Бейсенбі, 7 наурыз 2013 7:21
Өткен жылы Тәжікстанның ұсынысы бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 2013 жылды Су ресурстары саласындағы ынтымақтастық жылы деп жариялады. Соған сәйкес «БҰҰ – Су ресурстары» құрылымдары ЮНЕСКО-ға бірқатар шаралар өткізу ұсынысымен шыққан болатын. Мұның астарында соңғы жылдары жаһандық жылыну және ірі мемлекеттердің гидроэнергетикалық саясатының салдарынан су ресурстарының тапшылығы сезіле бастағандығы жатқаны анық.
Бейсенбі, 7 наурыз 2013 7:21
Өткен жылы Тәжікстанның ұсынысы бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 2013 жылды Су ресурстары саласындағы ынтымақтастық жылы деп жариялады. Соған сәйкес «БҰҰ – Су ресурстары» құрылымдары ЮНЕСКО-ға бірқатар шаралар өткізу ұсынысымен шыққан болатын. Мұның астарында соңғы жылдары жаһандық жылыну және ірі мемлекеттердің гидроэнергетикалық саясатының салдарынан су ресурстарының тапшылығы сезіле бастағандығы жатқаны анық.
Жалпы, су мәселесі тек Қазақстан мен Орталық Азия елдерін ғана емес, сонымен қатар, Оңтүстік-Шығыс Азия және Оңтүстік Азия елдерін де мазалап отыр. Қырғызстан мен Тәжікстан тауларындағы мұздықтар көлемінің кеми түсуі сол жақтардан бастау алатын өзендердегі су деңгейінің төмендеуіне алып келуде. Сонымен қатар, осы екі елде су электр стансаларын салу мәселесі су тапшылығын көріп отырған Қазақстан мен Өзбекстанды мазаламай қоймады. Өзбекстан басшысы Ислам Каримовтің «су мәселесінің ушығуынан соғыс басталып кетуі де мүмкін» деген қатаң ескертпесінің астарында осындай алаңдаушылықтың жатқаны айқын.АҚШ Орталық барлау басқармасының жаңа баяндамасында таяудағы 30 жыл ішінде Орталық Азия аумағындағы Әмудария өзені бассейніндегі су ресурстарына қатысты проблема туындауы мүмкіндігі айтылады. 2040 жылға дейінгі жағдайға болжам жасалған әлгі баяндамада Әмудария өзеніндегі су ресурстарының тапшылығы «кеуіп кеткен Арал теңізі айналасындағы елді мекендер тұрғындары денсаулығының нашарлауымен» және «аймақтағы азық-түлік қауіпсіздігінің кеми түсуімен» байланыстырылған. АҚШ-тың бұрынғы мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон осы барлау деректеріне сүйене отырып, былай деген екен:«Болжау деректері, сонымен қатар, су ресурстары ішкі және халықаралық тұрақсыздық қаупінің артуына, саяси құрал ретінде пайдаланылуына немесе террористердің нысанасына айналуына алып келеді деген ықтимал қауіпті меңзейді». Олай болса, бұл жағдай аймақтағы жағдайды шиеленістіре түсуі ықтимал екені түсінікті. Егер Клинтонның осы сөздерін қаперге алсақ, онда Ауғанстанмен шекаралас Тәжікстанның Рогун ГЭС-ін салу туралы бастамасына Өзбекстанның үзілді-кесілді қарсылығын түсінгендей боласың.