• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 16 Тамыз, 2019

Төр Алтайды суретке тартты

227 рет
көрсетілді

«...Түһ, шіркін! Тоқымдай жерде тоқсан түрлі гүл, ну орман, төбесі көк тіреген шыңдар. Жер бетіндегі жұмақ жер осы шығар», деп таңданған Нұрманбет ақсақал Солдатқұлаған асуынан Бұқтырманы жағалай жатқан елге көз тас­тады. Арғысы Маңғыстаудан, Оралдан, Ақтөбеден, Түркістаннан, бергісі Алматы, Астанадан келген фотосуретшілер жанталаса жан-жақтарын шырт-шырт еткізіп суретке түсіріп жүр.

«Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылхан Әбдірайым бастаған бір топ фотографтың көздегені Төр Ал­тай­ды суретке түсіріп қайту еді. Жай ғана суретке түсіріп қайтпай, Шы­ғыс­­тың шырайлы табиғатын сапа­лы фото­суреттерімен әлемге таныту­ды мақ­сат етті. «Шығыс-Ақпарат» медиа­хол­дин­гі, «Фотоөнер» қоғамдық бір­лес­тігі және Берел қорық-мұражайы ұйым­дас­тыр­ған фото-турға келгендер алдымен Өске­мен­дегі этноауылды аралап, әр ұлттың салт-дәстүрінен сыр шертетін үйлерге бас сұқты.

– Этноауыл дегенге қаланың қақ орта­сында 120 гектарды алып жатқан алып аумақ деп ойламаппын. Керемет! Фото­суретшілер үшін таптырмас орын ғой, – дейді астаналық фотограф Ербол Ерденбек.

Этноауылдағы саяхаттан соң, фотоаппарат ұстаған жастар үшін «National Geographic Qazaqstan» журналының шеф-фотографы Ерболат Шадрахов, арда­гер фототілші Нұрманбет Қизатұлы және басқа да кәсіби мамандар шеберлік саға­тын өткізді.

– Биыл елімізде Жастар жылы деп жарияланғандықтан, «Киелі Алтай: Берел-2019» фотоэкспедициясына кел­ген фотографтардың басым бөлігі – жас­тар. Олардың ішінде әлеуметтік желі арқылы көзтартар туындыларымен танымал болып қалған Досжан Балабекұлы да бар, – дейді Асылхан Әбдірайым.

Ал шеберлік сағатында сөз алған «National Geographic Qazaqstan» жур­на­­­лының шеф-фотографы Ерболат Шадра­хов:

– Табиғатты түсіру үшін жан-жақты зерт­теу керек. Ол үшін баратын жердің сурет­терін ғаламтордан қарап шығып, «Кім түсірді?», «Қалай түсірді?» деген сұрақтарға жауап іздеңіз. Өз басым көздеген жерімнен жақсы кадрлар түсір­мейінше бірнеше рет барамын, – деп фотографтарды ертеңгі саяхатқа дайын­да­ғандай болды.

Ашық аспан астында өтіп жатқан шебер­лік сағатына белсенді қатысып, фотографияға қатысты сұрақтарға дұрыс жа­уап берген жастарға «Фотоөнер» бір­лестігі атынан естелік сыйлықтар табысталды.

Солдатқұлаған

Ертесінде он бес фотограф артынып-тартынып Төр Алтайға, Катонқарағайға жол тарттық. Бұралаңы мен асуы көп Өмеш асуын басып өткен шағын автобус Васильев өткеліндегі паромға тұмсығын тіреді. Кейбіреуі үшін бұл паром да таңсық еді. «Неге әлі күнге Васильев өткелі?» деп сұрақ қойғандар да болды. Мұндайда аузыңа құм құйылады екен.

Фотоаппарат асынғандар түс ауа Алтайдың тұмса табиғатынан бір-ақ шық­ты. Шыңғыстайдың тұсынан қос «УАЗ» машинасымен өткен ғасырда Аустрия-Венгрия тұтқындары салған ирек жолмен Солдатқұлаған асуына кө­теріліп келеміз. Бұл жолдың бас-аяғы жүз шақырымға жуық. Алтай­дың теріскейінен басталған жол арғы беттегі Ұранхай ауылынан бір-ақ шы­ға­ды. Көнекөз қариялардың айтуын­ша, ескі Аустрия жолы стратегиялық мақ­сатта Қытайға асу үшін салынған көрі­не­ді. Ол тұста атпен асатындай ғана соқпақ болған екен. Кейін трактормен кеңейтіліпті. Әр биікке ирек жолмен көтерілген сайын ауыл-аймақ төменнен мұнарлана берді. Біз Солдатқұлағанға жеткенде, алтын шапағын шашқан күн ұясына еңкейген. Кейбір тұстан Мұзтау менмұндалады. Фотографтар үшін бұл – алтын уақыт, сәтті кадрлар түсіретін кез. «УАЗ» көлігінен жапа-тармағай түскен олар жан-жаққа жүгіре жөнелді. Ыңғайлы нүкте іздеп, маңайдағы сұлу табиғатты суретке басып алу үшін ши­рақ қимылдады. Әй, бірақ мұншама сұлу­лықты әп-сәтте суретке түсіріп алу әсте мүмкін емес. Ол үшін Алтайда айлап, апталап жату керек, асықпай аралау керек. Дегенмен Солдатқұлағаннан қоржындарын панорамалық суреттерге толтырды-ау деймін. Қараңғы түсе төменге асықтық. Күрежолдың бойында Берелге апара жатқан автобусымыз күтіп тұр...

