Жақында әлеуметтік желіде жүген-құрық тимеген асауды тақымдаған жігіттің өрлігі мен өжеттігі көрініс тапқан бейнежазбалар кең таралып, жұртшылықтың қошеметіне бөленді. Шу асаулардың бірінің жалына таскенеше жабысып, туғалы жүгенделіп көрмеген екі жарым жастағы күрең құнан шалқалап құлағанның өзінде тақымын босатпаған жігіттің қайраты мен ептілігі талайға таңдай қақтырды.
Көпшілікке таралған бір минуттық бейнежазбадан жалына қол тимеген асаудың тарпыған сәтін көргенде төбе шашың тік тұрады. Өйткені жылқының сырын білетін жігіттер айғыр алдыңғы аяғымен тарпып көкжал қасқырдың белін сындыра алады дегенді айтады. Ал сол тас тұяқ жазатайым батырдың сүйегіне тисе оңдырмасы анық еді. Бірақ намысты жігіт асауды күшпен бағындырды.
Осы көріністер қолайымызға жаққан соң, сұрастыра келе асауды жалаң қолмен жөнге салып, ырқына көндірген азамат жас балуан Абылай Серік екенін біліп, дереу телефонын тауып, хабарластық.
Бақсақ, Үшқоңырдың етегіндегі жайлауында жыл сайын ағайындары мен тілекшілерін жинап ерулік беретін қазақтың даңқты ұлы, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің биылғы тойында ұлттық ойындардың небір төресі ойналыпты. Қазақстанның Еңбек Ері аударыспақ, қазақ күресі, көкпар сынды ұлттық ойындардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне түгелдей бәйге тіккен. Ал асау үйрету сайысында көптің ішінен біреу: «Оу, ағайын! Осы таудың етегінде спорттық қарымын шыңдап жатқан балуандар тойға келіп еді, араларында асауға құрық салатын батырлары ба ма?» деп дауыстаған сәтте, замандастарының арасынан суырылып шыққан Абылай қолына қыл арқанды іле сала, асау үйірге тұра ұмтылған. Бірақ таяған сәтте бір жылқының сәл сүрінгенін байқап қалып, дереу арқанын тастай сала жалына жармасқан.
Абылай Серік Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданы Қалбатау ауылында туып-өскен. Жасы жиырма бесте. Грек-рим күресіне Ақтөбе облысының атынан қатысады және Қазақстан біріншілігінің жүлдегері атанған. Бапкерлері Боранбек Қоңыратов пен Әлім Қойлыбаев қиядан қыран алатындай, қарсыласын алып ұратындай жүрегі мен білегі бар жігітті жазбай танып, үлкен додаларға қосып келеді.
Ал Жақсылық Үшкемпіровтің тойына қатысқан белгілі боксшы Қанат Исламға ере барған америкалық промоутерлер, яғни талайды көрген Американың ұлттық символына айналған қалпақты «ковбойларының» ұрпақтары да қазақтың ержүрек жігіттерінің ептілігі мен қайсарлығын көргенде бастарын шайқап, көздерін жұмыпты деседі.