Ежелгі Қазақстан тарихы, қазақ халқының материалдық және рухани мәдениеті әлемдік тарихта бірегей өркениет ретінде қарастырылуы тиіс. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласында қазақ даласындағы ұлы жетістіктердің сырттан келмегендігін, керісінше қазақ даласында пайда болып, шартарапқа тарағандығы атап өтілген болатын. Сол ұлы өнердің бір парасы – қолөнер шеберлерінің үлесі.
Былғары ісі ежелгі өнер санатында. Кейін көзден бұл-бұл ұшқанымен, қайта жаңғырып, өріс жаюда. Кез келген өнердің өрісі әрине, шын берілген шынайы шеберлердің уысында. Көкшетаулық қарапайым ұста Рустам Яковлев осындай он саусағынан өнер тамған азаматтың бірі. Сүйікті ісімен 2014 жылдан бері айналысуда. Әдейілеп іздеп бардық. Алғаш хабарласқанымызда уақытының жоқтығын айтқан. Тапсырыс алыпты. Бірінің үстіне бірін. Ақшаға қызыққаннан емес, қызығушылығы енді оянып келе жатқан жерлестерінің бетін қайтаруға батпаған.
Көпқабатты үйдің шағын ғана пәтері. Ат айналғысыз бөлме. Шеберхана іспетті. Жұмыс үстелінің үсті саналуан құрал-саймандарға толы, қабырғада самсап ілулі тұрғандары қаншама. Сапасы әртүрлі, қалыңдығы да әрқилы былғары кесінділері. Дайын бұйымдары да бар екен. Бірыңғай ұлттық нақышта, таза былғарыдан жасалған әлгі бұйымдардың қай-қайсысы болмасын көз қызықтырады.
Қала баласы Рустамның қызығушылығы ерте оянған екен. Облыс орталығындағы Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетін бітірген. Бейнелеу өнері мен сызу пәнінің мұғалімі қаладағы білім ошақтарында жұмыс істепті. Кейін біржола осы кәсіпке бет бұрған. Бір айта кетерлігі, жалпы білім беретін мектептерде сегізінші сыныпқа арналған «Еңбек» оқулығының авторы екен. Облыстық, республикалық, тіпті халықаралық байқауларға қатысып, тәуір бағасын алған.
– Тұтынушылардың талабынан шығу оңай-оспақ шаруа емес, – дейді өзі. – Көне замандағы қолөнер шеберлерінің қандай зат жасағанын, қалай жасағанын, қандай бұйымдарды пайдаланғанын зерделей зерттеуге тура келеді. Әсіресе, атақты ғалым Әлкей Марғұланның мұрасынан дәстүрлі өнер туралы деректерді көп кездестірдім. Өз басым өткен мен бүгінді байланыстыруға тырысамын. Бұл дегеніңіз қарапайым зат емес, тұнып тұрған тарих емес пе? Орхон Енисей руникалық жазбаларын ерекше бағалаймын. Жасайтын бұйымдарым тарихи деректерді сөйлетіп тұрғандықтан, осы жазуларды жиі пайдалануға тырысамын.
Айтпақшы, Рустам бос уақытында варганда ойнауды ұнатады екен. Үнінде тылсым күш бар дейді. Сиқырлы сазға елітіп, қорғасындай балқығанда, көне дүниенің көмбесіне енбек. Жан дүниесімен өткеннің елесін сезінбек.
Жұмысқа көптеген технины пайдаланды екен. Оның ішінде жазу, өрнектеу, қалыптау, тіпті, пирография да бар. Өз бойындағы қабілетті ұштаған ұстазы Рүстем Шәріповтің еңбегін ерекше бағалайды. Қазір де байланысын үзбеген. Бұйымдарындағы зергерлік заттардың бәрін ұстазы жасайды. Ілкімді ізденіс те, мұрат-мақсат та бір.
– Орта ғасырдағы жауынгерлердің, оның ішінде қазақ жауынгерлерінің қару-жарақтарын даярлаумен және қайта жөндеумен айналысамыз, – дейді шебер. – Бес қарудың толық жиынтығы мен сауытын жасап болсаң, ерліктің бәсін білесің.
Қолөнер шебері ұлттық құндылықтардың еш уақытта ұмытылмайтындығына бек сенімді. Өйткені ата-баба тарихы қашанда мызғымас іргетас іспетті.
Көкшетау