Америкалық сарапшылардың сол баяндамасында жақын 10 жылда су ресурстарының тапшылығы сезілетін, олай болса бұл ықпал ету тетігіне айналып кетуі мүмкіндігі де айтылған. Яғни, кейбір елдердің көршілеріне су ресурстарын басқару арқылы ықпал етуі ықтимал екендігі де көлденең тартылады. Өзендердің бастауындағы елдердің су ресурстары саласындағы ірі жобаларды жүзеге асыруымен төмен орналасқан елдерге судың жеткілікті мөлшерде жете бермейтіндігі қазірден сезілуде. Әсіресе, бұл Қытайға қатысты айтылса керек. Қалай болған күнде де су ресурстарына қатысты өткір пікірталастар мен алаңдаушылық туындаған Орталық Азиямен бұл мәселе Шанхай ынтымақтастығы ұйымы аясында талқыға салынбайтындығын Қытай кесіп айтты. Мұндай мәлімдемені Шанхай Әлеуметтік ғылымдар академиясы жанындағы Халықаралық зерттеулер орталығы төрағасының орынбасары Пань Гуан былтыр Вашингтонға барған сапары барысында жасаған-ды. Қазіргі таңда Өзбекстан мен Тәжікстан арасында суға байланысты кикілжіңнің туындағанын тілге тиек еткен профессор Қытай мен Қазақстан арасында да суға қатысты мәселе бар екендігін ашық айтады. Еліміз трансшекаралық өзендерге қатысты ҚХР-ға арнайы сауал жолдаған-ды. Тіпті, бұл мәселе бойынша екіжақты келіссөздердің басталатыны да белгілі болып отыр. Оның үстіне еліміз тек Ілеге қатысты ғана емес, сонымен қатар, Ертіс өзені суының тарылуына да алаңдаушылық білдіре бастады. Соңғысының Ресей аумағы арқылы да өтетіні белгілі.Енді осы екі өзенге қысқаша сипат бере кетейік. Негізінен, Іле өзені өз бастауын Қытайдың Тянь-Шань тауларының шығысындағы Күнгес және Текес өзендерінің қосылу тұсынан бастау алып, ҚХР Іле-Қазақ автономиялы округі мен Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы ауданы аумағымен аға отырып, еліміздің оңтүстік-шығыс (Алматы облысы) бөлігінен өтеді. Осы ретте Іле өзенінің ұзындығы 1439 километрді құрайтынын, ал оның 815 километрі Қазақстан аумағында жатқандығын айта кету керек. Балқаш көліне барып құятын өзеннің бойында Алматыны электр қуатымен қамтамасыз етіп отырған Қапшағай су қоймасы бар. Ал Ертіс өзені өз бастауын Қытайдың Алтай таулары қойнауынан алып, еліміздің солтүстік-шығыс бөлігі арқылы орыстың Омбы қаласын қиып өтіп, Обь өзеніне барып қосылады. Қытайдың 2000 жылы басталған «шығысқа қарай кеңею» деген саясатын жүзеге асыруымен, Шыңжаңды қоса алғанда, осы өңірге орталық өңірлерден жаппай адамдарды көшіре бастауы суға деген сұранысты арттырып жіберді. Оның үстіне Қытай 1990 жылы ені – 22, ал ұзындығы 300 шақырымды құрайтын Қара Ертіс – Қарамай каналын салу туралы бастама көтерген-тін. Бұл канал салынған жағдайда, Ертіс өзенінің суы бұрып әкетілетін болады.1999 жылы бұл каналдың бірінші кезеңі аяқталды, енді 2020 жылға қарай екінші кезеңі бітеді деп күтілуде. Жалпы алғанда, Ертіс өзенінің 10-40 пайыз суы Улунгур өзеніне тасталады деген мәлімет те жоқ емес. Мұны айтып отырған себебіміз, егер осылай жалғаса беретін болса, онда жағдайдың қиындай түсетіні ақиқат. Екі ел арасындағы 2001 жылдың 12 қыркүйегіндегі келісім бойынша, трансшекаралық өзендердің ресурстарын пайдалану бойынша бір-бірінен консультация алуы керектігі айтылады. Алайда, ол сақтала ма, жоқ па, о жағы беймәлім. Сондай-ақ, келісімде бір-бірінің ісіне вето қою құқығы деген түсінік болмағандықтан, іс жүзінде ықпал ету тетігі де жоқ болып отыр. Олай болса, Қазақстан үшін алып көршімізбен үшжақты немесе көпжақты келісімдер жасасқан тиімді.