• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 14 Тамыз, 2019

24 адам жантәсілім етті

290 рет
көрсетілді

Табиғаттың аяқасты болатын тосын апаттарына қолдан келер шара жоқ. Мал-жанның амандығын тілеп, шүкіршілік айтасың да қоясың. Ендігәрі қай­таланбауын тілейсің. Ал ж­еке­­леген адамдардың жауап­сыз­­дығы мен бейқамды­ғынан орын алып жататын өкінішті жайт­тарды ешнәрсемен ақтауға болмас.

Биылғы жаздың аптап ыстық­тарында өңірде 21 солтүстікқазақ­стан­дықтың ажалы судан болса, қызыл тілі сумаңдаған алапат өрттен көз жұм­ғандардың саны – 24. Осын­дай қайғылы оқиғалардың бірі жуыр­да ғана облыс орталығында орын ал­ды. Атап айтқанда, Февраль көше­сінде бір баспананың қызыл жалынға оран­ғаны туралы Төтенше жағдайлар депар­таментінің кезекші бөліміне бір қыз жанұшыра хабарлаған. Оқиға орнына өрт сөндірушілердің құт­қару тобы жедел жеткенімен, қора-қопсы мен сарайдың күл астында қалғанын көрген. 62 жастағы үй иесі түтінге тұншыққан күйі жан тапсырған.

Жыл басынан бері «тілсіз жау» құшағынан 34 адам құтқарылды. Өкінішке қарай, 24 адам көз жұмып, 14 адам түрлі дене жарақатын алды. Көбі ішімдікке әуес, тұрмысы нашар жандар. Мұндай қайғылы жағдайлар өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақ­тамау салдарынан болып жата­ды. Көбіне ересектер кінәлі. Теме­кі тұқылын өшірмеу, электр құрал­дарын тоқ көзінен ажыратпау, пеш­ті қараусыз қалдыру секілді өрес­кел ағат­тықтар жиі жіберіледі, деді облыс­тық Төтенше жағдайлар депар­та­менті баспасөз орталығының бас маманы Евгений Журавлев.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орын­басары Ерік Сарыбаев берген мәлі­­мет­тер бойынша, жыл басынан бері 435 өрт оқиғасы тіркеліп, келті­ріл­ген шығынның мөлшері 46 мил­лион теңгені құраған. Былтырға қара­ған­да бұл көрсеткіштің 39 пайызға көбей­гені байқалады. Сонымен қатар 52 ав­то­­­көлік отқа оранған. Өңірде ор­ман өрті де азаймай тұр. Жыл басынан бері 53 гектар аумақтың ағашы өр­тен­­ген. Сөйтіп өткен жылмен са­лыс­тыр­ғанда 45,5 пайызға артып, орман қоры­ның ерекше аймақтарын да шарпыған.

25 мобильдік топпен бірлесіп, 223 рейдтік шара жүргізіліп, 34 заңды және жеке тұлғалардың әкімшілік жауапкершілікке тартылғанына қара­мастан нақты нәтиженің аздығына қарағанда Әкімшілік кодекс талаптарын әлі де қатаңдату қажет секілді.

 

Солтүстік Қазақстан облысы