• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
13 Тамыз, 2019

Заманауи әлемдегі әйелдер терроризмінің құпиясы қандай?

683 рет
көрсетілді

Әйелдердің террористік әрекеті саясаткерлер мен терроризммен күресіп жатқан халықаралық күш құрылымдары тарапынан көп зерттелмеген тақырып. Академиялық зерттеулер мен медиа материалдарында басымдылық әйелдердің жеке өмірлеріне ғана беріледі. Аталған мәселеге байланысты елімізге белгілі теолог – Асқар Сабдин жуырда facebook парақшасында жазба қалдырған еді. Онда маман ақпарат кеңістігі әйелдерді халықаралық террористік ұйымдардың жеңіл құрбаны етіп көрсететінін жазды.

«Қазіргі таңда қоғам мен кейбір ақпарат құралдарында әйелдер халықаралық террористік ұйымдардың толыққанды мүшесі емес, «күйеуіне бойұсынған, тақуа» ретінде өздерінің дәстүрлі рөлдерін атқарып жүрген «жихадшының» әйелдері деп сипатталады», дейді ол.

Сонымен қоса Сабдин ең алғаш әйелдерді террористік құрал ретінде Африка елдері пайдаланып бастағанын жазған. Маман келтірген дерекөзге сүйенсек, Африкада әйелдердің әскер қатарындағы үлесі - 17%, Даулда - 13% құрайды.

«Халықаралық террористік ұйымдардың оларды пайдаланудағы басты мақсаты төмендегідей: 1. Ғаламтор кеңістігінде үгіт-насихат мақсатында2. Әскер қатарына қосылған күйеулерін жаулау 3. «Секс-жихад».4. «Муджахидтердің» жаңа буынын тәрбиелеу 5. Тікелей террористік акциялар жасау үшін (мысалы 1985-2010 жылдар аралығында лаңкестер тарапынан 257 осындай акциялар жүзеге асырылған, бұл барша лаңкестер акциясының төрттен бірін құрайды). 6. Бақылаудағы аймақтардан мүлік жинау 7. Әйелдерге тергеуден құтылу оңайырақ»,-деп аталған жеті нәрсені көрсеткен ол жазбасында.

Бейбіт заманда қолына қару алып, беліне бомба байлап, шахид атанғысы келетін әйелдердің мұндай әрекетке баруының өзіндік себептерін іздеп көрген едім. Практика жүзінде ДАИШ-қа барып қосылатын әйелдердің нақты портреттері жоқ. Тек олардың жасы, шыққан жері, ұлты мен отбасылық жағдайларына қарап қана сипаттама беруге болады. Белгілісі ондағы қыз-келіншектердің көп бөлігі 16-24 жас аралығындағылар, қатарларында жасөспірімдер де жоқ емес. Мұсылман елдерінен келетіндердің көпшілігі мигранттар болса, Батыстан келіп қосылғандардың білім алып, өз өмірлерін құруларына толықтай мүмкіндіктері болған. Мамандардың сөзінше, көбінде әскер қатарына қосылуға баратындар Ресей, Шешенстан мен Батыс елдеріндегі қыз-келіншектер.

Бүгінгі қоғамға террорист әйел ретінде алғаш кеңінен танылған пәкістандық – Вафа Идрис есімді бойжеткен болған.

Ол 2002 жыл 27 қаңтар күні Иерусалим орталығындағы Яффо көшесі арқылы 10 келілік бомбаны жергілікті аяқ киім дүкендерінің біріне кіргізбек болады. Сол сәт жоспар бойынша жүзеге аспай, 27 жастағы қыздың рюкзагындағы механизм іске қосылып кетеді. Салдарынан израильдық қарт пен бойжеткеннің өзі оқиға орнында көз жұмады. Одан бөлек 100-ге жуық адам жараланады.

Трагедиядан кейін шетелдік БАҚ, Израиль мен Палестинаның өзі де Идрис туралы жиі жазды. Ақыр аяғы өз елінде Вафаны «шахид» деп таныды, себебі, ол өзін-өзі жарған 47 пәкістандықтың ішіндегі жалғыз әйел еді. Израильдық журналистердің зерттеуінше, Идрис өзінің өлімге бара жатқанын білмеген. Ол террорист-ер адамға бомбаны беруі тиіс еді, бірақ механизм қыздың діттеген жеріне жетпей қосылды.

Анық болғандай, Вафа Идрис әкесіз өскен. 19 жасында туыс ағасына тұрмысқа шығып, бірнеше жылдан кейін өлі сәбиді дүниеге әкелген. Осыдан кейін Вафаға бала сүйе алмайтыны айтылып, қайын жұрты оның масқарасын шығарып, анасының үйіне қуып жіберген. Аталған оқиғадан кейін қатты күйзеліске түскен бойжеткен Пәкістандағы «Қызыл Крест» ұйымына жұмыс істеуге барады. Онда күн сайын жараланып келген отандастарын көріп, күйзелісі ұлғая түседі. Бір жылдан кейін Идристы террористік ұйымдардың бірі айналдырып әкетеді.

