• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 08 Тамыз, 2019

Темір тұлпарлар дүбірі

373 рет
көрсетілді

Екі мың жылдан астам тарихы бар көне Тараз шаһары­нан ежелгі жәдігерлерді ғана емес, ертедегі көліктерді де көптеп кездестіруге болады. Бүгінде көне жәдігер есепті сақталып қалған көліктер қымбат саналады.

Жуырда Тараз қаласын­дағы «Жастар» аллеясында алғаш рет көне автокө­лік­тердің көрмесі өтіп, халық не түрлі кереметтерге куә болды. Аталған шара­ны Жамбыл облысының әкім­дігі мен «Джип клуб Тараз» тобы бірлесе ұйымдас­тыр­ған. Мұнда ескі темір тұл­пар­лардан бас­тап, соңғы үл­гідегі өте қымбат көліктердің жиынтығына дейін қойылды.

Ұйымдастырушылардың ай­туынша, аталған көрмеге ша­һар­дағы ең әдемі деген 50-ге жуық автокөлік жә­не оншақты мотоцикл арна­йы таңдалып алын­ған екен. Бір ғажабы, маркасы жағынан бірінен-бірі өткен темір тұл­парлар көрмеге келу­ші­лерді қызықтыра түсті. Тіпті көрмені тамашалаушылар өздеріне ұнаған көліктің жанында фотоға түсіп, оларды қызықтап жатты. Айта кету керек, ресейлік «Бригада» сериалындағы көліктер де аталған көрмеден табылып, көпшіліктің таңданысын тудырды. Сонымен қатар көрме ұйымдастырушылары сонау соғыс жылдарынан бері көне жәдігер ретін­де сақ­талып келген авто­көлік­терді де көптің алдына шығарды.

«Джип клуб Тараз» тобы­ның мүшесі Евгений Дуюнов фестивальға 50-ге жуық темір тұлпар қатысқанын, олардың арасында «Бригада» сериа­лында бой көрсеткен «Газ-21» («Волга»), сонымен қатар Lincoln Town Car авто­көліктерінің де бар еке­нін айтады. «Сондай-ақ қалың жұрт­шылыққа Екінші дүние­жүзілік соғыс заманына куә болған көліктер де таныстырылды. Соның бірі – Ford GPW авто­көлігі. Оны көлік иесі көрмеге эвакуа­тормен әкелді. Күн көзіне шағы­лысқан «Мерседес» пен авто­әуес­қойлардың қызығушы­лығын тудырған «BMW» автокө­лігін де дәл осы жерден таптық», дейді өз сөзінде Евгений Дуюнов.

Тағы бір ерекшелік, көр­меге қойылған көліктердің ішін­дегі ең көнесі «ГАЗ – 67» автомашинасы болып шық­ты. Бұл темір тұлпар­дың иесі Әбдужәлил Құрбанов есім­ді азамат екен. Осы уа­қыт­қа дейін 20 автокөлік құрас­тырған ол мұнда оның алтауын әкеліпті.

 

Жамбыл облысы