 

Берел

Таң атар-атпастан фотоапараттарын арқалап, Берел-қорық мұражайының ма­ңын­­дағы төбеге шығып кеткен Досжан мен Бекбол ентігіп етекке түсті. «Аю жүр», – дейді екеуі жарыса сөйлеп. Олардың айтқанына аса мән бере қой­ма­ған осы жердің күзетшісі:

– Е-е-е, аю жүре береді. Қонжығымен жүрген аю болмаса, адамға шаппайды, – деп екеуінің үрейін басқандай болды. Досжан Балабекұлы «таукезбе» фотограф болғанымен, Алматының тауларында мұндай жабайы жануарлар кездесе бермейді дейді.

Фотографтар бір үйдің баласын­дай таңғы астарын ішкен соң сақтар мен түркілердің заманындағы жәді­гер­лер­мен, обалармен танысты.

– Берел-қорық мұражайы174 гектарды алып жатыр. Бұл жерде Сақ және Түркі дәуірінің адамдары жерленген. №11 обаны естіген шығарсыздар, 1998 жылы осы жердегі қазба жұмыстары кезінде әйел мен ер адамның және он үш жылқы табылған. Жерленген ер адамның жасы 35-40 жас­та, ал қасында жерленген әйел адамның жасы ер адамнан 30 жас үлкен болған. Ғалымдар оларға генетикалық зерттеу жасап, анасы мен баласы екенін анықтаған. Басынан жарақат алған ер адамға сол заманда ота жасалғаны да белгілі болды, – дейді «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің бас қор сақтаушысы Жания Сегізбаева.

Көне мәдениетпен танысқан фотографтар қараңғы түскенше құнды жәді­гер­лерді, тоң басқан обаларды тас­па­лап алуға тырысты. Бір тобы Берел ауы­лы­ның тыныс-тіршілігінен де тұр­мыс­тық фотолар түсірді.

 

Көккөл

«Киелі Алтай: Берел-2019» фото ту­рының үшінші күнінде арна­йы жас­ақ­талған «Урал» көлігімен Мұз­тауды маң­дай­ға алып, Қаракөлге жолға шықтық. Қаракөлге нағыз жол таң­да­майтын көлік болмаса, былайғы Джипсымақтар да шыға бермейді.

Көбігін атқақтата ағып жатқан Ақ­бұл­қақ өзеніндегі көпірге таяй бере біз мінген «Урал» кілт тоқтады. Жүргізуші түсіңдер дегендей ишарат жасады. Тегі ағаш көпір қауіпті болса керек. Алып машина шегіншектеп барып, ағаш көпірден зу етіп өте шықты. Көпір сықыр-сықыр ете қалды. Біз жаяу өттік. Кейбір тұсындағы тақтайлар ойылып кетіпті. Жүрек жұтқан жүргізуші жолаушылардың қауіпсіздігін сақтағаны ғой.

Көп ұзамай Қарайрық ауылына аялда­дық. Кезінде тіршілігі қайнап жатқан ауылдағы үйлердің көбі бос тұр, төрт-ақ отбасы қалыпты. Әрі қарай ерекше қорғалатын Ұлттық парктің аумағы. Ақысын төлеп, постан өттік. Таудың тасжолымен келе жатқан көліктің дауысы ышқына түсті. Өр. Жолдың қос қапталындағы қалың жыныста қабан көп жүреді екен.

Язовое сарқырамасының тұсына келіп тағы бір аялдадық. Сарқырама сондай биік болмағанымен, сұлулығымен көз тартады. Фотографтар шырт-шырт еткізіп суретке түсірді де, қайта көлікке жайғасты. Ұзақ жүрген жоқпыз, бір асудан асқан соң, мөлдіреп Қаракөл көрінді. Қалай дегенмен де, адам аяғы аз. Көл маңайы көкмайса шөп. Жаздың он төрт күні ғана ашық тұратын Мұзтауды бұлт басып тұрды. Түсірілім тобы көл жағасына аппараттарын тізіп қойып, ымырт түскенше ақбас шыңның ашылуын күтті...

Үш күнде фотоэкспедиция мүше­ле­рі Ал­тайға бауыр басып қал­ған­дай кө­рінді, қимай қоштасты. Берел-қо­рық мұражайының директоры Жан­гел­­ді Ахмадиев топ мүшелеріне алғы­­­сын айтып, ардагер фототілші Нұр­­­манбет Қизатұлына, «National Geog­rap­hic Qazaqstan» журналының шеф-фото­графы Ерболат Шадраховқа қазақ­тың дәстүрімен шапан жапты. Топты бас­тап келген Асылхан Әбді­райым­­ға да ерекше ілтипатын білдірді. «Киелі Алтай: Берел-2019» фототурын ұйым­дас­тыруға атсалысқан «Шығыс-Ақпарат» бас­шы­лығын Алғыс хатпен мара­паттады. Келген қо­нақтар да «Берел-қо­рық мұражайына» есте­лік ретінде кәде­сый­ларын табыстап кетті.

Ал сіздер фотографтардың Төр Алтай­да түсірген жауһар туындыларын Алма­ты­да, Семейде, Өскеменде өтетін көрмеде тамашалай аласыздар.

 

Мерей Қайнарұлы

Шығыс Қазақстан облысы