Отандық кинорежиссер Әділхан Ержановтың «Қап-қара адам» картинасы халықаралық кинобайқауда бақ сынамақ. Аталған туынды 2019 жылдың 20-28 қыркүйегі аралығында өтетін әлемдегі ең көне «А» класты кинофестивальдардың бірі – 67-ші San Sebastian International Film Festival жобасының негізгі конкурстық бағдарламасына қатысады.
Бұл – Short Brothers және Arizona Productions компанияларының қатысуымен Astana Film Fund компаниясы жасаған картинаның әлемдік премьерасы. Фильмде басты рөлдерді Данияр Алшинов пен Динара Бақтыбаева ойнайды.
– «Қап-қара адам» – өмірдің түрлі сынақтарында өзгеріп, қайта адам болатын кейіпкер туралы фильм. Туындыға арқау болған оқиға талай рет айтылып, сандаған сюжетке арқау болып жүргенімен де, мен үшін бұл тақырып қашанда қызық. Әрдайым толғандырып жүрген өзекті мәселелердің санатында. Жанр бойынша жіктейтін болсақ, менің фильмім – анти-детектив», дейді төл туындысы жөнінде кинорежиссер Әділхан Ержанов.
Естеріңізге сала кетейік, аталған картина өткен жылы Almaty Film Festival кинобайқауы аясында өткен питчинг жобаларының жеңімпазы атанған болатын. Фильм продюсерлері – Ақан Сатаев пен Ернар Құрмашев, композиторы – Ғалымжан Молданазар. Сценарийді жасау үшін Әділхан Ержанов пен нидерландтық Ролоф Ян Миннебоо бірлесе жұмыс істеді.
Отандық өнімнің кинобайқаудан топ жарып, елге олжалы оралуына тілектеспіз.