• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 13 Тамыз, 2019

Солтүстік Қазақстанда егін орағы қарқын алып келеді

530 рет
көрсетілді

Теріскейлік диқандар алдында 4 миллион гектар алқапқа егілген ауыл шаруашылық дақылдарын төкпей-шашпай жинап алу секілді асқаралы міндет тұр. 

Соңғы жылдары астық өндірісін әртараптандыру белсенділікпен жүргізіліп, рентабельділігі жоғары майлы дақылдардың көлемі бір миллион гектарға дейін ұлғайтылды. 15 мың гектар алқапқа алғаш рет соя егілді.

«Астықтың шығымдылығы жақсы.  Мемлекеттің қолдау айрықша. Өсімдік шаруашылығын дамытуға 13,4 миллиард теңге бөлінді. Егіншілікпен айналысатын агроқұрылымдар  мол әрі сапалы өнім алудың қыр-сырын жетік меңгерген. Минералдық  тыңайтқыштар мен гербицидтерді тиімді қолданудың арқасында  кей шаруашылықтар рекордтық өнім  алып отыр», дейді ауыл шаруашылық басқармасының мамандары.

Жамбыл ауданына қарасты «Шатило және К» ЖШС-нің үш бригадасы күздік бидайдан гектар басы 50 центнерден өнім жинап отыр.  Серіктестік  директоры Олег Адамның айтуынша, кей танаптарда өнімділік 70- 100 центнерден айналған.

«Негізгі инвесторымыз «Атамекен Агро» АҚ-мен 2008 жылдан бері қоян-қолтық жұмыс істеп келеміз. Техникалар жаңа. Цифрландыру жүйесі енгізілген. Комбайншылар мен механизаторлардың қалыпты еңбек етуіне барлық жағдай тудырылған», дейді тәжірибелі басшы.

Серіктестік  34 мың гектар жердің 24 мың гектарына дәнді, ал 10 мың гектарына  майлы дақылдар сепкен.  Маңдай термен өсірілген ризықты шашпай-төкпей жинап алуға 7 «Вектор», 10 «CLAAS»  комбайны  тартылған.

Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі жетекшісінің міндетін атқарушы Петр Петров берген мәліметтер бойынша 524 комбайн егінге шалғы түсіріп, 42 серіктестік, 185 шаруа қожалығы 185 мың алқаптың егінін орып, бастыруға білек сыбана кірісіп кеткен.  

Аққайың ауданында орналасқан «Дайындық-Агро ЖШС-і «ЕвроХим»  минералдық-химиялық компаниясының тыңайтқыштарын ғылыми негізде  пайдаланып, мол өнім негізін қалап жүр.

«Бидайдың шығымдылығы- 20, арпа- 25, зығыр 12 центнерден кем болмайды деген сенімдеміз», дейді өз тәжірибесімен бөліскен Біржан Әбділманұлы.

«Жаңғыру»  қайтадан даярлау және біліктілікті арттыру институты бұған дейін тек  мұғалімдер үшін арнайы курстар өткізіп келсе, енді ауыл шаруашылығы саласы мамандарының да біліктілігін көтеруге бет бұрған. Оқу бағдарламасына «Басшының тұлға болып қалыптасуы», «Өңірде өсімдік саласының болашағы және қазіргі жайы», «Тыңайтқыштар мен өсімдіктерді қорғауға арналған құралдар» секілді курстар енгізіліпті. Өз кезегінде бұл дәрістер тыңдаушылардың біліктілігін, кәсіби шеберлігін шыңдауға зор септігін тигізері, алған теориялық білімдерін тәжірибеде қолдануға, ауылдық жерлерде ауыл шаруашылық мамандарын тұрақтандыруға ықпал жасары анық.

Солтүстік Қазақстан облысы