Бүгінде «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында шалғайдағы ауылды елді мекендерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету жобасы іске асырылуда. Телекоммуникация операторлары мемлекет-жекеменшік әріптестігі туралы шартқа былтыр қазан айында қол қойған еді. Шартқа қатысушылар 1250 ауылды елді мекенге талшықты-оптикалық байланыс желілерін салуға міндеттелді. Бұл 3718 әлеуметтік нысанды, бюджеттік ұйымдар мен мемлекеттік органдарды жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жоспарға сәйкес биыл ел бойынша 685 ауылды қамту жоспарланған. Павлодар облысы бойынша бүгінде 9 ауылдық елді мекеннің 36 мекемесі, оның ішінде мектептер, ауруханалар, әкімдіктер сапалы интернетпен қамтамасыз етілген.
«Ауылдардың кең жолақты интернетке қолжетімділігін қамтамасыз ету – ауқымды әрі бірегей жоба. Бұл Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Ауылдарға жүргізіліп жатқан телекоммуникация инфрақұрылымы шалғайда орналасқан елді мекендердегі әлеуметтік сала нысандарын, бюджеттік ұйымдар мен мемлекеттік мекемелерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ цифрлы қызметтер мен сервистерді енгізу деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Білім беру, денсаулық сақтау және басқа да салаларды дамыту есебінен халықтың өмір сүру сапасын арттыруға оң ықпал етеді», деді Шақат ауылындағы орта мектепте жүргізілген жұмыс нәтижелерімен танысу барысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев.
Ведомство басшысы сондай-ақ «Павлодар» арнайы экономикалық аймағына және аймақта орналасқан ірі кәсіпорындарға, атап айтқанда «Павлодар мұнайхимия зауыты» ЖШС, «Гиссенхаус» ЖШС, Екібастұз қаласындағы «Проммашкомплект» ЖШС жұмыстарымен танысты. Бұл кәсіпорындарда цифрлы технологиялар, экономикалық тиімділікке қол жеткізуге және өндірісті оңтайландыруға мүмкіндік беретін технологиялық және бизнес-процестерді автоматтандыру, технологиялық процеске біріктірілген инновациялық шешімдерді қабылдау белсенді түрде қолға алынған. Білім беру саласын цифрландыру деңгейін павлодарлықтар министрге «Жас Дарын» мамандандырылған мектебінің мысалында көрсетті. Сонымен қатар цифрландыруға жауапты ведомство басшысы «Азаматтарға арналған үкімет» КеАҚ мемлекеттік корпорациясы филиалының Халыққа қызмет көрсету орталығы мен көші-қон қызметі орталығының жұмысына ерекше назар аударды. ХҚО-ның жабдықталуын қарап шығып, өңірлік филиалдағы әріптестерімен әңгімелесті. Сондай-ақ ұзын-сонар кезектердің туындауына жол бермеу және ХҚО мамандарының сапалы әрі тез қызмет көрсетуі бойынша қолға алынған шаралардың тиімділігін бағалады.
Павлодар облысы