Аспанасты елінің әлемдегі ірі саналатын плотиналардың жартысына жуығын иемденетіні өз алдына бөлек әңгіме. Осы елдің халықаралық өзендерде ірі гидроинженерлік жобаларды жүзеге асыра бастауымен көршілеріне ықпалы артып келеді дегенді сарапшылар жиі айта бастады. Нью-Дели Саяси зерттеулер орталығының профессоры Брахма Челлани былай дейді: «Құрлықта көптеген халықаралық өзендердің жоғарғы сағасын және олардың ағысын әр түрлі амалдармен басқару арқылы талассыз үстемдікке жету әлі бірде-бір елдің қолынан келмеген еді. Әлемдегі ірі су қоймаларын салушы Қытай (планетадағы 50 000 ірі су қоймаларының жартысына жуығына ие) халықаралық өзендерде ірі гидроинженерлік жобаларды жүзеге асыру арқылы көршілеріне ықпалын арттырып келеді». Профессор Азиядағы су картасының өзгеріске ұшырай бастауын 1949 жылы Қытайда коммунистердің жеңіске жетуімен байланыстырады. Жалпы, Азияның көптеген халықаралық маңызы бар өзендері өз бастауларын Қытай Халық Республикасы аумағынан алатыны да шындық. Әсіресе, Тибет жондарын Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия мен Қытай аумағын басып өтетін халықаралық өзендерді сумен қамтамасыз ететін су кені десе де болады. Сол сияқты Қытайдан, өзіміз білетіндей, Ертіс, Іле өзендері, сондай-ақ Амур өзені бастау алып, Орталық Азия мен Ресейді тіршілік нәрімен сусындатып отыр.Үндістан мен Пәкстан арасында да су мәселесі бойынша дау-дамай жалғасуы мүмкін. Әсіресе, Инд өзені бойында «Ниму-Базго» ГЭС-інің салынуы екі ел арасындағы онсыз да шиеленісті жағдайды одан бетер ушықтырып жіберуі мүмкін. Өйткені, аталған су бөгетінің салынуымен өзеннен төмен орналасқан ел шаруаларының жері суалып қалуы әбден ықтимал.Мұндай қатер үндістандық шаруалардың басына да тууы ғажап емес. Қытай, мәселен, Брахмапутре және өзге де тибеттік өзендерде гидроэнергетикалық жобаларды жүзеге асыруда. Әзірге жағдай тек Үндістан мен Пәкстан арасында ушығып тұр. Пәкстан парламентіндегі Кашмир істері жөніндегі комитет төрағасы Маулан Фазлур Рахман өз сөзінде Үндістанды экономикамызды тұралату үшін өздері басып алған Кашмир аумағы арқылы өтетін өзендерге заңсыз бөгеттер салуда, деп айыптады. Оның сөзіне қарағанда, Дели екі ел арқылы өтетін Чинаб, Рави, Синд, Джелам, Сатледж және олардың сағасына қатысты 1960 жылы қол қойылған Инд өзені суы жөніндегі келісім-шартты бұзып келеді. Әңгіме Үндістан премьері Джавахарлал Неру мен Пәкстан президенті Мұхаммад Айюб-хан қолдарын қойған келісім турасында болып отыр. Құжатта нақты бір ұстаным жоқ, әр ел көрпені өзіне қарай тартуға құқылы. Пенджаб провинциясының Сауда-өндірістік палатасының президенті Миан Анис Шейх атап өткендей, Үндістан Пәкстан арқылы ағып өтетін өзендер бойына заңсыз жолмен 300 су қоймасын салуда, ал 71 су қоймасы даулы Кашмир аумағында орналасқан.Қорыта айтқанда, жаһандық жылыну үдерістерінің жалғасуымен әлемде су тапшылығы айқын сезіле бастады. Көптеген су бастауында тұрған елдер бұл мәселеге өздерінің ұлттық мүддесі тұрғысынан қарайтыны тағы рас. Жақын жылдары бұл мәселенің өткірлене түсуімен саясат су арқылы да жүргізілетіні анық. Тек ол нақты ықпал ету тетігіне ұласып кетпесін деп тілейік…
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,«Егемен Қазақстан».