2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жекеменшік қосалқы шаруашылықтарға қойылатын талап барынша қатаңдатылмақ. Бұл туралы Қазақстанның Сүт одағының (ҚСО) бастамасымен ұйымдастырылған алқалы басқосуда айтылды.
Жиында сүт шикізатын Кеден одағының техникалық регламенттер талаптарына бейімдеу, салалық Жол картасын түзу және іске асыру мәселелері талқыланды. ҚСО бағдарламасының үйлестірушісі Сәуле Жанкинаның айтуынша, Кеден одағының жаңа талаптары бойынша қайта өңделетін сүттің сапасын қауіпсіздік техникалық регламенттеріне ыңғайлау керек. ҚСО деректеріне қарағанда, қазіргі таңда қайта өңделетін шикізаттың 700 мың тоннаға жуығы жарияланған талаптарға мүлдем сай емес. Келесі жылдан бастап жаңа шарттарға сәйкес келмейтін сүт өнімдерін өңдеу кәсіпорындары қайта қабылдамайды. Сүт зауыттары шикізаттың 70 пайыздан астамын елді мекендерден жинайды. Бірақ оның қауіпсіздігіне ешкім толық кепілдік бере алмай отыр. Айталық, сауын сиырларға антибиотик егілетін болса, оны сүт құрамынан қайнатып та, тазартып та шығару мүмкін емес екен. Мысалы, бір ауылда ірі қара малдан дерматит кеселі табылып, тұрғындар малдарына жаппай антибиотик салдыра бастаған. Қарапайым қағидатты білмеудің соңы шикі сүттің қауіптілігін еселеп арттырып жіберіпті.
– Жол картасы сүт шикізатының қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз етуге бағытталған. Бір жағынан, бизнес пен билікке кешенді қауіпсіздік құралы ретінде ұсынылады. Бұл отандық сүт өнімдерінің сапасына және халықтың денсаулығына тікелей оң әсер ететіні даусыз, – деді С.Жанкина.
Жол картасы БҰҰ азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымымен бірлесіп жасалған, оған Еуропалық қайта құру және даму банкі қолдау көрсетті. Құжат мал басын есепке алуға, сүтті сиырлардың мониторингісін жасауға, емдеу және вакцинациялау сапасына, коректендіруге, сүтті санитарлық бақылауға және қайта өңдеуге, шикізатты жинауды ұйымдастыруға қатысты үдерістерді жаңғыртуға мүмкіндік береді.
Жиында сөз алған мамандар Сүт одағы біраз жылдан бері Кеден одағының регламенттеріне көшу бойынша жоспарлы жұмыс жүргізгенін жеткізді. Тұрғындарға, сүт дайындаушыларға және тапсырушыларға қатысты ақпараттық-түсіндіру шаралары атқарылған. Сүт қабылдау бекеттері салынып, салқындатқыш ыдыстар қайтарымсыз несиеге берілген. Алайда салада қалыптасқан проблемалар бизнестің ғана емес, басқа да тараптардың жүйелі және белсенді араласуын талап етеді. Осыған байланысты Жол картасын іске асыруға мемлекеттік қадағалау және бақылау мекемелері, сүт өңдеу кәсіпорындары, шикізат жеткізушілер, жергілікті басқару органдары, зертханалар барынша тартылған. Сондай-ақ маңызды құжатта жануарлар ауруларының ошақтары бойынша бірыңғай динамикалық карта жасау, сүтті малдарды электронды есепке алу жүйесін жетілдіру мәселелері де қамтылған.
Бизнес өкілдері мемлекеттік органдармен шикізат пен шикізат базасы бойынша барлық түйінді проблемаларды талқылауға, бірлесіп шешуге дайын екенін Қазақстан Сүт одағының атқарушы директоры Владимир Кожевников те атап өтті. Оның сөзіне қарағанда, шикізат базасының аудитіне фермерлер қосылуға сақадай-сай. В.Кожевников:
– Фермерлер қазірдің өзінде осындай қатаң бәсекелестік жағдайында өмір сүре алатындарын, өз өнімдерін қайта өңдеушілерге сата алатындарын жете сезініп отыр, – дейді. Ол елімізде жылына өндірілетін 5 млн тонна сүттің 75 пайызы Кедендік одақтың техникалық регламенттерінде көрсетілген талаптарға сәйкес келмейтінін алаңдатарлық жағдай деп бағалады.
Жиында шикі сүтті сараптамалық зерттеулер, қайта өңдеу кәсіпорындарына түсетін шикізаттың зертханалық талдаулары, өнім құрамында антибиотиктер, соматикалық жасушалар іздерінің болуын растайтын көптеген мысалдар келтірілді. ҚСО 2019 жылдың ақпан-сәуір айларында өңдеу зауыттарының зертханаларында стихиялық және ұйымдастырылған нарықтарда сатылатын өнімдерге зерттеулер жүргізіп, қысқы кезеңдегі талдау нәтижелерімен салыстырғанда жағдайдың дабыл қағарлық екенін анықтаған. Антибиотик-левомецитинді пайдалану 3 есеге дейін артқан. Іс жүзінде барлық үлгілерде зең және ашытқылардың 24 сағатқа дейін өсуі тіркелген. Мұның бәрі санитарлық ережелердің және дайындаудың технологиясы, сондай-ақ тамақ өнімдерін сақтау, тасымалдау, өткізу мерзімдері мен температуралық режімдердің өрескел бұзылғанын көрсетеді.
Жол картасы екі кезеңмен жүзеге асырылатын болып белгіленді. Бірінші кезеңде Сүт одағына мүше кәсіпорындар, екінші кезеңде Қазақстанның барлық аймақтарындағы сүт өндірушілер қамтылмақ. Осылайша шикізаттың тазалығын қамтамасыз ету сүт өңдеу секторының басым бағытына айналатын болады.
Бүгінде екі миллиондай қазақстандық сүт өткізумен айналысады. Ауыл халқы үшін бұл әжептәуір табыс көзі саналады. Талап орындалмаса, өндіріс орындары шикізатсыз, ауылдықтар нәпақасыз қалары анық. Бұл жерде тағы бір шетін мәселенің пайда болуы ғажап емес. Өнімді зауыт қабылдамаған жағдайда базарлар мен көшелерде «жабайы сауда» өршіп кетпей ме деген қауіп бар екенін БҰҰ Ауыл шаруашылығы және азық-түлік ұйымының маманы Инна Пунда жасырмады.
– Бүгінгі таңда тұтынушылар сүттің үштен бірін заңсыз сауда орындарынан сатып алатын көрінеді. Сондықтан БҰҰ ережелері мен талаптарын жер-жерлерде қарапайым, ұғынықты тілде түсіндіруге кеңес береміз. Мәселен, сиыр сүтін пластмасса шелекке саууға болмайтынын, онда бактериялар көп жиналатынын, өнім сапасын жоғалтатынын көпшілік біле бермейді, – дейді И.Пунда. БҰҰ өкілі өнімді сақтау, тасымалдау жұмыстары сүттің сапасына ерекше әсер ететінін айтып, осы іске ерекше көңіл бөлу керектігін ескертті.
Солтүстік Қазақстан облысы