Әсілі, қоғамда жақсы дүниелерді көрмейтін сарыуайымшылдар көбейіп бара жатқандай көрінеді. Қит етсе, «Қазақстанда түйме шығаратын зауыт та жоқ» деп қылғынып жатады. Рас, ондай уақыттар болды. Түн болса, түнектен көзі ашылмайтын қалалар болған. Кей аудан орталықтарында келген қонақтарды күтетін дәмхана, қонақүйдің болмағанын қазір ұмытып қалдық.
Бүгінде оның бәрі ертегі сияқты. Кешегі басқан аяғы кері кеткен аудандар бүгінде көркейіп келеді. Жақында Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақов Шиелі ауданына іссапармен барып, «Байқоңыр Солар» серіктестігінің электр стансасы құрылысының іргетасын қалау рәсіміне қатысты.
Сұлутөбе ауылдық округіндегі электр стансасы күніне 50 кВт электр қуатын өндіреді. Ауылда орналасқан осы стансаның күші қасындағы аудандардан бөлек, облыс орталығына да электр қуатын таратуға жетеді екен.
«Мемлекеттік қолдау арқылы жүзеге асырылып жатқан жобаға біз де көмек беріп, әрі қарай ауқымын кеңейтуге, дамытуға дайынбыз. Алдағы уақытта әлеуметтік көмек есебінде күн электр стансасы жақын орналасқан елді мекен тұрғындарына жеңілдіктер көрсетілу жағын қарастырған жөн», деді облыс әкімі.
Бұл жобаны «Қазына Капитал менеджмент» АҚ және «Юнайтед Грин Британдық холдингі» қаржыландырады. Іске қосылғаннан кейін 23 адам жұмыспен қамтылатын болады.
Тартоғай елді мекенінде 2016 жылғы тамызда пайдалануға берілген жеке кәсіпкер Н.Серікбайдың наубайханасы бар. Шағын наубайхана күніне 250-300 бөлке нан, 150 тоқаш, 100 самса және 100 шелпек шығарып, Тартоғай, Майлытоғай, Ботабай елді мекендерін және ЗК-169/4 мекемесін нан өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр. Облыс әкімі осы елді мекендегі ауылдық клубтың жұмысымен танысты. 150 орындық клуб үйінде ән, би, сурет, тоғызқұмалақ және шахмат үйірмелері жұмыс істейді.
Қуанышбек Досмайылұлы Жөлек елді мекеніндегі мемлекет-жекеменшік әріптестік аясында салынған дәрігерлік-амбулаториялық емхананың ашылу салтанатына қатысты. Емдеу мекемесінде күндізгі стационар, акушерлік, химазатор, ине шаншу, егу бөлмелері бар.
«Өздеріңіз білесіздер, мемлекет тарапынан әлеуметтік саланы қолдау үшін көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Облыстық бюджеттің жартысынан көбі әлеуметтік салаға жұмсалады. Былтыр облыста 5 аурухана, 9 медициналық амбулатория салынған. Биыл елді мекендерде 9 емдеу мекемесі бой көтерді. Осының барлығы – мемлекет тарапынан еліміздің басты байлығы адам және оның денсаулығына жасалған жағдай деп білеміз. Сондай-ақ мемлекеттік қызметкерлердің айлығы 1 маусымнан бастап 30 пайызға көбейді. Облыс әкімдігі тарапынан да әрі қарай тиісті қолдау көрсетілетін болады», деді өңір басшысы.
Облыс әкімі ауданға жұмыс сапары аясында тұрғындардың дене шынықтыруына жағдай жасау үшін ашылған Алғабас ауылындағы спорттық сауықтыру кешенінде болды. Мұнда шағын футбол, волейбол, күрес, бокс және жаттығу залдары бар.
Одан кейін Шиелі кентіндегі құбыр зауытына барды. Нысанның жалпы алаңы – 30 гектар, қуаты жылына 1 млн 600 мың құбырға тең. Кәсіпорында 104 адам жұмыспен қамтылған. Зауытта төмен қысымдағы полиэтилен құбырлары, поливенилхлорит құбырлары, газ құбырлары, технологиялық құбырлар және тағы басқа өнімдер Қазақстанның ішкі нарығына шығарылады.
Шиелі кентіндегі «Думан – Шиелі» ЖШС-нің арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында жасына байланысты өзіне қызмет көрсетуге мүмкіндігі жоқ егде адамдарға және тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедек балаларға арналған орталықта 54 қызметкер жұмыс істейді.
Өңір басшысы бұдан соң «Бастау» сауықтыру кешеніне, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-на қарасты №6 кен басқармасына (мұнда 402 адам жұмыспен қамтылған), жеке кәсіпкер Б.Әшірбековтің күріш ақтау және құрама жем зауытына барды.
Келесі нысан – «Гежуба Шиелі Цемент» ЖШС цемент зауыты жылына 1 млн тонна цемент өндіреді. Сыртқы нарыққа – 30%, ішкі нарыққа 70% өнім шығарылады. Кәсіпорынға индустриялық аймақтан 52 гектар жер учаскесі берілген. 2017 жылы 22 желтоқсанда Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінен преференция алуға инвестициялық келісімшартқа, әктас шығаруға келісімшартқа қол қойылған.
Ал «Ару Ана» түйе сүтін өңдеу цехы күніне 400 литр шұбат өндіреді. Өнім көрші аудандарға, Алматы, Ақтөбе, Қызылорда қалаларына тасымалданады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әр деңгейдегі әкімдерге халықпен жақын араласуды, қордаланған проблемаларын кеңесе отырып шешуді ұдайы айтып келеді.
Сапар барысында облыс әкімі бірнеше елді мекеннің тұрғындарымен кездесіп, жергілікті халықтың тыныс-тіршілігімен танысты. Сондай-ақ барлық деңгейдегі әкімдерге тұрғындардың жұмыссыздық мәселесін шешу керектігін қатаң тапсырды.
Бұл бір аудандағы қайнап жатқан тіршіліктің мысалы ғана. Бүгінде Қызылорда облысында барлық қала, аудандар дамудың жаңа деңгейіне шығып келеді.
Қызылорда облысы