Жаһандық экология мәселесінің уақыт өткен сайын өзектілігі артып барады. Бүгінде Жер шарындағы табиғи ресурстарды тиімді пайдаланудан бұрын, қоршаған ортаны қалпында сақтау міндеті маңызды болып тұр. БҰҰ-ның болжамынша, 2025 жылға қарай әлемдегі қатты қалдықтардың көлемі 5 есеге өсіп, оның басым бөлігін автокөліктердің ескі дөңгелектері құрауы ықтимал. Ресми дерекке сенсек, тозған дөңгелектердің дүние жүзіндегі қоры 25 млн тоннаға жуықтайды. Жыл сайын кемінде 7 млн тонна көлік дөңгелегі істен шығады. Батыс елдері жылжымалы автотехниканың резеңке бөлшектерін қайта өңдеу мәселесін жолға қойғалы қашан?! Ал Қазақстанда қауіпті қалдықтарды өңдеу бағытында нендей жұмыстар атқарылды?
Миллиондап алған несие миллиардқа айналды
Бас шаһарда велосипед жолақтарына, балалар ойын алаңдарына, сондай-ақ жүгіруге арналған саябақ сынды адам қарасы бір сәтке де үзілмейтін көпшілік орындарына қарап көз сүйсінеді. Ірі қалаларда мұндай орындардың әлеуметтік маңызы зор. Сол себепті дүние жүзіндегі мегаполистер бұл бағытқа айрықша ден қойған. Алаштың елордасында да осы мәселе ескерусіз қалған жоқ. Әсіресе, адамдардың қауіпсіздігі мен сапа тұрғысында ұпайымыз түгенделіп жатқаны қуантады. Қарапайым ойын алаңын алып қарасақ, бүлдіршіндердің жарақат алу қаупі барынша төмендегенін байқайсыз. Өйткені онда резеңке түйіршіктерінен тұратын арнайы жабынды төселеді. Ал бұл шикізаттың 90%-ы Ержан Жарылқасын басқаратын қайта өңдеу зауытында шығарылады. Ерекшелігі сол, мұнда механикалық ұсақтау тәсілі қолданылады. Бұл – шикізатты өңдеудегі экологиялық таза әдіс.
– Қазір еліміздің астанасынан бөлек, Алматы және басқа да қалаларда қауіпсіз ойын алаңдары орнатылып жатыр. Кезінде бұл бастаманы біздің кәсіпорын көтеріп, балалар алаңдарын құрастыруға қатысты ортақ стандарт енгізуге атсалыстық. Сондай-ақ резеңке үгіндісінен тоқыма түгі шығарылады. Бұл шикізат та көптеген салаларда қолданылып жүр. Мысалы, оның көмегімен құрылыс тақтайшасын әзірлеуді жолға қойдық. Басты артықшылығы, май және басқа да ылғалды өзіне сіңіріп алады. Жасыратыны жоқ, бүгінде кәріз құдықтарының қақпағын ұрлау жиілеп кетті. Осыған байланысты, резеңке шикізаттан қақпақ жасау өндірісін іске қостық. Осы өнімнің барлығы ескі дөңгелек қалдықтарынан дайындалады, – дейді Kazakhstan Rubber Recycling компаниясының құрылтайшысы Ержан Жарылқасын.
Ол 2009 жылы Қазақстан даму банкінен шамамен 900 млн теңге көлемінде несие алып, бас қалада бірегей кәсіпорын ашқан. Аталған қаражатқа автокөлік дөңгелегін өңдейтін заманауи германиялық қондырғыны орнатып, ісін бастайды.
Алайда баламасы жоқ зауыт қазір жабылудың аз-ақ алдында тұр. Бұған АҚШ валютасының құны күрт көтерілгені себеп. Неге десеңіз, кәсіпкер қаржы ұйымынан несиені алғанда доллар бағамы 160 теңгені құраса, қазір бұл сома 380 теңгенің айналасында құбылып тұр. Қазақстанның инвестициялық қоры қарыздың 50%-ын теңгемен, 45%-ын шетел валютасымен қайтаруды міндеттеген. Іскер азамат Президенттің долларсыздандыру жөніндегі Жарлығын негізге алып, берешекті ұлттық ақшамен белгілеуді өтінген еді. Бірақ қаржы институты ұстанымдарын өзгертпей, тиісінше берешек мөлшері геометриялық қарқында ұлғайғанын айтып, мұңын білдірді компания құрылтайшысы.
– Қанша жерден қарызды өтеуге тырыссақ та, бұл мүмкін емес. Ойлап қараңыз, кезінде 1 АҚШ доллары 160 теңге болса, қазір – 380 теңге. 930 млн теңге несие алдық. Қазір бұл сома 2 млрд теңгені құрайды. Айырмашылығы айтарлықтай. Осы дау-дамайға қарамастан, 2009 жылдан бері 20 мың тонна көлемінде қауіпті қалдықты өңдеп шықтық. Оның көпшілігі елорда бойынша жиналған жарамсыз қалдықтар. Бұл арқылы жергілікті әкімдік 740 млн теңгеден астам қаражат үнемдеді, – деді Е. Жарылқасын.
