Сейсенбі, 30 сәуір 2013 2:27
«Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек жұмыс сапарымен Алматы облысына келді. Онымен Алматы облысының әкімі Аңсар Мұсаханов бірге жүріп, аграрлы облыста ауыл шаруашылығы саласы бойынша мемлекеттік бағдарламалардың қалай іс жүзіне асырылып жатқанын көрсетті.
Сейсенбі, 30 сәуір 2013 2:27
«Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек жұмыс сапарымен Алматы облысына келді. Онымен Алматы облысының әкімі Аңсар Мұсаханов бірге жүріп, аграрлы облыста ауыл шаруашылығы саласы бойынша мемлекеттік бағдарламалардың қалай іс жүзіне асырылып жатқанын көрсетті.
Партия Төрағасының бірінші орынбасары әуелгі кезекте Ескелді ауданындағы «Бимұратов» шаруа қожалығындағы мал тұқымын асылдандыру барысымен танысты. Бір ерекшелігі –шаруа қожалығы басшысының есебімен шектеліп қалмай, малшылардың ортасында тұрып облыс әкімінің орынбасары Тынышбай Досымбековтің Жетісу жерінде Зеңгі баба тұқымын асылдандыру жөнінде берген мәліметтерін зерделеп, озық тәжірибелермен салыстыра салмақтап әрі қарапайым еңбек адамдарының айлық жалақылары мен тұрмыс жағдайларын да сұрап, өзіндік ой қорытты. Сөйтіп, халық пен партия арасындағы жақындықты, түсіністікті айқындай түсті.
Негізінен, мал тұқымын асылдандыру бағытындағы бұл шаруашылық 1998 жылы құрылған. Былтыр ұжым мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасы аясында 6 пайыздық жеңілдікпен 42 млн. теңге несие алып, сол қаражатқа 215 бас аналық, 10 бас қазақтың асыл тұқымды ақбас бұқашығын сатып алған. Мұның сыртында мемлекеттен 5,5 млн. теңге субсидия алып, жоғарыда көрсетілген қарызын жауып та қойған. Сондай-ақ, бұл ұжым жылына 40 гектар жерге картоп өсіріп, өнімін сатып пайда табуда. Лезингке алып жатқан ауыл шаруашылығы техникалары өз алдына.
Сөйтіп, шаруа қожалығында тұрақты түрде – 20, ал маусымдық жұмыстар кезінде 50 адам тау қойнауында еңбек көрігін қыздыруда. Айына орта есеппен 45-50 мың теңгеден жалақы алып, табыс көзін аша білген әр ұлт өкілінен құралған жандар жайдарман көңілдерін партия Төрағасының бірінші орынбасарына паш етті. Халқының 70 пайызға жуығы ауылды жерде тұратын жетісулықтар осылай орта және шағын бизнесті дамыту арқылы мемлекеттік саясатқа сай жұмыс жүргізіп жатқанын іс жүзінде көрсете білді. Өздерінің жағдайларын жақсарту арқылы мемлекеттік саясатты қолдап, яғни бюджетке тұрақты түрде салық төлеп әрі мемлекеттен бөлінген қаражатты тиімді пайдалана білу де мемлекеттік саясатты жүргізудің бір тармағы екендігі мәлім.
Б.Байбек Көксу ауылшаруашылық колледжі оқытушыларымен, оқушыларымен кездескенде де ауыл шаруашылығы саласын дамыту әңгіме өзегіне айналды. Әлбетте, бүгінгі күннің өзекті мәселесінің бірі егін егіп, көкөніс өсіріп жүрген диқандар мен бағбандарды – ауыл шаруашылғы техникаларымен қажетінше сұраныстарын өтеп, дер кезінде қамтамасыз ету екендігі баса айтылды.
«Дипломмен – ауылға!» жобасының сөз жүзінде айтылып қалмай, шалғайдағы ауылда қалай жүзеге асып жатқандығын да «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары көріп, сол ауылда жұмыс істеп жүрген жастармен пікір алмасты. Негізгі қажеттілік жұмыс орнын тауып, жан тыныштығын күйттеу емес, сол жұмыс арқылы әркім өзін өзі дамытуында. Сонда ғана ауыл да, қала да, жалпы елімізде өркениетті елдер санатына қосылатындығы жастарға баса айтылды.
Жалпы, Алматы облысы бойынша 2009-2012 жылдары бағдарлама шеңберінде 2765 маман жұмысқа тартылған. Қуанарлығы сол, басым бөлігі сол ауылдарда тамыр жайып, өсіп-өнуде. Сондай өнегелі отбасының біріне партия Төрағасының бірінші орынбасары кіріп те шықты.
Б.Байбек Талдықорған қаласында «Күншуақ» балабақшасына атбасын бұрып, мектепке дейінгі білім беру мәселесін талқылағанының мәні мен маңызы ерекше болды. Небәрі 4-5 жастағы бүлдіршіндер ағылшын тілінде тақпақтарды мүдірмей айтып, оны мұғалімдерімен сұрақ-жауаппен жалғастырғаны тәнті етті. Үш тілде сайрап тұрған сол бүлдіршіндерге сүйсінбеске әдді жоқ. Сөз реті келгенде айта кетсек, Б.Байбек ұрымтал сәтте өзі «Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқып келгендігін тілге тиек етіп қана қоймай, әлемдік тәжірибеге сәйкес мына істі былай жалғасаңыздар ұтымды болатын еді дегендей кеңесін де ірікпеді. Мұны «Темірді қызған кезінде соқ» деген қазақы даналықпен сабақтастырсақ, Елбасының сарабдал саясатының нәтижесінде қол жеткізген жетістіктеріміздің бір тармағы ауыл балаларының да қажеттілігін өтегені емес пе?!
«Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары жұмыс сапарын облыстағы партия белсенділерімен кездесумен түйіндеді.
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,
«Егемен Қазақстан».
Алматы облысы.