«Азаматтық қоғам» деген сөз бізде көп айтылады, бірақ соның ерекшеліктерін толық ұғына алмай келеміз. Оның ең үлкен мақсаты – мемлекет пен оның азаматтары арасындағы жоғары дәрежелі тең құқылық қатынастарға қол жеткізу. Бұл – құқықтық мемлекет деген тәртіпті орнатудың алғышарты. Өкінішке қарай, бұған біз ғана емес, әлемнің көптеген елдері қол жеткізе алмай келеді.
Азаматтық қоғамның негізгі талаптарының бірі – жергілікті өзін өзі басқаруға қол жеткізу. Осы тәртіп те бізге толық орнамай келеді. Мемлекеттік басқарудың ең төменгі сатысы – ауылдық (селолық) әкімдік. Бірақ оның құқы барынша шектеулі, дамыған елдердегі тәрізді муниципалдық басқару дәрежесіне жете алмаған. Ауылдық округ деңгейіндегі барлық мәселеге жауаптылық бұларға әлі жат. Тек аудан әкімінің жоғарыдан түсірген бұйрықтарын орындап, салық жинау сияқты мемлекеттің тапсырыстарын орындауды, түрлі анықтамалар толтыруды ғана біледі. 2018 жылдан бастап Елбасының «Ұлт жоспарына» сәйкес, екі мың тұрғыны бар ауылдық округтерге жергілікті салықтардың бір бөлігін қалдырудың есебінен бюджет түзу құқы берілген. Ал 2020 жылдан бастап ол жаппай берілетін болған. Бірақ бюджетіміз бар, енді көптеген мәселені өзіміз шешіп жатырмыз деп қуанып жүрген әкімді көрмейсің. Тек «бұрын қызметтік «Нивама» бензин құйдыру үшін шаруа қожалықтарының бастықтарына жалынып жүруші едім, қазір өз ақшамыз бар, әйтеуір», деген сөздерді ғана естіп қаламыз...
Азаматтық қоғамды құрудың біздегі үлкен мәселелерінің бірі – аудан, қала әкімдерін сайлау. Мемлекеттік биліктің осы звеносының басшысы халықтың қайнаған ортасында жүріп, жұмыс істейтіндер және олардың қолдарында біршама билік те бар. Өкінішке қарай, әзірге жоғарыдан тағайындалатын болғандықтан, олар тек облыс әкімдерінің аузына қараумен келеді. Арасында тұлғалық қырлары биік кейбір азаматтар ғана аудан әкімі деңгейінде жүріп-ақ, жергілікті халықтың, жердің, кенттің мәселелерін көтеріп, тіпті шешуге де қол жеткізіп жатады. Бірақ ондайларды саусақпен санауға болады. Көбінің мақсаты – тек мемлекет мүддесіне қызмет ету, салықты уақытында жинату сияқты мәселелерді шешу ғана. Ал заң бойынша олар мемлекеттік органдармен қарым-қатынаста жергілікті әкімшілік-территориялық бірліктің барлық мүддесін қорғап, қызмет етуге міндетті. Сол үшін өзінің өкілеттігі шеңберінде батыл да белсенді іс-қимылдар жасап, облыс әкімдігіне ұсыныстар түсіріп тұруға тиісті еді. Бірақ көбі өзін тағайындаған облыс әкімінің мазасын ала бермей, тек тапсырылған жұмыстарды ғана орындайды. Сонымен қатар олар аудан, қала аумағындағы жалпы білім беретін, мектепке дейінгі оқу-тәрбие жүргізетін, әлеуметтік-мәдени, ем-дом жасайтын мекеме-ұйымдардың материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етілуіне жауап береді. Халық алдындағы негізгі қызметі де сол.
Міне, осы әкімдер сайланатын болса, халықтың мұң-мұқтажын шешуге белсенді түрде араласпас па еді? Өйткені өзін сайлаған халықтың тапсырыстарын орындауға міндетті ғой. Лауазымға сайланып тұрған соң облыс әкіміне жақпай қалармын деген жалтақтықтан да арылып, аудан ішіндегі барлық мәселелерге, соның ішінде жолдардың жөнделуі, ауыз сумен қамтамасыз ету сияқты өзекті проблемалардың шешілуіне қызу кірісер еді. Өйткені халық осындай істердің орындалуына мұрындық боламын деп уәде берген соң ғана сайлайды ғой. Оның үстіне мұндай әкімдер ашық қызмет жасаудан қорықпай, БАҚ-пен де тығыз араласып, өзінің істерімен қатар кедергілерді де ашық айтып отырмас па еді?
Бірақ бізде сайлау мәдениеті қалыптасқанына күмәнмен қарайтын азаматтар көп. «Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» дейтін әділетті көп адам қабылдамайды. Ағайыншылдық, рушылдық, жершілдік деген сияқты кекірт кеселдер санамыздан қалмай келеді. Сондықтан қолынан іс келетін емес, «өзіміздің бала» қағидатымен қайдағы бір су жұқпас алаяқтарды немесе аузынан сөзі, қойнынан бөзі түскен іске татымайтындарды әкім сайлап жіберуі де мүмкін.
Біздің елде алғаш рет 2005 жылы қанатқақты жоба ретінде төрт ауданның әкімі сайланған. Бұларды сайлау мәслихат депутаттарының дауыс беруімен, жанама дауыс беру әдісі арқылы жүргізілді. Еліміздің әрбір бұрышынан іріктеліп алынған төрт ауданның әкімі болуға бар-жоғы тоғыз адам ғана тіркелді. Бұл бір орынға екі адамнан ғана келеді деген сөз. Сонымен бірге сайлауға тағайындалған әкімнің қарсыласы ретінде түскендер елге танылмаған, тек көзбояушылық үшін қатыстырылғандар екені сөзсіз. Сондықтан бұрынғы әкімдер 83 және одан да көп дауыстар жинап, сайлауда шаппай жеңіп шықты. Ал келесі 2006 жылы 49 аудан мен 10 қала әкімі сайланды. Бірақ нәтиже болып, тиімділік артқан жоқ. Содан болу керек, бұл үрдіс 2007 жылдан бастап жалғастырылған жоқ.
Содан бері 12 жыл уақыт өтті. Қазір халықтың көзқарасы да, өмірлік белсенділігі де өзгерді. Тәуелсіздіктің тәрбиесімен, қалыптастырған қатынастарымен, күнбе-күнгі талабымен халықтың бойындағы жершілдік, жікшілдік, рушылдық сияқты кеселдер азайып келеді. Ортақ іске деген жанашырлық, ортақ мүддені ойлаудағы белсенділік арта түскен. Қазір «өзіміздің ағайын» дейтін баяғы қалыппен ойлаушылық та қалып келеді. Қолынан іс келетін, елге жаны ашитын жандарға халық қай атаның баласы, қай жердің тумасы болса да, іш тартып тұрады. Егер әлеуметтік желілердегі белсенділіктерге қарасақ, алты алыс, бес берісі болмаса да, қолынан іс келетін азаматтар қудаланса, халық шырылдап болысып, жазықсыз сотталғандар болса, араша тілеп жатады. Бұрынғы психологиядағыдай «оның маған не қатысы бар» дейтін самарқаулық қалған. Халық әділетті жақтап, сол үшін күресуге де бейіл.
Сондықтан бүгінгі таңда аудан, қала (облысқа бағынысты) әкімдерін сайлау – өмір талабы деп ойлаймыз.