• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 20 Тамыз, 2019

Өгіз аяң өндімейді

492 рет
көрсетілді

«Жол азабын жүрген біледі», «Жол азабы – көр азабы» деген де нақыл бар. «Жол мұраты – жету» десек, діттеген жерге жетуге ойқы-шойқы, аты бар да заты жоқ автожолдар кедергі келтіріп жүргені ешкімге де жасырын емес. Әсіресе бүгінде Ақтөбе өңірінде аудандық және облыстық деңгейдегі жергілікті маңызы бар ішкі жолдардың жай-күйі мен сапасы еш сын көтермейді. Оның бірқатар мысалын газетіміздің 2019 жылғы 12 шілде күнгі нөмірінде «Жарамсыз жолдардың жыры» деген тақырыппен жарияланған мақаламызда жаздық.

Гәп жарамсыз жолдардың жыры таусылмай отырғанында. Ақтөбе облысындағы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының ұзындығы – 5052 шақырым. Оның ішінде облыстық деңгейде – 1269 шақырым, аудандық деңгейде 3789 шақырым жол бар. Қазіргі деректер соның 47 пайызы жарамсыз екенін көрсетеді. Бұл – 2663 шақырым жол аты бар да, заты жоқ, жүруге мүлдем келмейтін, ойылып қалған шұңқырлар деген сөз.

Ақтөбе облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бас маманы Ерлан Жұбатовтың айтуына қарағанда, 2019 жылы 284,9 шақырым жергілікті маңызы бар жолды жөндеу жоспарланған. Егер бұл іс уақытында атқарылса, облыстағы жарамды жолдар көлемі үш пайызға көтерілмек. Бұл болжанатын қарқынның тым төмендігін көрсетеді. Осындай тасбақа жүрісті есептегенде, 2030 жылдан кейін ғана жергілікті жолдардың тоқсан пайызын жарамдылық деңгейіне жеткізуге болады екен.

Әрине бұл әзірге жоспар ғана. Осы уақыт ара­лығында көздеген меже алына ма, жоқ па? Оған ешкім кепілдік бере алмайды. Егер жөнделсе, жарамды жолдардың көлемі небәрі үш пайызға ғана көтерілмек. Сонда мұндай өгіз аяңмен жергілікті мердігерлер бұл істі қашан тындырмақ?

Айталық, Покровка – Темір – Кенқияқ – Ембі аралығындағы жолдың 111-175 шақырымы тозақтың өзі деуге болады. Мұнда бір шұңқырдан қашамын деп жүріп үш шұңқырға тап болуыңыз әбден кәдік. Қобда мен Мәртөк аудандарының орталығын жалғайтын 82 шақырым жолдың жағдайы да осы деректен асып кетпейді.Сондай-ақ өңірде Ақтөбе – Родниковка – Мәртөк аралығындағы 88 шақырымдық автомобиль жолының жергілікті маңызы жоғары десек, бұл бағытта да жайбасарлық пен жайбарақаттық көріністері алдан шығады. Облыстағы осындай жарамсыз жолдардың тізімін одан әрі жалғастыра беруге болады. Әйтсе де бұдан еш нәрсе өзгере қоймайтыны тағы да аян.

 Қысқасы, бүгінде Ақтөбе аймағындағы жырым-жырымы шыққан жолдарды ретке келтіру үшін жаңаша көзқарас пен соны серпіліс қажет. Өңірде аудандық және облыстық маңызы бар жолдар құры­­лысын салу үшін ішкі инвестициялық қаражаттар тарту ісінің деңгейі де көңіл қана­ғаттандырмайды. Жерг­ілікті өкілетті органдар мәселенің осы тұсына тереңі­рек көңіл аударса дейміз.

 

АҚТӨБЕ