Ұялы байланыс өмірімізге әлдеқашан енді. Оны жас та, кәрі де пайдалануда. Ендігі біздің мақсат – тұрғындарды жаңашылдыққа жатырқамай, басқа да сандық әлем жеңілдіктеріне тезірек үңілтіп, тезірек үйрету дейді мамандар.
Облыс әкімдігі, «Трамвай басқармасы» АҚ, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы облыстық филиалы бірлесіп осындай бастама жасады. Яғни, «Электронды үкіметпен» жұмыс жасау арқылы бюджет қаражатын үнемдеуге болады.
Трамвайға мінген тұрғындарға мемлекеттік қызмет алуды немесе «Электронды үкімет» мобильді азаматтар базасына тіркелуді ұсынады. Бұл электронды цифрлы қолтаңбаны қажет етпейтін 44 мемлекеттік қызметті өздігінен алуға мүмкіндік береді.
Вагондарда Egov порталы арқылы жұмыс жасайтын қызметті алушыларға арналған тиісті жарнама, буклеттер, брошюралар, жадынамалар орналастырылған.
Трамвай салонындағы теледидарда Egov порталында жұмыс істеу бойынша көрнекі кеңестер беріліп, бейнероликтер көрсетіледі. Пароль арқылы «Электронды үкіметтің» мобильді азаматтар базасында тіркеуден өте алады. Сондай-ақ оқыту шарасы кезінде Egov порталының беттері көрсетіледі, оның көмегімен мессенджер пайдаланушылары түрлі анықтамалар алып, медициналық ұйымға тіркеліп, ХҚКО-ға кезекке тұра алады.
Осы жаңашылдық арқылы мамандар «Электронды үкімет» порталында электронды мемлекеттік қызметтерді алудың қолжетімділігі мен қарапайымдылығын көрсете алады. Өйткені қазір бір анықтаманы Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, кезекте тұрып алудың қажеттілігі жоқ. Egov арқылы лицензияны ресімдеу үшін тек ЖСН қажет. Ал барлық қалған деректерді автоматты сұраулардың көмегімен ала аласыз.
Коммуналдық қызметтер ақысы мен айыппұлдарды да онлайн төлеуге болады. Бизнесті де дербес тіркеп, баланың балабақшадағы кезегін кез келген уақытта білуге болады.
Мамандар жолаушыларға мемлекеттік қызметті Телеграм мессенджері арқылы алуды үйретті. Қосымшада @EgovKzBot порталының арнайы боты жұмыс істейді. Ол арқылы мекенжай анықтамасын смартфонды бірнеше рет шертіп алуға болады.
ПАВЛОДАР