• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 09 Тамыз, 2019

Әкімді сайлау – толғағы жеткен мәселе

328 рет
көрсетілді

«Азаматтық қоғам» деген сөз бізде көп айтылады, бірақ соның ерекшеліктерін толық ұғына алмай келеміз. Оның ең үлкен мақсаты – мемлекет пен оның азаматтары арасындағы жоғары дәрежелі тең құқылық қатынастарға қол жеткізу. Бұл – құқықтық мемлекет деген тәртіпті орнатудың алғышарты. Өкінішке қарай, бұған біз ғана емес, әлемнің көптеген елдері қол жеткізе алмай келеді.

Азаматтық қоғамның не­гізгі талаптарының бірі – жер­гілікті өзін өзі басқаруға қол жеткізу. Осы тәртіп те бізге толық орнамай келеді. Мем­лекеттік басқарудың ең төменгі сатысы – ауылдық (селолық) әкімдік. Бірақ оның құқы барынша шектеулі, да­мыған елдердегі тәрізді муни­ципалдық басқару дәре­жесіне жете алмаған. Ауыл­дық округ деңгейіндегі бар­лық мәселеге жауаптылық бұ­­­лар­ға әлі жат. Тек аудан әкі­­мі­нің жоғарыдан түсірген бұй­­рықтарын орындап, салық жинау сияқты мемлекеттің тап­сырыстарын орындауды, түрлі анықтамалар толтыру­ды ғана біледі. 2018 жылдан бастап Елбасының «Ұлт жоспарына» сәйкес, екі мың тұрғыны бар ауылдық округтерге жергілікті салықтардың бір бөлігін қалдырудың есе­бінен бюджет түзу құқы бе­ріл­ген. Ал 2020 жылдан бас­тап ол жаппай берілетін бол­ған. Бірақ бюджетіміз бар, ен­ді көптеген мәселені өзіміз ше­шіп жатырмыз деп қуанып жүр­ген әкімді көрмейсің. Тек «бұрын қызметтік «Нива­ма» бензин құйдыру үшін шаруа қожалықтарының бастық­тарына жалынып жүруші едім, қазір өз ақшамыз бар, әйтеуір», деген сөздерді ғана ес­тіп қаламыз...

Азаматтық қоғамды құру­дың біздегі үлкен мәселе­­лері­нің бірі – аудан, қала әкім­дерін сайлау. Мемлекеттік биліктің осы звеносының бас­шысы халықтың қайна­ған ор­та­­сында жүріп, жұмыс іс­тей­тін­дер және олардың қол­дарын­да біршама билік те бар. Өкінішке қарай, әзірге жо­ғ­арыдан тағайындалатын бол­ғандықтан, олар тек облыс әкімдерінің аузына қа­раумен келеді. Арасында тұл­ғалық қырлары биік кей­бір азаматтар ғана аудан әкімі деңгейінде жүріп-ақ, жер­гілікті халықтың, жердің, кенттің мәселелерін көтеріп, тіпті шешуге де қол жеткізіп жатады. Бірақ ондайларды саусақпен санауға болады. Көбінің мақсаты – тек мемлекет мүддесіне қызмет ету, салықты уақытында жинату сияқты мәселелерді шешу ғана. Ал заң бойынша олар мем­лекеттік органдармен қа­­рым-қатынаста жергілікті әкім­­шілік-территориялық бір­­ліктің барлық мүддесін қор­ғап, қызмет етуге міндетті. Сол үшін өзінің өкілеттігі шеңберінде батыл да белсенді іс-қимылдар жасап, облыс әкімдігіне ұсыныстар түсіріп тұ­руға тиісті еді. Бірақ көбі өзін тағайындаған облыс әкімінің мазасын ала бер­мей, тек тапсырылған жұ­мыс­­тарды ғана орындайды. Сонымен қатар олар аудан, қала аумағындағы жалпы білім беретін, мектепке де­йін­гі оқу-тәрбие жүргізетін, әлеу­мет­тік-мәдени, ем-дом жа­сай­тын мекеме-ұйымдар­дың ма­­те­­­риалдық-техникалық жа­­­­­ғы­нан қамтамасыз етілуіне жа­уап береді. Халық алдын­да­ғы негізгі қызметі де сол.

