Аз уақыттың ішінде Әулиеата өңіріне танымал болып үлгірген Абылхан Өтепбергенов бүгінде Жамбыл ауданы Айша бибі ауылында тұрады. Негізгі мамандығы – зоотехник.
Әбекең көлік тізгінінде жүріп бүкіл қазақ даласын аралап шыққан, Ресейдің Иркутск қаласына дейін жүк тасыған. Осыдан төрт жыл бұрын ойламаған жерден сурет салуға, қолөнер бұйымдарын жасауға деген құлшынысы күшейіп, бойындағы керемет қасиет ояна бастапты. Бірде біздің кейіпкеріміз Тараз қаласында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған айтысқа барғанында «Баласағұн» орталық концерт залының дәлізінде ашылған көрмеден көне ағаш ыдысты көреді. Қолөнерге деген қызығушылығы сол сәттен басталыпты. Тараздан келгеннен кейін үйінің ауласында жеміс бермей тұрған өрік ағашын кесіп, оны кептіріп, қошқармүйіз мүсін жасауды қолға алады. Бұрын мұндай бұйымдарды жасап көрмеген ол бірінші рет пышақ, балта және ара сияқты үй жағдайындағы құрал-саймандарды қолданады. Алғаш рет жасаған қошқармүйізі сәтті шығып, кейіннен пиала, кесе, түрлі кәдесый атаулыны жасай береді. Бастапқыда жасаған бұйымдарын жаратпаған ол бәрін де сұрағандарға сыйлық ретінде беріп жібереді.
Бүгінде Абылхан Өтепбергенов белгілі қолөнершіге айналды. Ол өзі тұратын Айша бибі ауылында және Тараз қаласындағы ежелгі «Төрткүл» керуен сарайында жұмыс істейді. Ағаш ұстасының айтуынша, тұқымында ағаштан түйін түйген шебер, қолөнермен айналысқан адам болмаған екен.
Қазір Әбекеңнің қолынан шыққан бұйымдар облыс орталығындағы «Төрткүл» кешеніне қыдырып келгендер қарапайым халықты да, қолөнерші мамандарды да тәнті етуде. Тіпті арнайы тапсырыс беріп, заттарын қалап алып жатқандар да бар екен. Енді Таразға келетін туристер «Төрткүл» керуен сарайында тек ұлттық тағамдарды ғана емес, Абылхан Өтепбергенов сынды жамбылдық шеберлер жасаған түрлі қолөнер бұйымдарын да тамашалай алады.
Жамбыл облысы