Биылғы аптап ыстық талайды әбігерге салды. Соңғы кездері Жамбыл облысының әрбір ауданында өрт оқиғасы тіркеліп, төтенше жағдай жиіледі. Алайда апат айтып келмейді. Тілсіз жаудың тұтқынында қалған талай жер күлге айналды.
Жуырда ғана Жамбыл ауданы, Жамбыл ауылдық округіне қарасты Қоңыртөбе елді мекенінде болған алапат өрттен «Ғалымжан» шаруа қожалығының төрт түлігі отқа оранды. Төтенше жағдайлар қызметінің мәлімдеуінше, өрт электр желілерінің тұйықталуы салдарынан шамамен түнгі сағат 00-01 шамасында тұтанған. Түн ортасында асқынған өрт аталған шаруа қожалығының жалпы 90 бас малын шарпыған. Атап айтсақ, қожалық басшысы Нұрлан Жұмағұловқа тиесілі 5 бас жылқы, 18 бас қой және 67 бас сиыр малы түгелдей өртеніп кеткен.
Кәсіпкер мал шаруашылығымен талай жылдан бері айналысып келеді екен. Жақында ғана «Ғалымжан» шаруа қожалығын ашып, ол мұнда мал бордақылауды қолға алған. Алайда төтеннен келген тілсіз жаудың салдарынан мұндағы барлық мал басы тірідей жанып кетті. Қораның әр бұрышында жатқан малдың өлі денелеріне қарағанда, жануарлардың басы шынжырмен мықтап байланған. Электр желілерінің тұйықталуынан тұтанған қызыл жалынның ұшқыны қамыспен жабылған қораның шатырына тиіп, одан мал тұрған жерге түсіп, одан әрі жақын маңға жиналған шөпке түскен. Түн ортасында тілсіз жаумен арпалысуға шыққан жұмысшылар әуелі өртті өздері сөндірмек болыпты. Алайда сәт санап күш алып бара жатқан өртті ауыздықтау мүмкін болмағандықтан, олар амалсыз құтқарушылардың көмегіне жүгінген. Соның өзінде 600 шаршы метр жерді өрт жайлаған.
Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Қыдырәліұлының айтуынша, жергілікті әкімдік бұл мәселеге бейжай қарамай, тиісті көмек көрсеткен. Қоңыртөбе елді мекенінде болған өртті сөндіру үшін ауданнан 20-дан астам адам және 5-6 техника күші тартылған. Сонымен қатар шаруаларға медициналық қызмет те көрсетілген. Соның өзінде абайсызда тұтанған алапат жалынның беті 4 сағаттық арпалыстан соң әрең қайтқан. Бірақ өкінішке қарай төрт түлік мал тілсіз жаудың құрбанына айналды. Сондай-ақ 200 тонна шөп күлге айналған. Аудан әкімдігі тарапынан от тиіп, опат болған малдардың өлігін толығымен оқшаулап көму жұмыстары жүргізілді. Әкімнің орынбасары тағы да тиісінше көмек көрсетілетінін айтты.
Жамбыл облысы