Міне, осы әкімдер сайланатын болса, халықтың мұң-мұқтажын шешуге бел­сенді түрде араласпас па еді? Өйткені өзін сайл­аған халықтың тапсырыстарын орын­дауға міндетті ғой. Ла­уа­зымға сайланып тұр­ған соң облыс әкіміне жақ­пай қа­лар­мын деген жал­тақ­тық­т­ан да арылып, аудан ішін­дегі барлық мәселелерге, со­ның ішінде жолдардың жөн­­делуі, ауыз сумен қамта­ма­­сыз ету сияқты өзекті проб­ле­малардың шешілуіне қызу кірісер еді. Өйткені халық осындай істердің орындал­уына мұрындық боламын деп уәде берген соң ғана сайлайды ғой. Оның үстіне мұндай әкімдер ашық қызмет жасау­дан қорықпай, БАҚ-пен де тығыз араласып, өзінің іс­тері­мен қатар кедергілерді де ашық айтып отырмас па еді?

Бірақ бізде сайлау мәде­ниеті қалыптасқанына күмән­мен қарайтын азамат­тар көп. «Ағайынның аты оз­ғанша, ауылдастың тайы оз­сын» дей­тін әділетті көп адам қа­былдамайды. Аға­йын­шыл­дық, рушылдық, жер­шіл­дік деген сияқты кекірт кесел­дер санамыздан қалмай келеді. Сондықтан қолынан іс келетін емес, «өзіміздің бала» қағидатымен қайдағы бір су жұқпас алаяқтарды немесе аузынан сөзі, қойнынан бөзі түскен іске татымайтындарды әкім сайлап жіберуі де мүмкін.

Біздің елде алғаш рет 2005 жылы қанатқақты жоба ретінде төрт ауданның әкімі сайланған. Бұларды сайлау мәслихат депутаттарының дауыс беруімен, жанама дауыс беру әдісі арқылы жүргізілді. Еліміздің әрбір бұрышынан іріктеліп алынған төрт ауданның әкімі болуға бар-жоғы тоғыз адам ғана тіркелді. Бұл бір орынға екі адамнан ғана келеді де­ген сөз. Сонымен бірге сай­лауға тағайындалған әкім­нің қарсыласы ретінде түскен­дер елге танылмаған, тек көз­бояу­шылық үшін қатысты­рыл­­ғандар екені сөзсіз. Сон­дықтан бұрынғы әкімдер 83 және одан да көп дауыс­тар жинап, сайлауда шаппай жеңіп шықты. Ал келесі 2006 жылы 49 аудан мен 10 қала әкімі сайланды. Бірақ нәтиже болып, тиімділік артқан жоқ. Содан болу керек, бұл үрдіс 2007 жылдан бастап жалғастырылған жоқ.

Содан бері 12 жыл уақыт өтті. Қазір халықтың көз­қарасы да, өмірлік белсенділігі де өзгерді. Тәуелсіздіктің тәрбиесімен, қалыптастырған қа­тынастарымен, күнбе-күнгі талабымен халықтың бо­йын­дағы жершілдік, жікшілдік, рушылдық сияқты кеселдер азайып келеді. Ортақ іске деген жанашырлық, ор­тақ мүддені ойлаудағы белсен­ділік арта түскен. Қазір «өзі­міз­дің ағайын» дейтін баяғы қалыппен ойлаушылық та қалып келеді. Қолынан іс келетін, елге жаны ашитын жандарға халық қай атаның баласы, қай жердің тумасы болса да, іш тартып тұрады. Егер әлеуметтік желілердегі белсенділіктерге қарасақ, алты алыс, бес берісі болмаса да, қолынан іс келетін азаматтар қудаланса, халық шырылдап болысып, жазықсыз сот­талғандар болса, араша тілеп жатады. Бұрынғы пси­хо­логиядағыдай «оның ма­ған не қатысы бар» дейтін самар­қаулық қалған. Халық әділетті жақтап, сол үшін кү­ре­суге де бейіл.

Сондықтан бүгінгі таң­да аудан, қала (облысқа бағынысты) әкімдерін сайлау – өмір талабы деп ойлаймыз.