Петропавл қаласындағы Спорт сарайында қазақ күресінен кәсіби клубтар арасында тұңғыш рет республикалық кубок жарысы өтті.
Жарыстың ашылу салтанатына облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов қатысып, спортшыларға табыс тіледі.
– Өңірде ат спортынан «Тұлпар» және қазақ күресінен «Қызылжар арландары» кәсіби клубтары жұмыс істейді. Заманауи теннис орталығы пайдалануға берілді. М.Жұмабаев, Ш.Уәлиханов аудандарында спорт кешендері ашылды. Облыс тұрғындарының 30 пайызға жуығы саламатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылданады, деді Марат Иманбайұлы құттықтау сөзінде.
Қазақ күресі федерациясының бас хатшысы Бақдәулет Сәбитов, қазақ күресінен өңірдегі алғашқы спорт шебері Бауыржан Құлжанов өз сөздерінде қазақ күресіне және ұлттық спорттың дамуына тиісті деңгейде қолдау көрсетіліп келе жатқанын атап өтті.
Жарыс бағдарламасына сәйкес боз кілемге шыққан клуб өкілдері жеті салмақ бойынша бес минуттан белдесті. Нұр-Сұлтан қаласының «Астана батыры» мен Алматы қаласының «Қазақ күресі» командалары арасындағы белдесу 1:6 есебімен соңғысының пайдасына шешілді. Қарағандылықтар елордалықтарды 7:0 есебімен ойсырата ұтты. «Қызылжар арландары» қарағандылықтарды тізе бүктірді.
Екі күнге созылған бәсекеде Тараз қаласының «Жекпе-жек» спорт клубы жеңімпаз атанды. Алматылықтар екінші, алаң иелері үшінші орынға ие болды.
Солтүстік Қазақстан облысы