Бүгінде банк қызметтерін үйден шықпай, мобильді қосымша арқылы алу, тіпті кішігірім дүкендерде де сол телефондағы қосымша арқылы төлеп, сауда жасау қалыпты жағдай. Kaspi банктің мобильді қосымшасы бүгінде халық үшін ыңғайлы болса, кәсіпкерлер үшін тіптен тиімді. Жеке есепшотқа аударылған ақшаның сұрауы да жоқ, яғни, салықтан жалтарудың тағы бір жолы. Ал мемлекет бюджетінің жетіспеуі бүгінгі таңда 1,5 пайыздан 2,1 пайызға өсіп отыр.
Мобильді қосымша арқылы төлем жасау үшін сатушының банк картасымен байланысқан телефон нөмірін білсеңіз болғаны. Сауда үйлерінде нөмірін жазып қоятындар, тіптен Kaspi банктің картасына ұқсатып визиткалар шығартып алған кәсіпкерлер көп. Пост-терминалдар арқылы төлеген сомаңыздың 1 пайызын бонус есебіңізге қайтаратыны да банк тұтынушыларының қатарын күн санап көбейтіп келеді. Соны себеп қылып, пост-терминал арқылы төлеуді таңдаған тұтынушыларға дүкен иелері бонусты шегеріп қалып, нөмір арқылы жеке шотқа жіберуді сұрайтын көрінеді. Жеке есепшотқа аударғанға үлкен жеңілдік жасайтындары да бар екен. Бұл жүйе туралы кәсіпкерлерден сұрағанымызда, көбі қосымша арқылы төлеу тез әрі ыңғайлы екенін айтты.
Жас кәсіпкер Гүлмира Жұмабай мобильді қосымша арқылы төлеу тек кәсіпкердің емес, тұтынушылардың да таңдауы екенін айтты. «Қазір барлығы Kaspi-ге жібереміз деп, өздері сұрап алады. Мемлекет бюджетіне тигізетін кесірі туралы ойланбадым. Бірақ әзірге Kaspi банктің қосымшасы барлығы үшін өте ыңғайлы болып отыр. Бұл қосымшаны салықтан қашудан бұрын, қайтаратын ақша іздеп әуре болмайтыны үшін қолданамыз. Тұтынушы қолма-қол ақшамен төлегеннің өзінде де артық ақшасын жеке шотына аударамын. Салықтан қашпаймын, қажет болса чекті де береміз», дейді ол.
Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілі банк картасымен төлеу мемлекетке тиімді болғанымен, соңғы кезде мобильді қосымша арқылы ақшаны жеке шотқа жіберу мемлекет бюджеті үшін үлкен мәселе туғызып отырғанын айтты. Алайда халықтың чек талап етуі бұл жағдайды өзгертпек. «Мобильді қосымша арқылы төлем жасаса да, тұтынушы чек талап етуі керек. Бұл мәселе Ұлттық экономика министрлігіне жіберілді, алдағы уақытта тиісті заң қабылданып, шаралар атқарылуы керек. Дегенмен халық чек талап етпей, жағдай өзгермейді», деді маман. Мемлекеттік кірістер комитетінің жыл сайын «Чек талап етіп, жүлде ұтып ал» акциясын өткізетіні де белгілі. Аталған акция аясында халық арасында чек сұрауды қалыптастырып, көлеңкелі экономика көлемін азайтуға тырысу байқалады. Ал биылдан бастап фискалдық чектер бермеу фактілерін анықтау бойынша «Азаматтық бақылау» жобасы іске қосылады. Жоба аясында тұтынушылар сатушы чек беруден бас тартқан жағдайда арнайы мобильді қосымша арқылы хабар беріп, дүкен туралы ақпарат қалдыра алады. Кәсіпкер тауар чегін бермесе немесе оның чектегі соманы тауар сомасынан артық не кем көрсеткені белгілі болса, әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бұл жағдай бірінші рет тіркелсе, кәсіпкерлер ескерту алуы мүмкін, жылдың ішінде қайталанса салық төлеушінің категориясына байланысты 15-тен 50-ге дейін АЕК көлемінде айыппұл салынады.
Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов жыл басында мемлекет бюджетінің жетіспеуі 1,5 пайыздан 2,1 пайызға өскенін мәлімдеді. Осыған байланысты Ұлттық қордан кепілдендірілген трансфертті жоспарланған 2450 млрд теңгеден 2700 млрд-қа ұлғайту ұсынылған. Ал былтырғы 11 айдың нәтижесі бойынша, мемлекет бюджетінің жетіспеуі 365 млрд теңгені құраған еді. Статистикаға сүйенсек, мемлекетімізге 2017 жылы 34 130 млн АҚШ доллары көлемінде кіріс түссе, 4 770 млн АҚШ доллары көлемінде бюджет жетіспеушілігі болған. 2017 жылғы мемлекеттердің бюджет жетіспеушілігі рейтингінде Қазақстан 221 елдің ішінде 47-орынға тұрақтаған.
Әлемдік рейтинг көшін АҚШ, Қытай, Жапония бастап тұр. Ал Германия, Нидерланд, Норвегия, Гонконг сияқты елдерде тіптен бюджет профициті тіркелген. Аталған елдердің азаматтардың салық төлеуі бойынша да алдыңғы қатарда екенін ескерсек, мемлекет бюджеті азаматтардың салығына тікелей қатысты екені анық. Оның үстіне Еуропаның бірқатар елінде айыппұл көлемі жоғары.
Пост-терминалдар арқылы төлеу кәсіпкерге тиімсіз. Өйткені ол өзіне түскен ақшаның 3 пайызын банкке комиссияға қалдыруы керек. Сауда мақсаты – ұту екені белгілі, сондықтан кәсіпкерлер банк комиссиясының қымбат екенін айтып ақталады. Ал жеке есепшотқа жіберілген ақша өз қалтаңда қалады, салық комитеті де қадағалай алмайды. Әдетте қолма-қол төлем сұрайтын базар сатушылары да бұл әдіске көшіп алған. Чек талап ету азаматтарымыз үшін әуелден үлкен мәселе. Көбіне мұны ұсақталу санап, мемлекет бюджетіне қарағанда адамның жеке принциптері биік қойылады. Республикамыздың ауыл-аймақтарында сатушылар чек сұрағандарға «оны не істейсің» деп, ұялтып жатады екен.
«Атамекен» ҰКП статистика комитеті төрағасының орынбасары Гүлнар Керімханова көлеңкелі экономиканың биылғы жылдық көрсеткіші Ішкі жалпы өнімнің 30 пайызына жеткенін мәлімдеді. 2015, 2016, 2017 жылдардағы нәтижеге қарасақ, көлеңкелі экономика көрсеткішінің азаймай тұрғаны байқалады. Сарапшылар соңғы үш жылда көлеңкелі экономика сауда саласында өршіп кеткенін айтады. Еліміздегі сауда айналымының жалпы көлемі 5,2 тлрн теңгеге жететінін ескерсек, одан түсетін салық та аз емес. Ал кәсіпкерлер банктер ұсынған мүмкіндікті салық төлемеудің амалы қылса, мемлекет бюджетінің жетіспеушілігі артпаса, кемімесі анық. Азаматтарымыз салық төлеу ең алдымен халықтың өмір сүру сапасын жақсартатынын түсініп, басқа мемлекеттердегідей салық төлемегеннің – құқығы қорғалмайды деген қағидаға көшсе, салық төлеу мен салық саясаты бүгінгідей үлкен мәселе болмас.