үмітім мен зор сенімім бар.
Ербол АЛШЫНБАЙ
журналист