«Жол қадірін жүрген біледі». Жол мәселесі тұрғындар үшін әрдайым өзекті. Алайда, бүгінде кейбір облыстық жолдардың сапасы сын көтермейді. Аудан мен ауданды, ауыл мен ауылды жалғап жатқан жолдардың қырық жамау, кейбірінің тозығы жеткенін көз көріп жүр.
Дей тұрғанмен атқарылып жатқан жұмыстар да жетерлік. Мәселен, Жамбыл облысы бойынша жалпы автомобиль жолдары 9689 шақырымды құрайды. Оның ішінде республикалық маңызы бар 1152 шақырым, облыстық маңызы бар 1987 шақырым, аудандық маңызы бар 1188 шақырым және елді мекендерге тиесілі 5362 шақырым жол бар. Бұлардың бірінің сапасы бас бармақпен бағаларлық болса, енді бірінің сапасы орташа, ал бірінің сапасы төмен деуге болады.
Жамбыл облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, өткен жылы жол жөндеу мақсатына 12,1 млрд теңге бөлініп, оған 324 нысанда 544 шақырымға жуық жергілікті автожолдар мен көшелер жөнделген. Сонымен қатар 1 көпірдің құрылысы жүргізіліп, 2 жол өткелі қайта жаңғыртылған. «Жыл қорытындысында жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың үлесі 80,1 пайызға жеткізілді. Ал биылғы бөлінген 14,8 млрд теңгеге 346 нысанда 602 шақырым жергілікті автожолдар мен көшелер жөнделеді. Оның ішінде 16,2 шақырым жаңа жол салынып, 6,2 шақырым қайта жаңғыртылады. Және де 30 шақырым жол күрделі және 550 шақырым жол орта жөндеуден өтеді», дейді басқарма басшысы Бақытжан Жәнібеков.
Мемлекет тарапынан тиісті қолдау көрсетіліп, жолдар жөнделіп жатыр десек те, өңірде әлі де бірқатар мәселелер бар. Атап айтар болсақ, облыстық маңызы бар Мойынқұм ауданы аумағындағы Бірлік – Мойынқұм – Ұланбел бағытындағы жолдардың 220 шақырымынан бастап тозған. Сонымен қатар Сарысу ауданы аумағындағы Тоғызкент – Досбол – Шығанақ – Сарысу бағытындағы жолдардың да сапасы сын көтермейді. Талас ауданынан Мойынқұм ауданына қарай өтетін Ақкөл – Ойық – Ұланбел жолының да жағдайы осындай. Жолдардың талай жылдан бері жөндеу көрмегені өз алдына, өзі бүлініп жатқан жолдарды ауыр жүк көліктері одан әрі бүлдіруде. Осы жолдар арқылы әрқайсысы 40-50 тонна болатын қытайлық ауыр жүк көліктері Сарысу ауданындағы Шығанақ кентінен шығатын тұзды көрші Қырғыз Республикасына қарай тасымалдайды. Сонымен қатар осы күре жолдар арқылы құрылыс заттарын таситын көліктер де қаншама. Ал мұндай ауыр жүк көліктерін қадағалайтын Жамбыл облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясында бар-жоғы үш көлік қана бар екен. Оның өзі республикалық маңызы бар жолдарды қадағалайды. Ал жол бойындағы ауыр жүк көліктерін қадағалау жергілікті жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының міндетінде емес. Осы бір мәселеге алдағы уақытта жергілікті билік тарапынан тиісті көңіл бөлінсе, бәлкім өзі жөндеу көрмей келе жатқан жолдар одан әрі бүлінбес пе еді.
Осы уақытқа дейін Жуалы, Талас және Сарысу аудандарын өзара байланыстыратын облыстық маңызы бар Күйік – Қарабастау – Қаратау – Жаңатас – Саудакент тасжолындағы түйткілді мәселелер жолаушылардың жан ауруы болып келді. Алайда, бүгінде аталған бағыттағы жолдарға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар осы уақытқа дейін орын алып келген тағы бір мәселе – облыстық, аудандық және ауылдық жолдардың, сондай-ақ, елді мекендер ішіндегі шағын көшелердің бәрінің де бірдей жолдар санатында біріктіріліп кетуі еді. Өткен жылы бұл мәселе Жамбыл облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тарапынан реттеліп, жергілікті маңызы бар жолдарды түгендеу жұмыстары жүргізілген. Бұл жұмыстар ағымдағы жылдың алғашқы тоқсанында аяқталып, нәтижесінде 745 шақырым жол заң талаптарына сәйкестендірілген. Елді мекен көшелерінің санаттары ауыстырылған.
Басқарманың мәліметінше, бөлінген тиісті қаражатқа облыстық маңызы бар жолдар біртіндеп жөнделіп келеді. Мәселен жол мәселесіне байланысты бүгінде өңірде бұрын болмаған үш жоба қолға алынып отыр екен. Оның біріншісі Қырғызстан шекарасына Тараз қаласын оңтүстіктен айналып өту автожолының құрылысы болса, екіншісі Тараз – Сарыкемер – Түймекент – Ақшолақ бағытын жаңғырту және үшіншісі Тараз – Жетібай – Тегістік – Ойық жолдарын жөндеу. Жиырма жылға жуық уақыттан бері жөндеу көрмеген бұл жолдар биыл жөнделіп, халықтың қауіпсіз қатынауына өз ықпалын тигізбек.
Жамбыл облысы