Мектеп жасындағы жасөспірім оқушылардың қылмысқа бой ұруы –жақсы құбылыс емес. Оларды мұндай теріс іс-әрекеттерге итермелейтін нендей күш? Қай кезде де жасөспірімдер қылмысы қоғамдағы өткір, көкейкесті әрі өзекті мәселелердің қатарында болып келеді. Осы орайда Ақтөбе облысы мысалында 2-3 ауыз ой-пікір өрбіткенді жөн көреміз. Қолда бар деректер кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық көріністері негізінен ұрлық, тонау, бұзақылық және жыныстық зорлау сипатында екенін көрсетеді.
Ақтөбе облыстық Полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Абзал Шотановтың мәлімдеуінше, өткен жылмен салыстырғанда биыл өңірде жасөспірімдер жасаған қылмыс 19 пайызға азайған. Оның есесіне аталған уақыт аралығында олардың тарапынан жасалатын ауыр қылмыстар санының көбейгені алдыңғы жағымды деректі жуып-шайып кеткендей әсер қалдырады. Ауыр қылмыс дегеніміз – адам өлтіру екенін ескерсек, бұл төбе шашыңды тік тұрғызбай қоймайды. Тағы бір қынжыларлық жайт мұндай деректердің қаймағы бұзылмаған Ойыл, Шалқал секілді ұлттық салт-дәстүрлер құндылықтарына бай шалғай аудандарда тіркелгендігі. Биылғы жылы да осындай ауыр қылмыстардың саны көбейіп отырғаны алаңдатпай қоймайды. Әрине қылмыс жасаған жасөспірімдер жауапкершілікке тартылған. Осындай тәртіп олардың ата-аналарына да жасалған, тіпті кейбіреулерін ата-аналық құқықтарынан айыру жөніндегі қатаң заң талаптары қолданылған. Қылмысқа бой ұрған жасөспірімдердің бірқатары арнайы мектептерге жіберілген. Осымен бүкіл істі біттіге санауға бола ма? Әрине, жоқ. Мұнымен жасөспірімдер арасындағы қылмыс деңгейі төмендейтініне кепілдік беру қиын. Бұл ретте кәмелетке толмағандар арасындағы ауыр қылмыстардың көбеюінің басты себебі мен салдары не деген сауалға жауап іздестірілгені жөн. Біріншіден, осы орайда әлеуметтік-физиологиялық және психологиялық тұрғыдан толық өсіп, дамып жетіле қоймаған балалардың бойында осал, кемшін тұстары болуы табиғи үрдіс екенін терең түйсінуге тиіспіз. Басты мәселе барша қоғам мүшелері өзара бірігіп, олардың осал олқы тұстарын жетілдіруге көңіл аударса, мұндай қылмыстар азая түсетіні анық. Яғни, негізгі назар кәмелетке толмағандар арасындағы болуы мүмкін қылмыстың алдын алуға әрі оны болдырмауға бағытталса, мұндай іс-шаралар өз нәтижесін берері белгілі.
Балалар мен жасөспірімдер арасындағы қылмысты азайту мен төмендетудің басты жолдарының бірі – ювеналды полиция қызметкерлерінің мәртебесін және біліктілігі мен жауапкершілігін көтеру деп білеміз. Мемлекет тарапынан қаржыландырылатын арнайы ішкі құрылымдар толық қайтарыммен қызмет жасауы керектігі ешқандай талас туғызбайды. Әйтсе де, бүгінгі күні өңірдегі ювеналды полиция инспекторлары арасында алдын алу шараларын үстірт жүргізуге бейім тұратындар кездесіп қалып жүргенін жоққа шығару қиын-ақ. Күрмеуі мол іс-шаралар кешені шеңберінде бірқатар жағдайларда нақтылық пен сындарлылық жетісе бермейтіні байқалып қалып жүр.
Бүгінгі күні облыста 164 ювеналды полиция инспекторы қызмет істейді екен. Өңірдегі кәмелетке толмағандардың басына шаққанда, олардың санын аз деуге де, көп деуге де болмас. Егер осы 164 инспектордың бәрі сапалы нәтиже көрсетсе мүмкін жоғарыда көрсетілгендей, кәмелетке толмағандар арасындағы ауыр қылмыстар дерегі азаяр ма? Әсіресе қазіргі кезде өңірде тұрмыстық жағдайы төмен отбасылармен қылмыстың алдын алу жөніндегі жүргізілетін жұмыстарды жаңа сапалы деңгейге көтеру керектігі анық көрінеді.
Жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу ісіне облыстағы білім беру орындары да сүбелі үлес қоса алатыны айқын. Бұған дейін облыс мектептері мен колледждерінде оқушылардың жанжалдасу мен төбелесуі, олардың бірінің өліммен аяқталғаны – олардың жүргізіп келген профилактикалық шараларының тиімсіздігі мен пәрменсіздігінің бір көрінісі болып жүрмесіне кім кепіл?
Осындай олқылықтың орнын толтыру үшін Ақтөбе облыстық білім басқармасы тарапынан 2019-2020 жылдарға арналған ведомстволық жоспар әзірленіп бекітілген. Бұл қадам қылмысқа баратын жеткіншектердің отбасылық жағдайларына жан-жақты талдаулар жасауға мүмкіндік береді. Бұл бағытта биылғы жылы қылмыстық жауапкершілікке тартылған 63 жасөспірімнің отбасылық жай-күйіне жасалған талдаулар оның 44 пайызы толық отбасынан шыққанын көрсетіпті. Сондай-ақ тексерулер кезінде ата-аналар перзенттеріне өз деңгейінде бақылау жасамайтыны, балаларына саналы тәрбие беру ісіндегі ата-аналық парыздары мен жауапкершілігін сезіне бермейтіні анықталған.
Өткен жылы Ақтөбе облысындағы бес жалпы білім беретін мектеп пен бес колледжде оқушылардың қылмыс жасау деректері тіркелген. Облыстық білім басқармасы биыл облыстық прокуратура өкілдерімен бірлесе отырып, аталған теріс құбылысты жою үшін арнайы қанатқақты жоба әзірледі. Сондай-ақ аталған жоба аясында мүдделі мемлекеттік органдар өкілдерінің басын қосатын жұмыс тобы құрылған. Осы оқу орындарында жастардың белгілі бір тобы кескіш және қадалғыш заттарды ұстап келгендері мәлім. Жұмыс тобы мүшелері бұл мәселе жөнінде де оқушылар мен ата-аналармен жеке әңгімелесіп, тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізген.
Журналистік зерттеулер жасөспірімдер қылмыс жасаған жағдайда өкілетті органдар кінәні сол жасөспірімдердің ата-аналарына аударуға тырысатынын көрсетеді. Сондықтан әрбір оқушының бос уақытын тиімді әрі мазмұнды түрде ұйымдастыру аса маңызды мәселеге айналды. Кәмелетке толмағандар арасында қылмыстың салдарын жою тек осындай бас біріктіре білген жағдайда ғана мүмкін болатынына толық сенім бар.
АҚТӨБЕ