• RUB:
    5.41
  • USD:
    472.49
  • EUR:
    515.44
Басты сайтқа өту
Аймақтар 15 Тамыз, 2019

Алматыда келер жылы медкөмекті қаржыландыру көлемі 45,5 млрд теңгеге артады

155 рет
көрсетілді

Алматы әкімдігінде қала әкімінің орынбасары Е. Бабақұмаровтың төрағалық етуімен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша өңірлік штабтың отырысы өтті. 

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» ҰАҚ басшысы Айбатыр Жұмағұловтың мәліметі бойынша Алматы қаласы тұрғындары үшін медициналық көмекті қаржыландыру көлемі 2020 жылы 45,5 млрд. теңгеге немесе бір жарым есеге өсетін болады. «Егер 2019 жылы медициналық қызмет бюджеті 114,9 млрд теңге болса, онда 2020 жылы 160, 4 млрд. теңгеге жеткізу жоспарланған»,  деп атап өтті А. Жұмағұлов. МСҚ төрағасының сөзіне сүйенсек, бұл медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілуімен тығыз байланысты.

Бірер айдан кейін толық іске қосылатын реформаның негізгі мақсаты – медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін арттыру болғандықтан, реформаны ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына жіті көңіл бөлініп отыр.

Осыған байланысты Алматы әкімдігі тұрғындар арасында ақпараттандыру жұмыстарын күшейту жөнінде нақты тапсырмалар берді.

«Реформа қарсаңында қала тұрғындарының МӘМС жайлы білу деңгейін көтеруіміз қажет. Әсіресе, бейресми жұмыс істейтін азаматтардың статусын анықтаудың маңызы зор. Сол себепті әр тұрғынға дұрыс мәлімет беру, сондай-ақ, туындаған сұрақтарға толыққанды жауап беру реформаның табысты жүзеге асырылуына септігін тигізеді»,  деді Алматы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров.

Сонымен қатар Медициналық сақтандыру қоры жуық арада жеке байланыс орталығын іске қоспақ. 1406 бірыңғай байланыс орталығы сарапшылары халыққа медициналық көмек пен сақтандыру жарнасына қатысты жан-жақты мәлімет беріп, жұртшылықтан түскен арыз-шағымдармен айналысады.

Естеріңізге сала кетсек, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ кепілдендірілген тегін медициналық көмек пен әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде көрсетілетін қызметтердің қаржы операторы болып табылады.

АЛМАТЫ