Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында және Жастар жылына орай «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-музейі Тараз қаласында саяхат ұйымдастырды.
«Туған елге саяхат» атты жобаға Ресей, Қытай, Моңғолия, Қырғызстан мемлекеттерінен келген қандастарымыз бен еліміздің әрбір аймағынан балалар қатысты. Тараз топырағына келген экскурсиялық тур екі жүзден астам оқушыдан құралған. Аталған топ «Көне Тараз» кешенінде ұйымдастырылған іс-шараға белсене қатысып, «Көне Тараз» ашық аспан астындағы саябағында Тараз топырағынан табылған құнды да тарихи жәдігерлерден құралған «Көненің көзі – Тараздың өзі» атты археологиялық көрмені тамашалады. Сонымен қатар, жеткіншек туристер «Қазақтың ұлттық тағамы» атты балаларға арналған дастарқаннан дәм татты.
Жалпы, жас туристер үшін көне шаһардың көрікті жерлеріне саяхат қызықты өтті. Саяхат барысында балаларға «Ежелгі Тараз – көпестер қаласы» атты тақырыпта викториналық сұрақтар қойылып, дұрыс жауап берген оқушылар мен тәрбиешілерге түрлі кәдесыйлар мен аталған қорық-музейдің баспа өнімдері табыс етілді. Бұдан кейін балалар Тараз қаласында орналасқан Қарахан кесенесі мен «Төрткүл» керуен-сарай кешенімен танысты. Экскурсия барысында кейбір оқушылар көне шаһарға алғаш рет келіп тұрғанын айтып, алған әсерлерімен де бөлісті. Мәселен, Гәкку Таңат есімді оқушы екі мың жылдық тарихы бар Тараз топырағына тұңғыш рет келіпті. Бұрын тек көне шаһар туралы кітаптардан оқып, теледидардан көргенін айтқан жеткіншек келешекте де Тараз қаласына ата-анасымен және туыстарымен саяхаттап келгісі келетінін айтты.
Жамбыл облысы