Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласындағы Banc of California стадионында өткен кәсіби бокс кешінде шаршы алаңға көтеріліп, канадалық Стюарт МакЛелланнан басым түсті.
Қандасымыз бұл жекпе-жекте осы жылдың сәуір айында мексикалық боксшы Кристиан Оливастан (16-5, 13 КО) жеңіп алған WBO Global мен WBC Continental Americas аймақтық белдігін алғаш рет қорғады. Бокс мамандары мен боксшылардың өздері белдікті жеңіп алуға қарағанда, оны қорғап қалу қиын екенін жиі айтады. Енді ше, кімнің биікке шығып, төмен құлағысы келсін?! Белдік қорғап қалудың машақаты ауыр екенін сезінген Жәнібек бұл жекпе-жекке дайындықты ерте бастады. Кездесу уақыты шілде айының ортасында белгілі болса да, отандасымыз АҚШ-қа маусымның соңында аттанды. Бара салысымен дайындығына кірісіп, жауапты кездесуге мұқият әзірленгенін әлеуметтік желі арқылы көріп, әр қиымылын бақылап отырдық.
Жәнібектің бұл айқаста жеңілуге хақысы жоқ еді. Себебі бірінші кезекте отандасымызға жанкүйер болып отырған қалың Қазақ елінің артқан сенімін ақтау керек болатын. Екіншіден, қандасымызға қарсылас атанған канадалық боксшы күні кешеге дейін Әлімханұлын сайқымазақ Боратқа теңеп, әбден шамына тиген-ді. Қазақтың қайсар ұлы канадалықтың бұл қылығына сабырмен қарап, қарымтасын сөзбен емес іспен қайтаруға бекінді әрі солай болды да. Жәнібек Әлімханұлы бес раундтың ішінде канадалық Стюарт МакЛелланді үш рет нокдаунға жіберді. Төреші араға түспегенде канадалықтың хәлі не боларын кім білсін?
Әуелде екі боксшы арасындағы жекпе-жек 10 раундқа жоспарланған болатын. Алайда Жәнібек кездесуді көпке созбай, бесінші раундта-ақ аяқтауды жөн көрді. Бірінші раундтағы алғашқы соққыны қазақстандық боксшы жасағанымен, Стюарт МакЛелланның бастапқы қарқыны қатты болып көрінді. Бірақ Жәнібек екінші раундта жекпе-жек тізгінін мықтап қолға алды. Жақсы соққылар жұмсап, сериямен де сәтті жұмыс істеді. Қорғаныста да сауатты болды. Кезекті бір сәтті соққыдан кейін канадалық боксшы нокдаунға түсіп қалды. Басымдықты раунд сайын үдете түскен Жәнібек бесінші раундта МакЛелланді екі рет нокдаунға жіберді. Алғашқысында канадалық тез ес жиып, айқасты жалғастыруға тырысқанымен, отандасымыздың сериялық соққыларынан кейін төреші жекпе-жекті тоқтатуға мәжбүр болды.
Осылайша, Жәнібек белдіктерін сәтті қорғап, әлем чемпионы атағы үшін тағы бір қадам жасады. Кешегі жарқын жеңісінен кейін Әлімханұлы орта салмақтағы ТОП-50 боксшының қатарына кіруі тиіс. Егер жыл соңына дейін отандасымыз тағы бір-екі жекпе-жек өткізетін болса, келесі жылдан бастап төрт белдіктің бір тұжырымы бойынша чемпиондық белдікке таласуға толық мүмкіндік туады.
Отандасымыздың жекпе-жегін тамашалаған америкалық Boxingnews24.com басылымының журналисі Барри Холбрук Жәнібектің жеңісін жоғары бағалады. «Орта салмақтың болашақ жұлдызы Жәнібек Әлімханұлы (7-0, 3 КО) кешегі бокс кешінде канадалық Стюарт МакЛелланды (27-4-3, 11 КО) үш рет нокдаунға жіберіп, өзінің мықтылығын тағы бір дәлелдеді. Осы қарқынынан таймаса, тез арада әлем чемпионы болатынына күмәнім жоқ» дейді ол. Отандасымыздың жекпе-жегін ESPN + телеарнасы бірінші рет тікелей эфирде көрсеткенін айта кетейік. Бұл шетелдік жанкүйерлер арасында Жәнібектің тез танылуына тағы бір мүмкіндік екені белгілі.
26 жастағы отандасымыз бір жылдың ішінде АҚШ-та бес жекпе-жек өткізіп, бесеуінде де айқын басымдықпен жеңіске жетті.