АҚШ-тың Огайо штатындағы Дейтон қаласында мылтықты адамның бей-берекет оқ атқанынан өткен жексенбіде 9 адам қаза болып, ондаған адам жараланған.
Қаланың полициясы оқ атушыны қылмыскерге қарсы оқ жаудырып, тоқтатқан. Басқаша мәмілеге келуді, атысты тыюды ол ойына да алмаған екен. Осы қаланың мэрі Нэн Уэйлидің Associated Press агенттігіне берген сұхбатына қарағанда, қанішердің өзі брондальған күртеше киіп алған және мылтығының бірнеше қалта қосымша оқтары болған. Аты-жөні туралы ол ешқандай мәлімет айта алған жоқ. Сонымен бірге мэр полицияның қызметі, олардың жанқиярлық ерлігі тағы да жүздеген адамның өмірін сақтап қалды деп мәлімдеді.
Осының алдында, бір-ақ күн бұрын Техас штатының Эль-Пасо қаласындағы супермаркеттердің бірінде де дәл осындай қырғын болған. Ондағы атыста 20 адам өліп, 26 адам жараланған. Ал бұдан бір апта бұрын Калифорния штатының Гилрое қаласындағы сарымсақ фестивалінде де мылтық ұстаған адам бей-берекет оқ атып, үш адамды ажал құштырған. Дәл осындай жаппай атыс фактілері тіркелген сайын АҚШ-та қару сату мәселесі қайта-қайта көтеріледі. Оған қарсы шығатындар да, қолдайтындар да табылады. Ал АҚШ азаматының заңды түрде қару сатып алуына Конституция рұқсат береді.
Драмалық қойылымдар тілімен айтқанда «сахнада мылтық ілулі тұрса, ол тым болмаса, бір рет атылуы тиіс». Сол сияқты, күнде ұстап, сипап, қызыққан мылтығын ұшқалақ мінезді, балалығы арылмаған адам атқысы келіп тұратын сияқты. Әрине, қару-жарақ жасайтындар да оны сатып, пайда табу үшін жасайды. Ал бұл елде қарудың емін-еркін сатылуына мүдделі лобби жасайтын түрлі қауымдастықтар жетерлік. Себебі қару-жарақ нарығы үлкен бизнес.
Әрине, мылтықты қорғаныс құралы деп санайтындар көп. АҚШ сияқты ауыр қылмыс жиі тіркелетін елде қарумен қорғанатындар аз емес. Мәселен, жыл басынан бері осы мемлекетте қару қолданылған 33 мың факт тіркеліпті, одан 9 мың адам көз жұмған. Яғни қаруға сұраныстың не үшін жоғары екенін түсіну қиын емес.
Америкадағы атысты Федералдық тергеу бюросы (ФТБ) зорлық-зомбылық идеологиясының құрбандары деп отыр. Калифорниядағы сарымсақ фестиваліне қатысқандарды атқан 19 жасар Сантино Леганның ісіне қарап, осындай баға берілген. Ол өзінің ататын нысаналарын алдын ала белгілеп, қалтафонына жазып отырыпты. ФТБ-ның қорытындысына қарағанда «бұл ішкі терроризмнің көрінісі» екен. Ал қару-жарақ оған неге сатылған деген сұраққа ешкім де жауап іздемеген, өйткені мұндай «тауарларды» сатуға шек қою туралы ешқандай заң жоқ қой...
Соңғы атыстан кейін АҚШ Президенті Дональд Трамп Техас пен Огайо штатындағы барлық үкіметтік ғимараттардың төбесіндегі мемлекеттік тулар түсіріліп, елдің қайғырғаны білінсін деген өкім берген. Сонымен бірге туиттердегі парақшасында қайғыға ұшыраған жандардың бәріне көңіл айтқан. Сонымен, оның тарапынан жасалуға тиісті шара тәмам болған.
Бір қызығы, Огайо штатында оқ атқан 24 жастағы Коннор Беттс Дейтон қаласындағы қоғамдық колледждегі психология мамандығына оқып жатқан студент екен. Болашақ психологтың өзі осындай қылмысқа барса, басқаларға не жорық дегің келеді.
Айта кететін жайт, осы Дейтондағы қанішердің қолында 223 калибрлі жартылай автоматты қару болған, дәл осындай қару 2012 жылғы Коннектикут штатының Ньютаун қаласындағы атыста да қолданылған екен. Онда 20 мектеп оқушысы мен алты ересек адам қаза болған еді. Ал 2016 жылы Орландо штатында Омар Матин есімді азамат гей-клубқа барып, оқ атқан. Ол кезде 49 адам қайтыс болып, 53 кісі жарақаттанған еді. О.Матин сол оқиғаға дейін жартылай автоматты қару мен екі тапаншаны дүкеннен заңды түрде сатып алған екен.
Аталған фактілер жартылай автоматты қаруларды бейбіт тұрғындарға сатудың қаншалықты қауіпті екенін көрсетсе керек. Мәселен, биыл Жаңа Зеландия өз елінде мұсылмандарға қарсы шабуылдардан соң әлгі қарудың сатылымына шектеу қойды. Себебі ол елдің Крайстчер қаласында ақ нәсілді ұлтшыл қылмыскер 51 мұсылманның өліміне себепші болған еді.
Әрине, Америкада да оқ-дәрі мен қару-жарақ сатуды шектеу керектігін айтып жүрген адамдар бар. Мәселен, осы Огайо штатынан шыққан сенатор Шеррод Браун осы мәселені қолға алуға шақырған өзінің ұсынысын штаттың заңгерлері мен Конгрестің қолдамағанына өкініш білдірген мәлімдеме жасаған.