Жұма, 1 наурыз 2013 7:55«Алтылық» пен Иранның келесі кездесуі Ыстамбұлда өтетін болды. Ол 17-18 наурызда сарапшылар деңгейінде ұйымдастырылады деп жоспарланып отыр. Оған қоса, келіссөздер 5-6 сәуірде Алматыда жалғасатын болады. Бұл жөнінде Иранның Ұлттық қауіпсіздігі жоғары кеңесінің хатшысы Саид Джалили жария етті.
Жұма, 1 наурыз 2013 7:55
«Алтылық» пен Иранның келесі кездесуі Ыстамбұлда өтетін болды. Ол 17-18 наурызда сарапшылар деңгейінде ұйымдастырылады деп жоспарланып отыр. Оған қоса, келіссөздер 5-6 сәуірде Алматыда жалғасатын болады. Бұл жөнінде Иранның Ұлттық қауіпсіздігі жоғары кеңесінің хатшысы Саид Джалили жария етті.С.Джалили өзінің сөзінде Иранның ядролық бағдарламасы жеткілікті деңгейде мөлдір екенін де атап көрсетті. Иран МАГАТЭ-мен ынтымақтастығын жалғастырады, бірақ аталған ұйыммен жұмыс келіссөздер барысында белгіленген шеңбер аясында айқындалады, деді ол өзінің сөзінде.
Иранның Ұлттық қауіпсіздігі жоғары кеңесінің хатшысы Саид Джалили Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа «алтылықпен» келіссөздерді ұйымдастырғаны үшін ризашылығын білдірді. Қонақжайлық танытылғаны және келіссөздердің осы кезеңін өткізуге жағдай туғызылғаны үшін рахметімді айтамын. Ұлтқа табыс тілеймін. Жоғары мәртебелі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа осы келіссөздерге ерекше назар аударғаны үшін рахмет, деді сәрсенбі күні өткен брифингте келіссөздердің қорытындылары жөнінде айта келіп С.Джалили.
Өз кезегінде Еуроодақтың өкілі Кэтрин Эштон да Қазақстан тарапына келіссөздерді ұйымдастырғаны үшін ризашылығын білдірді. Біз қонақжайлық танытқаны үшін Қазақстан Үкіметіне ризамыз. Біздің жұмысымызға барлық жағдайды жасап, күш-жігер жұмсаған адамдарға да айтар алғысымыз шексіз. Біз осында қайта оралатын уақытты асыға күтеміз, деді ол.
Иранның ядролық бағдарламасы бойынша өткізілетін кездесулерде өңірлік ынтымақтастық мәселесі де талқыланатын болады, деп мәлімдеді сәрсенбі күні өткен брифинг кезінде Иран делегациясының басшысы, Иранның Ұлттық қауіпсіздігі жоғары кеңесінің хатшысы Саид Джалили.
Біздің Ыстамбұлдағы, Бағдаттағы және Мәскеудегі келіссөздеріміз барысында біз ілгерілеткен ұсыныстардың бірі ядролық мәселелермен қатар, өңірлік ынтымақтастық жайы бойынша да кездесулер өткізу болды. Солардың бірі Сирия және Бахрейн мәселелеріне арналды, деді Иран делегациясының басшысы.
Ал 26-27 ақпан күндері Алматыда Иранның ядролық бағдарламасы проблемасына байланысты өткен келіссөздердің кезекті кезеңінде нақты бір шешім қабылданбаса да, тараптар тарапынан өзара түсіністікке деген ұмтылыс байқалды.
Иранның ядролық бағдарламасы бойынша Алматыда 26-27 ақпанда өткен келіссөздер Иран мен халықаралық бітімгершілер тобы арасындағы өзара түсіністікті нығайтуға өзіндік бір үлес қосты. Қазақстан, келіссөздерге тікелей қатысушы болмаса да, оларды жемісті өткізуге барлық оңтайлы жағдайлар жасауға ұмтылды. Қазақстан тараптардың келіссөздерді жалғастырып қана қоймай, проблеманы тек бейбіт, дипломатиялық жолмен шешу қажет деген ұстанымын қуаттай отырып, келесі кездесуді мәлімделген мерзімде Алматыда қабылдауға дайын екенін білдірді.
Еске сала кетсек, «алтылық» (Ресей, АҚШ, Қытай, Ұлыбритания, Франция және Германия) пен Иранның кездесуі қорытындысында алда тұрған мәселелерді 18 наурызда Ыстамбұлда сарапшылар деңгейінде қарастыру жөніндегі уағдаластыққа қол жеткізілсе, келіссөздердің жоғары деңгейдегі келесі кезеңін 5-6 сәуірде Алматыда өткізу белгіленді.
Қытай делегациясының басшысы, ҚХР Сыртқы істер министрінің көмекшісі Ма Чжаосюй сәрсенбі күні келіссөздер барысында оң нәтижелерге қол жеткізілгенін жария етті. Тараптар бір-біріне оң көзқарас танытып қана қоймай, Иранның ядролық проблемасын шешу жоспарына қатысты ашық-жарқын пікір алмасты, деді Қытай делегациясының басшысы.
Ма Чжаосюй Қытай БАҚ-тарына берген сұхбатында тараптар арасында алдағы келіссөздерден оң нәтиже күтуге алғашқы қадам жасауға мүмкіндік беретін оңтайлы ахуал қалыптасқанын атап көрсетті. Сондай-ақ, ол Қытай жағы проблеманы бейбіт жолмен шешуге оң ықпал ету үшін күш-жігер танытып келе жатқанын көлденең тартты. 2006 жылы Қытай «алтылық» механизміне қосылса, өткен жылы «алтылық» пен Иран арасындағы үнқатысудың төрт раундына қатысты, деді ол.