Медиация дауды шешудің заманауи тәсілі ретінде оң нәтижесін көрсетіп келеді. Алайда, халықтың еліміздегі медиаторлар туралы хабары аз. Жанжалды шешудің балама тәсіліне еңбек, отбасы, адам құқықтарының сақталмауы сияқты мәселелерде жүгіне алатынын бірі білсе, бірі білмес. Медиаторлар кімдер, олардың қоғамға пайдасы қандай?
«Медиация туралы» заң 2011 жылы 5 тамызда қабылданды. Заңға сәйкес, медиаторлардың негізгі мақсаты – екі тарапқа мәселені өздері шешуге мүмкіндік беріп, бағыттау. Елімізде медиаторлар көмегі әлеуметтік салаларда, әсіресе отбасы мәселелерінде кеңінен қолданылады. Сонымен қатар несие сияқты коммерциялық проблемалар да медиаторлардың көмегімен шешіліп жатыр.
Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, кәсіби медиатор Шерзод Пулатовтың айтуынша, елімізде медиаторлардың көмегіне жүгінушілердің саны күн санап артып келеді. «Ассамблея арнайы курстар өткізіп, 800 кәсіби, 3500 қоғамдық медиаторды дайындады. Олардың 70 пайызы осы салада жұмыс істеп жүр», дейді ол. Шерзод Пулатов 25 жасқа толған, жоғары білімі бар азаматтың медиатор болуға мүмкіндігі барын айтты. Сарапшы медиаторлар әуелден бағытын айқындап, бір салаға негізделсе, жұмысы өнімді боларын айтады. «Қазір медицина, қорғаныс салаларына негізделген медиаторларды дайындауды қолға алдық. Бітімгерлеріміз көбіне азаматтар арасындағы түсініспеушілікті, кикілжіңдерді шешуге қатысады. Құқық қорғау органдарына шағымданғандарға да сот процесі кезінде медиаторға жүгіну кеңесі беріледі. Бүгінде кәсіби медиаторлардың ортақ реестрі бар. Барлық ақпарат ашық әрі қолжетімді. Дегенмен олардың тағайындалған айлықтары жоқ. Әрбір көрсеткен қызметі үшін ақы төленеді. Бүгінде осы мәселе өзекті болып отыр. Менің ойымша, медиаторлар да заңгерлер сияқты айлық алып отырғаны дұрыс», дейді кәсіби медиатор.
Нұр-Сұлтан қалалық сотының судьясы, бітімгерлік рәсімдер жөніндегі үйлестіруші Гүлжанат Рахметова 2019 жылдың 7 айында Нұр-Сұлтан қалалық сотында 3171 азаматтық істің қаралғанын, олардың 827-сі бітімге келумен аяқталғанын айтты. Ал 2337 іс медиация тәртібімен шешілген. «Осы уақытқа дейін медиация дау-дамайды шешудегі тиімді құрал екенін көрсетіп үлгерді. Өйткені медиация тәртібімен шешілген азаматтық істердің 60 пайызы оң нәтиже берді. Былай қарасаңыз, медиация қазаққа жат ұғым емес. Себебі халық арасындағы дау-дамайды ертеде би, ақсақалдардың реттегені белгілі. Бұл дауласушы тараптарды бір тоқтамға әкеліп, оларды татуластырудың жолы», деді сот өкілі.
Шетелдік тәжірибеге көз жүгіртсек, мәселені сотқа дейін шешу АҚШ-та XX ғасырда қолға алынған, ал Швейцария, Норвегия, Швеция, Бельгия елдерінде 90-жылдарда қолданысқа енген. Ресей Федерациясында бұрын сотталмаған, еңбекке қабілетті 18 жасқа толған азаматтар да медиатор бола алады. Еуропа елдерінде медиацияға қарағанда, «татуластыру шаралары» термині кең тараған. Өйткені Еуропада медиация тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелерінде кеңінен қолданылады екен. Бүгінге дейін орташа есеппен Еуропа халқының 74 пайызы тұтынушы құқығы мәселесі бойынша істі сотқа жеткізбей аяқтаған.
Бітімге келу экономикаға тиімді екені басқа елдердің тәжірибесінен анық. Мәселен, 2013 жылғы дерекке сүйенсек, АҚШ-та медиаторлардың жұмысы нәтижесінде 35 млн АҚШ доллары көлемінде қаржы үнемделген. Ал бізде биылғы жылдың 7 айының нәтижесінде 500 млн теңге көлемінде ақша мемлекетке қайтарылған. Сарапшылар медиация институты Еуропа мен Азияда екі түрлі екенін айтады.
Медиация бір жағынан сот жұмысын жеңілдету құралы. «Медиация туралы» заң қабылдау азаматтарға мәселені шешу жолын таңдау еркіндігін, адам құқықтарын қорғаудың жаңа мүмкіндігін қолдану, азаматтық қатынастың заманауи формасын қалыптастыру, мәселерді конструктивті диалог арқылы шешу сияқты зайырлы қоғамға тән мүмкіндіктер берді. Қаржы үнемдеуді былай қойғанда, медиатордың көмегімен мәселені бірнеше сағатта шешуге болады. Бұл уақыт үнемдеудің де тәсілі. Сонымен консенсуске келу арқылы тараптар арасындағы қарым-қатынасты сақтап қалу ықтималдығы жоғары. Көріп отырғанымыздай, медиация институты – азаматтық қоғам қалыптастырудың, дамуының белгісі. Себебі мәселені сотқа жеткізбей шеше алу – адам құндылықтары мен көзқарасын жаңа деңгейге көтерілгенінің айқын көрінісі.