Бизнесте сервистік қызмет түрлері қашанда сұранысқа ие. Сырдария ауданы, Тереңөзек кентінде отбасылық кафе ашқан Серіккүл Есеналиева мемлекеттік бағдарламаның игілігін көріп отыр. Бизнес иесі «Микробизнес-Қызылорда» бағдарламасы арқылы 5 млн теңге қаражат алып, ісін бастады деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
«Күніне 400-500 адамға қызмет көрсетеміз. Кафемізге келіп-кетушілерге дәмді тағам, түрлі тәттілер ұсынамыз. Халық біздің ас мәзірімізге қарап келеді. Әсіресе, футбол матчтары кезінде кафемізге келушілер көбейеді», дейді Серіккүл Есеналиева.
Кәсіпкер бүгінде 20 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Келешекте 300 орындық мейрамхана салып, халық игілігі үшін қызмет етпек.
Аудан халқы үшін қызмет көрсететін тағы бір нысан – сауда үйінің ашылуы. Жеке кәсіпкер Мадина Омарова 2018 жылы «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасының субсидиялау бағыты аясында 22 млн теңге несие алып, кәсібін жүргізіп отыр.
Айта кету керек, «Серікбол» деп аталатын сауда үйі Тереңөзек кентіндегі ірі нысанның бірі. Мұнда тауардың сан түрлі ассортименттері бар. Бағасы да халыққа қолжетімді.
«Біз үнемі сауда жасаймыз. Өзімізге керектігінің барлығын осы сауда үйінен табамыз. Қызмет сапасы да көңілден шығады», дейді кент тұрғыны Дана Ділханова.
Жалпы Сырдария ауданында кәсіпкерлік нысандары көптеп ашылуда. Ауданда қазірге дейін 2200 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркелген.
Қызылорда облысы