• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 09 Тамыз, 2019

Ақсаусақ ұрпақ немесе келінімнен «келинкам» жақсы

588 рет
көрсетілді

Тіршілік толқынында бір-бірі­мен ұштаса қарбасқан қаншама мәселенің тасасында қалған тағы бір жай бар. Бұл жас ұр­пақ­ты адал еңбекке баулу, сол ең­бектің дәмін татыру, қадірі мен қасиетін ұғындыру.

Бүгінгі ұрпақтың қарапайым тір­шілікке қауқарсыз болып бара жат­қаны ойландырмай қоймайды. Тіпті тепсе темір үзетін азаматтардың шеге қағуға икемі келмейтіндігі несі?! Бәлкім қоғамдағы қордаланып қалған көп мәселенің астарында осы жай жат­қан жоқ па?

– Ертеректе Көкшетау қаласының ір­гесіндегі Краснояр ауылының ма­ңын­да жаз маусымында балалардың еңбек және демалыс лагері жұмыс іс­тей-тұғын. Менің үш балам да ала жаздай сол лагерьде болып, көк­өніс баптаумен шұғылданатын. Ауыл­дағыдай мал ұстап, отын дайындап, қарбаласатын тіршілік қалада жоқ қой. Сонан соң амалсыз пісіп жетілсін деп, ырыздықтың қалай өсетіндігі жетесіне жетсін деп сол лагерьге бе­ретінмін. Жаман болған жоқ. Үшеуі де қаршадайынан қара жұмыста шың­далып азамат болып өсті, – дейді Қоныс­бек Шағыров ақсақал.

Қазір балалардың демалыс мау­сымында тынығуды  еңбекпен ұш­­­тастыратын, жас ұрпақты еш уа­қытта мәнін жоймайтын еңбекке тәрбиелейтін орын жоқ екен.

– Барлық білім ошақтарында еңбек пәні оқытылады,–дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ботагөз Дүйсенова, – балалар жаздыгүні денсаулықтарын нығайту керек. Дегенмен айтып отырған тақырыбыңыз өте орынды. Бұл мәселе бәлкім қала балалары үшін өзекті шығар. Ауыл балалары онсыз да еңбек етеді ғой.

Қазір бала тәрбиесіндегі осы бір өзекті жай қала мен далаға бірдей болып қалғаны қашан. Бүгінгінің ата-анасы Жаратқаннан тілеп алған бірді-екілі перзентінің үстінен құс ұшырмайды. Желге-күнге тигізбей өбектеп отырады. Әрине бауыр еті баласын өліп-өшіп жақсы көрген дұрыс шығар. Бірақ оның ертеңгі күні не болмақ.

– Мен бірер жыл Көкшетау аудан­дық білім бөліміне басшылық жасадым, – дейді Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев, – сол уақытта желкілдеп өсіп келе жатқан жас ұрпақты еңбекке тәрбиелеуге мықтап көңіл бөлдік. Ол кезде елдің бәрі жұмыста. Үйдегі мал-жанға есейіп қалған балалар ие болатын. Өзіміз де солай істедік. Мәселен, көктемде 5-6 бұзау сатып алып, бала­ларға бақтырсаңыз, келесі күзде қан­шама қаражат. Мектепке баратын балалардың бар қажетін өтейді. Бір жағынан отбасылық бюджетке тәп-тәуір септігін тигізсе, екінші жағынан балалар еңбек етуді үйренеді. Әлгі жаз бойғы еңбегіне өздеріне киім-кешек, керек-жарақтарын алғанда төбелері көкке бір елі жетпей қалады. Адал еңбектің зейнетін көру, дәмін татыру деген осы емес пе.

Бәлкім жасөспірімдердің өздері ата-аналарының иығындағы жүкті еңсеруге жәрдемдесер деген де ой жетектеп, қалалық жұмыспен қам­ту орталығына апарды. Мұндағы маман­дардың айтуына қарағанда, жазғы демалыс маусымында қол­даныстағы заңға сәйкес жарты күн болса да жұ­мыс істеп қаражат табуға сұранып келгендер жоқ екен.

– Балалардың пейілін бұзып тұр­ған әлеуметтік желідегі әдемі суреттер. Шалқыған салтанат, қызылды-жа­сылды қызық думан, – дейді ел ағасы Баржақсы Елтенов. – Осыны көрген бала жұмыс істей ме. Ол да жаңағы балалар сияқты көк теңіздің жағасында көсіліп жатқысы келеді. Әрине төрт құбыласы сай болып тұр­са, баланың да бақуатты тіршілік етуіне қақысы бар шығар. Бірақ қа­ра­пайым тіршілікте өмір сүруге дағ­дылану, қаршадайынан адал еңбек етіп, табыс табуға бейімделу мәнді мұ­рат.

Қазір қыз баланың да тәрбиесіне түпкілікті назар аударған жөн. Осы орайда білім саласында қырық жыл­ға жуық қызмет етіп, кейін облыс­тық мұсылман әйелдері ұйы­мына жетекшілік жасаған Рауза Бәй­ке­но­ваның пікірі салмақты.

– Биыл шаңырақ көтерген жас­тардан дәм-тұзы жараспай ажырасып кеткендері күрт көбейіпті, – дейді Рауза апай, – меніңше осы мәселенің астарында да балаларымызды ерте бастан еңбекке баулу­ды ескере бермейтініміз жатыр. Та­ратып айтса, талай уақыт кетеді. Ене мен келіннің тіл табыса алмауы, жас­тардың жұмыс істеп, табыс табуға икем­сіздігі, бәрі айналып келгенде осындай келеңсіз жайға алып  келеді. Әлгі ажырасқан жастардың басым көпшілігі үйленгендеріне 3-4 жыл ғана өткен жастар екен. Отбасындағы екеуі де тіршілік етуге икемсіз болған соң, материалдық тапшылыққа тап болады. Бұл орайда өз ұрпағымыздың тәрбиесіне мықтап көңіл бөлейікші. Өнер-білім дамыған бүгінгі заманда қара жұмысқа қарап қалған ештеңе жоқ деп ойларсыз. Ол да керек. Мәсе­лен, осы Көкшетау қаласындағы тұр­­мысқа қажетті бұйымдарды жөн­дей­тін шеберханаларға барыңызшы. Өзі­міздің ұлттың бірін көрмейсіз. Мұсылман әйелдері лигасына бас­шы­лық жасап жүргенде қыздар тәр­биесіне көп көңіл бөлдік. Өйткені олар ертеңгі келін ғой.

Келін демекші бұл өзі бөлек та­қырып. Таяуда нағашы апамыз На­ғима әжей күйініп отыр екен. Қы­раулы қабағы салбырап, күз келе жа­тыр. Ертерек қамданбаса тағы бол­майды. Апайдың төрт келінінің төртеуінің де қолы тимейді екен.

– Жұмысбасты, демалысқа шыққан екеуі шетелге қыдыруға кеткен. Амал жоқ, «келинканы» шақырдым, – дейді апай, – шынын айтайын, келінімнен «келинкам» жақсы.

«Келинкасы» несі?» дегенбіз, сөйт­сек kelin_cleaning деген қызмет түрі екен. Тауып алып, хабарластық. Үй орманыңызды мұнтаздай етіп тазалап береміз» деп құлшынып отыр. Демалыс күндеріне 20 пайыз жеңілдік. Электр қуаты мен су болса болғаны.

Жалғызілікті жандар үшін қажет көмек. Ал өз келінінің қолғабысын көре алмай отырғандар үшін өкініш. Еңбек етуге дағдыланбаған қоғамда өз келініңнен «келинкаң» тәуір болуы да заңды...