Қырғыз Республикасының бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевтың жағдайы қиындап барады. Атап айтқанда, елдің Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің төрағасы Орозбек Опумбаев экс-президент мемлекеттік төңкеріс жасауға талпынған деп хабарлады. Бұл жөнінде АКИpress ақпарат агенттігі жазды.
Бішкекте өткен брифинг барысында комитет төрағасы О.Опумбаев бұрынғы президент пен оның жақтастары әйелдер мен қарт кісілерге ақша таратып, үйінің маңында ұстады деп мәлімдеді. Олардың әрқайсысына 3 мың сомнан ұстатып, полициямен арада қақтығыс жасауға тырысқан.
– Мен оның мемлекеттік төңкеріс жасауға даярланғанын ашық айта аламын. Ол ресми шақыртуға келмейтінін білдірген соң «Альфа» арнаулы жасағының күшін пайдаландық, – деді О.Опумбаев.
Комитет төрағасының айтуынша, А.Атамбевты ұстаудың бес нұсқасы бірдей қарастырылып, ең ұтымдысы таңдалған. О.Опумбаев бұрынғы президентке арнаулы қызмет жасағын қасақана өлтірді деген күдік тағылғанын да мәлім етті.
– 8 тамыз күні Атамбаев асқан қызуқандылықпен мәлімдеме жасады. Ол сөз арасында алты рет оқ атқанын айтып қалды. Тергеу барысында осы сөздер есепке алына отырып, шынымен де алты рет оқ атқаны анықталды, – деп мәлімдеді арнаулы қызмет бастығы.
Оқ қаза тапқан жасақ Үсен Ниязбековтің қақ жүрегіне тиген. Жалпы А.Атамбаевтың келешектегі жағдайы бойынша қазір болжамдар аз емес. Мәселен, осы елдің белгілі құқық қорғаушысы Рита Қарасартованың айтуына қарағанда, елдің экс-президенті қазіргі тағылған айыптар негізінде өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесілуі мүмкін.
А.Атамбаев полицияға 8 тамыз күні өз еркімен берілген болатын. Кейінірек полиция Алатоо алаңына жиналған оның бірқатар жақтасын күшпен таратты. Экс-президентті ұстауға арналған екі күндік операция барысында 136 адам жараланып, бір сарбаз қаза тапты.