Қазақстандық теннисші Зарина Диас АҚШ-тың Цинциннати қаласында өтіп жатқан «Мастерс» сериясына енетін халықаралық турнирдің іріктеу кезеңінде сәтті өнер көрсетіп, негізгі кезеңге жолдама алды.
Western & Southern Open жарысының іріктеу финалында 25 жастағы отандасымыз жергілікті теннисші Джессика Пегуламен күш сынасып, үш сетке созылған бәсекеде Зарина Диас 6:7, 7:6, 6:4 есебімен жеңіске жетті. Диас әлемдік рейтингте 80-орында болса, АҚШ аруы әлемнің 56-ракеткасы саналады.
Енді жерлесіміз турнирдің негізгі кезеңінде әлемнің экс-бірінші ракеткасы америкалық Серена Уильямспен екінші айналымның жолдамасын сарапқа салады. Уильямс қазіргі таңда WTA рейтингінде сегізінші сатыда тұр. Екі теннисші арасындағы кездесу бүгінге жоспарланған.