Қарыздың жартысын да өтемеген
Дегенмен, қарсы тарап бұл айтылғандармен келіспейді. «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Айдос Бекбосынов, кәсіпорынды аяғына нық тұрғызу үшін бір емес бірнеше рет қайта қаржыландыру жүргізілгенін жеткізді. Соған қарамастан, борышкер несиені уақтылы өтемеді дейді.
– Kazakhstan Rubber Recycling банк алдында келісімшарт бойынша уағдаласқан міндетін орындамай келеді. Осыған байланысты кәсіпорынға қатысты өндірістік істі бастауға тура келді. Серіктестікке мүлдем қолдау көрсетілмеді дегенмен келісу қиын. Нақтырақ айтсақ, екі мәрте қайта қаржыландыру шарасы орындалды. Біріншісі 2014 жылы жүргізілді. Сол бойынша қарызды 2021 жылға дейін ұзартқан едік. Соның өзінде шамамен 70 млн теңге қарыздың тек 4 млн 400 мың теңгесін ғана төледі. Осыдан кейін ұзақ мерзімді келіссөздер өткізіліп, 2017 жылы тағы да қайта қаржыландыруға жол берілді. Бірақ тиісті 80 млн теңгенің тек 17 млн сомасы қайтарылды. Қарыз қайтару мерзімін 2023 жылға дейін шегерткенімен, бірде-бір төлем жасалған жоқ. Нәтижесінде қарызды сот арқылы өндіріп алдық. Олар істі оңалту бойынша құзырлы органдарға үш рет өтініш білдірді. Десе де сот екі мәрте өтінішті қабылдамай қойды, – деді А.Бекбосынов.
Гәптің бәрі операторда ма?
Мәселенің мәнісіне бойлай келе, осыған қатысы бар тағы бір ойыншы анықталды. Серіктестік басшысының сөзіне сенсек, істің шатқаяқтауына РОП операторы кінәлі. Бұл қатты қалдықтар бойынша төлемдерді қабылдайтын Қазақстандағы бірыңғай оператор. Осы диспетчер дөңгелек резеңкесінің бір килосын 37 теңгеге бағалайды екен. Соның 3,50 теңгесі ғана өңдеуші кәсіпорынға тиесілі.
– РОП кез келген себепке байланысты ақша төлемейді. Соңғы рет тендер өткізді деген желеумен бізді кері қайтарды. Ол жекеменшік компания. Неге тікелей келісімшарт тәртібін құптамайды?! 37 теңгенің ішінде 7 теңгесін олар өздеріне қалдырады. 3,50 теңге бізге қайта өңдеуге берілсе, қалған 26,50 теңгені тасымалдаушы ұйымға төлейді. Бүкіл Қазақстан бойынша пайдаланылатын резеңке шикізаттың 90%-ы біздің кәсіпорынның өнімі, – деп нақтылады Е.Жарылқасын.
Экологтар кәсіпорынды қолдайды
Отандық экологтар осы үлгідегі өндіріс орындарын қыспаққа алғаннан гөрі керісінше дамытудың амалын ойластырып, аталған ресайклингтік компанияға қолдау көрсету керегін айтады.
– «Байтақ болашақ» экологиялық альянсы бұл мекемені толық қолдайды. Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шағын және орта бизнесті қолдау керек деп айтқан еді. Ұлықтау рәсімінде Мемлекет басшысы экологияны қорғау мәселесіне ерекше ден қойған болатын. Қалдық өңдеу мәселесіне ерекше тоқталғаны есімізде. Соған қарамастан, бүгін қайта өңдеуші кәсіпорындар қысым көріп отыр. Бұл қиын жағдай. Адамдарды жұмыспен қамтып, салық төлеп отырған зауыт. Мұндай үлкен кәсіпорынды ұстау оңай шаруа емес. Бір жарым жыл бойы жұмыс істемеген. Бұл инвестициялық қордың кәсіпкерліктің дамуына жасаған нақты залалы, – деді «Байтақ болашақ» экологиялық альянсының төрағасы Азаматхан Әміртаев.
Сөз орайы келгенде айта кетейік, автокөлік дөңгелектері табиғатта өздігінен ыдырауы кемінде 100 жылға созылады екен. Ал оны өртеу қоршаған ортаға тіпті зиянды. Себебі ауа атмосферасына бифенил, антрацен, пирен сынды зиянды заттар тарау қаупі басым. Қазіргі таңда ескі дөңгелек қалдықтарын өңдеп, одан аяқ-киімнен бастап түрлі тұрмыстық заттарға дейін жасалады. Осыны есепке алсақ, өңдеуші орындардың көптігі артық етпейтіні анық. Дегенмен, нарықтағы бәсекелестік пен заң шеңберінен аттауға тағы болмайды.