Байқап отырғаныңыздай, террористік ұйымдар құрықтарына отбасылық кикілжіңмен басы қатып, күйзелісте жүрген, өмірден қиыншылық көрген қыз-келіншектерді айналдырып алуға мүдделі. Олар бұл қитұрқы әрекеттерін мақсатты түрде, арнайы жоспар құра отырып жүзеге асырады.

ДАИШ құрамында 2006–2012 жылдары аз ғана әйел-террористер болды. Бірақ олардың саны 2014 жыл 29 маусым күні Абу-Бакр аль-Бағдадидің «халифат» жариялағанынан кейін ұлғайды. 2015 ж. ДАИШ құрамына келген 3 мың еуропалықтың 550-і әйел болды (Ресей мен ТМД, Түркия елдерінің азаматтарын қоспағанда), оның ішінде: –Германиядан – 70 (олардың 28-нің жастары 25-тен төмен; мектеп оқушылары – 9); – Франция – 63–70; –Ұлыбританиядан– 60 (мектеп оқушылары – 20); – Нидерландиядан – 30 [Bakker, de Leede, 2015, б. 3].

Айта кететіні, ДАИШ құрамында 30 мыңға жуық шетелдік әскер соғысқан. [The Islamic State.., 2014, б. 8]. Оларды «ДАИШ құрамындағы мигранттар» немесе мухаджирлер деп атаған. Ашық дереккөздердің жазуынша, шетелдік әйелдер саны 10 -15 % құрайды [Bhulai, Peters, Nemr, 2016, б. 4]. ДАИШ бақылауындағы территорияға келетін әйелдерді екі топқа бөлуге болады. Олар не күйеулерімен бірге жүреді немесе жалғыз. Көп жағдайда жалғыз баратын қыздарды сол жақта интернет арқылы танысқан болашақ күйеуі күтіп отырады. Әйел адам жалғыз келсе Сирияға баруының бірнеше себептерін айтады. Негізгісі өзі өмір сүріп отырған қоғамның ислам шариғаттарына сай өмір сүрмеуі, одан кейін әкесінің, күйеуінің немесе бауырының өмірден өтуіне байланысты кек алу мақсатында келуін алға тартады. Ал кейбір мұсылман мигранттар күнін көріп, қарнын тойдыру үшін қосылады. Себебі ДАИШ бақылауындағы аймақта күйеуі жоқ әйелдерге тегін жатақханалар беріледі, сондай-ақ коммуналды қызмет тегін. Ай сайын ұсақ-түйек шығындарына ақша бөлінеді. Ер адамдарға 100 доллардан, ал әйелдерге 35-50 доллар аралығында. Тұрмысқа шықпаған қыздар сол жаққа барып, «моджахед-батырдың» әйелі атанады. Себебі ДАИШ өз қатарындағы әйелдердің тұрмысқа шығуын міндеттейді. Неке қию рәсімі сол жақта жүзеге асырылады. Егер келіншектің күйеуі соғыс аумағында көз жұмса, оны екінші, үшінші, тіпті жиырмасыншы рет тұрмысқа берулері мүмкін.

ДАИШ құрамындағы шетелдік әскерлер орыстың қыздарына көп сұраныс жасайды. Себебі Солтүстік Кавказдан келген әскерлерге араб тілінде сөйлейтін қыздармен араласу қиын, оның үстіне ол қыздардың әкелері олардың шетелдіктерге тұрмысқа шығуына тыйым салады. «Ислам мемлекеті» территориясына көбіне Шешенстан мен Дағыстаннан жиһадқа аттанған әскерлердің жесірлері келеді. Бір қызығы, шешендік әйелдердің көпшілігі еуропалық диаспорадан қосылатындар. Айтуларынша, Еуропада өздерін екінші сұрыптағы адам сезініп, болашақтарына деген жарқын үміт көре алмайды.

Ал Қазақстаннан Сирияға кеткен қыз-келіншектердің нақты ресми саны жоқ. Белгілісі «Жусан» операциясы бойынша елімізге оралған әйелдері саны – 67, олардың - 171 балалар. Сириядан елге оралған келіншектер журналистерге берген сұқбаттарында соғыс аумағына күйеулеріне еріп барғандарын айтқан. Теолог мамандардың да айтуынша, Қазақстан, Қырғызстаннан Сирияға баратын әйелдер көбінде күйеулерінің айтқанын орындаған. Қазақстанда күні бүгінге дейін Сирияға «секс-жиһад» үшін немесе «шахид» болуға аттанған қыздар оқиғасы тіркелмеген. ДАИШ-қа қосылғандардың барлығы дерлік жат ағымның жетегіне еріп,өзі өмір сүрген қоғамын мансұқтап, күйеулерімен еріп барғандар.

Айжан ҚАЛИЕВА,журналист